Қазақ ұлты қашан да Алланы танып, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін өнеге тұтқан һәм салт-дәстүрін Исламның асыл құндылықтарымен қабыстыра, үйлестіре білген мұсылман халық. Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін, – деп жырлап кеткен текті атамыз ардақты елшіге үмбет болғандығын мақтан тұтып, паш еткен-ді. Иә, Алла Елшісінен (с.ғ.с.) алар өнеге мол. Ол жаман сөз айтпайтын. Өзгелермен ерегеспейтін. Сөзі мен ісі сай келетін. Әрқашан ойланып жүретін. Берген уәдесіне берік болатын. Салақтықты жаны қаламайтын. Ешкімнің кемшілігін іздемейтін. Әрдайым байсалдылық танытатын. Дүние істеріне бола ашуланбайтын. Жүрегі өте жұмсақ, сезімтал болатын. Кімге болса да бірінші сәлем беретін. Кешірімділігі соншалықты кек сақтамайтын. Міне, осылай Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көркем мінезін қанша тізбектесек те, таусылмақ емес. Ол сүрген өмірдің әрбір сәті айдай әлемге теңдессіз үлгі-өнеге! Өйткені, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мені Раббым өте көркем түрде тәрбиеледі» дегені бар. Ақпан айының 16-жұлдызында Қарағанды облыстық орталық мешітінің әз пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) дүниеге келген айына орай, жылдағы дәстүр бойынша, Мәуліт салтанатын ұйымдастырды. „Ғаламның рақым нұры„ атты рухани кеш Қарағанды қаласы Кеншілер мәдениет сарайында өтті. Шымылдық түріліп, Қарағанды облыстық орталық мешітінің найб имамы Дархан Кәрсембайдың шақырған азанымен басталған рухани кеш жалғасында Алла Елшісіне (с.ғ.с.) салауаттар айтылып, сәлемдер жолданды. Қарағанды облыстық орталық мешіттің Бас имамы, Қарағанды өңірі бойынша өкіл имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы уағыз айтып, халықты мерейлі мерекемен құттықтады, бата беріп, дұға жасады. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жұмабеков Бейсенбай Қуанышұлы да, арнайы жиналған бауырларды мерекемен құттықтады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан келген қонақ Әзірет Сұлтан мешітінің бірінші найб имамы Қуат Ерғалиұлы саралы сөз саптап, келген жамағатқа хадистермен сабақтастыра отыра Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі жайлы уағызбен бөлісті. «Тәубеге келу деген не?» Бұл – С.Сейфуллин қазақ драма театрының әртістері қойған көріністің тақырыбы. Бақыт – иманда. Ал иман алдымен тәубеге келуден басталады. Көрермендерді осындай ойға жетелеген қойылым көпшіліктің көпке дейін айтып жүретін ғибратты көрінісіне айналды. Әсерлі көріністен ғибрат алған адамдар көздеріне ерік беріп, «Алла иманымнан айырмашы» деп іштей дұға жасасты. Нұрлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Қиямет күнінде маған ең жақын болатындарың – ең көп салауат айтқандарың», десе, тағы бір сөзінде: «Кімде-кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он рахым мен сый береді», деген екен. Әрбір жылғы Мәуліт мейрамында мына дүниені түнектен арылтушы адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айтып, оның өнегелі өмірін ардақтап, оның сүннетінен қуат алып жаңаша түлеу Исламның шоқтығын биіктете түсетіні анық. №1 мешітінің найб имамы Ермахан Оралбай, Теміртау мешітінің найб имамы Олимбек Әлібеков мәуліт оқып Тәттімбет өнер колледжінің шәкірттері салауат айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Дін - насихат» деген. Олай болса, асыл дінімізді насихаттауға тек дін мамандары емес, барша мұсылман баласы да жауапты. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда айтыскер ақындарымыз да дініміз Ислам жайлы шұрайлы өлеңдерімен халықтың жүрегіне жол тауып, әсерлі сөздерімен ізгіліктің насихатшысына айналды. Қарағандылық ақындар – Әділов Тілеген, Айтбай Жұмағұлов, Ақанов Мақсат пен Дидар Қамиевтердің Мәуліт мерекесіне арнайы бірігіп айтқан мадақ жырлары да салтанаттың көркін қыздырды. Ұтымды ұйқастары да пайғамбар өсиетімен үндесіп, өзінше қабысып жатты. Ат сүрінгенше сөз тапқан мұсылман қазақ үшін айтыс өнерінің жөні бөлек. Талантты ақындардың ғибратты өлеңдеріне тәнті болған жұрт алғыстарын жаудырып, ду-ду шапалақ ұрды. Алла елшісі адам баласын азғындық пен надандықтан арылту жолында небір қиыншылықтарға тап болды. Алайда Алладан «үмбетім, үмбетім» деп, олардың білмей жасап жатқан істерінің кешірілуін сұрау арқылы, Алланың бұйрығын сабырлықпен жеткізу барысында небәрі 23 жыл ішінде адамзатты нұрға бөледі. Қараңғылықтан жарыққа шығарды. Үмбетінің ненің харам, ненің халал екенін ажыратып алуына, Жаратушыға деген шүкіршіліктің қандай болатындығын кемел түрде үлгісін көрсетті. Үмбетінің дәрежесін көтерді. Білім нұрына кемелдендірді.Осы ой турасында, білім мен бірлікті тілге тиек етіп теолог, дінтанушы Рүстем Сыздықов көрермен қауымға салиқалы уағыз айтты. Пайғамбарымыз мейірімді жан еді. Жетімдердің басынан сипап, мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқор болуды бұйыратын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сол өнегесін сан ғасыр бойы ұстанып келген қазақ халқы да жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, «Жетім көрсең жебей жүр» деп, асыл дініміз Ислам қағидаларынан ауытқымай, мүгедек, мүмкіндігі шектеулі сәбилерден бастап, қарттар үйіндегі қарияларға дейін қолынан келген көмегін аямай, иман беріктігін танытып келгені баршамызға белгілі. Сахна төріне шыққан танымал «Сәт» тобының орындауындағы «Көнеміз ғой», «Жылама», «Мінәжат» және т.б. әндері көпшілікке көп ой салғаны анық. «Лә иләһә Иллалла» деп ұраным, Қызыл тілді кәлимаға бұрамын. Мұхаммедтей (с.ғ.с.) мінсіз мінез бере гөр, Осы менің Жаратқаннан сұрарым»,- деп жыр моншақтарын тізбелеген мешіт бүлдіршіндері, кіші болған жасына қарамай, біршама үлкенге үлгі болды. Келген қонақтардың көпшілігі ақ жаулықты аналарымыз екен. Дидар Қамиевтің орындауындағы, қызылордалық айтыскер ақынның «Ана туралы» жырын тыңдап, көздеріне жас алып, жүректері елжіреген аналардың жанарын көру ғаламның жеті кереметінен де асып түсті. Бас мүфти, Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жол алған дін мен дәстүр сабақтастығы өткізілген рухани кештен де көрініс тапты. Мәуліт мерекесінің ерекшелігі де осында болар.Қоңыр дауысты күмбірлеген домбыраның үнімен бұл кеш қазақи нақышта өтті. Тәттімбет өнер колледжінің шәкірттері бір адамдай, Құрманғазының «Балбырауын» күйін шерткенде, көңіл шіркін, бір серпіп қалды. Пайғамбарымыздың соңғысы Мұхаммедке (с.ғ.с.), ол кісінің отбасына, сахабаларына және қияметке дейінгі ол кісіге ерушілерге Алла Тағаланың есендігі мен тыныштығы болсын! Ұлан байтақ еліміз аман болып, баршамыз келесі мәулітте амандықпен жүздесейік!
[gallery link="file" columns="4"]Тотия Енсебаева Қарағанды облыстық орталық мешіттің баспасөз қызметі
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы