Center Image
IHSAN.KZ
Әжелер қауымы рухани мәуліт кешінде бас қосты
Әжелер қауымы рухани  мәуліт кешінде бас қосты

  Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінің тұрақты әрі құрметті  жамағаты саналатын ақ жаулықты әжелер қауымы қасиетті мәуліт айының құрметіне орай «О.Есенұлы» атындағы діни сауат ашу қайырымдылық орталығында  рухани мәуліт кешін өткізді.  

Екі дүние сардары, сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с) туылған қасиеттің айдың құрметіне орай құрбандық шалып, берекелі дастархан жайды.

Рухани шара мешіт имамы Сайлау Жұмағұлұлының бастамасымен және мешіт ұстазы Бақытгүл Айтқалиқызының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Мерейлі мерекеге жүзге жуық  нәзікжанды жамағат қатысып, құлшылық ордасынан рухани нәр алып қайтты.

Құран аяттарын оқуымен басталған рухани шарада  мешіт имамы Сайлау Жұмағұлұлы  жиналған жамағатты қасиетті мерекемен құттықтап, Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір тарихынан сыр шертіп, салауат айтудың артықшылығы жайында насихат айтты.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.с) берекеті, қадір-қасиеті, тұлғалық түр сипаты тақырыптарында уағыз айтылды.

Бұдан кейін Бәрзәнжи мәулітін оқып, Республика күніне орай Құран хатым дұғасы жасалды. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем-салауаттар жолданды.  

Мерекелік шара аясында әжелер қауымы «О.Есенұлы» атындағы діни сауат ашу қайырымдылық орталығында сауат ашып жатқан шәкірттерге дастархан жайды.  

 

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz