Center Image
IHSAN.KZ
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ КӨЛІК ДҰҒАСЫН ОҚЫҒАН СОҢ НЕГЕ КҮЛДІ?
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ КӨЛІК ДҰҒАСЫН ОҚЫҒАН СОҢ НЕГЕ КҮЛДІ?

Табиғин хадисшілерінен болған Әли ибн Рабиға былай дейді:

Әзіреті Әлиге (р.а.) бір мініс көлігін алып келген еді. Ол аяғын үзеңгіге сала бере «бисмилләһ» деді. Сосын көлікке мініп, жайғасқан соң «әлхамдулилляһ» деп артынша:

«Бұны бізге бағындырған Аллаһ Тағала күллі кемшілік атаулыдан пәк. Өйткені, біз бұған жақындай алмас едік. Күдіксіз баршамыз Раббымызға қайтарыламыз», – деді («Зұхруф» сүресі, 13-14-аяттар).

Арабшасы:

سُبْحَانَ الَّذِي سَخَّرَ لَنَا هَـٰذَا وَمَا كُنَّا لَهُ مُقْرِنِينَ وَإِنَّا إِلَىٰ رَبِّنَا لَمُنقَلِبُونَ 

Содан кейін үш рет «әлхамдулилляһ» деді де:

«Аллаһ Тағалам! Сен барлық кемшіліктен пәксің! Мен өзіме зұлымдық қылдым, мені кешіріп, жарылқа. Өйткені сенен басқа күнәларды кешіруші ешкім жоқ», – деген дұғаны оқыды да күлді.

Арабшасы:

سُبْحَانَكَ إِنِّى ظَلَمْتُ نَفْسِى فَاغْفِرْلِى إِنَّهُ لَا يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلاَّ أَنْتَ

Жанындағылар:

«Уа, мүминдердің әміршісі! Не үшін күлдің?» – деп күлу себебін сұрады.  

Сол кезде Әзіреті Әли (р.а.):

«Бір кездері мен де Пайғамбарымыздың дәл осылай істеп, күлгеніне куә болған едім. Мен де сендер секілді Пайғамбарымыздан не себепті күлгенін сұрадым. Сонда Алланың Елшісі былай деп жауап берді:

«Сенің Раббың:

«Аллаһым! Күнәларымды кеш! Өйткені, сенен басқа күнәларды кешіруші ешкім жоқ!» – деп дұға еткен құлына разы болады.

Осы дұғадан кейін Аллаһ Тағала:

«Құлым, күнәларды менен басқа ешкім кешірмейтінін білді», – деді (Әбу Дәуід, Тирмизи, Ахмад бин Ханбал, Хаким).

Міне, күнде көлігімізге мінген сайын Аллаһ Тағаланың разылығына бөленетін біз үмбет қандай бақыттымыз!


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz