Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні еліміздің барлық аймағында бір ай бойы ерекше қарқында атап өтіліп, жалғасын тауып келеді. Шын мәнінде, араб тілінен аударғанда Мәуліт – «туған күн» деген мағынаны білдіреді екен. Әрине, бұл күнді жоғары деңгейде мерекелеу мұсылмандар арасында жоғалмас дәстүрге айналды. Осы аптаның дүйсенбісінде Кеншілер мәдениет сарайында пайғамабарымыздың рухына тағзым етіліп, құрмет көрсетілді.
Ине шаншыр орын болмады деген осы екен. Мәдениет сарайының залы Пайғамбарамыздың рухына бас иіп, оның өнегелі өмірін үлгі тұтатын мұсылман қауымға лық толды, тіпті орын тимей қалғандары қаншама десеңізші. Мәуліт мерекесіне орайластырып ұйымдастырылған салтанатты кеште Алланы ұлықтап, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) салауаттар айтылды. Шараға колледж студенттері, мектеп оқушылары, қала, аудан мешіттерінің имамдары, қызметкерлері, қала тұрғындары жиналды. Пайғамбарымыздың өз үміттеріне қалдырған адамилық, ізгілік өсиеттерін тыңдағандардың, рухани азық алғандардың қатарында бұғанағы қатпаған жасөспірім балалардың да өте көптігі бізді қуандырды. Өйткені, бүгінгі ұрпақ – ел келешегі емес пе, осындай көпшілік қауымның арасында дұрыс тәрбие, ұлағатты, рухани сабақ алған баладан ғана жақсылық күтетініміз ақиқат. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) құрметіне арналған рухани кештің шымылдығын ашқан Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің наиб имамы Рашид Жұмағұлов өз мәнерінде құран оқыды. Одан кейін қала әкімі Александр Аглиулин, қалалық мәслихаттың хатшысы Әмина Сатова салтанатты кешке жиналған мұсылмандар қауымына мәуліт айының ерекшелігін айтып, Пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен мағлұмат беріп, баршаны мерекемен құттықтады. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Кімде кім менің есімімді еститін болса, маған салауат айтсын, сәлем жолдасын. Кім маған бір салауат айтатын болса, Алла Тағала оған он салауат айтады, он күнәсін кешіреді, оның дәрежесін көтереді» деген екен. Пайғамбарамыздың ғибратқа мол хадистерінен түсінік беріп, оның ғасырлар бойы ескірмей келетін өнегелі өмірін айқындағандардың бірі – Мысыр еліндегі «Әлиасқар» университетінде дәріс алған, Қарағанды облыстық мешітінің ұстазы Нұрбол Тағаев жиналған қауымды, өскелең ұрпақты өзінің жылы лебізімен, тәлім мен тәрбие толы әңгімелерімен, әсіресе Пайғамбарымыз жайлы айтқан әсерлі насихаттарымен баурап алды.Сонан соң Қарағанды қаласы №1 орталық мешітінің наиб имамы Әділбек Оралбай Пайғамбарымыздың рухына арнап мәуліт дұғасын оқыды. Мәуліт мерекесінің соңы концерттік бағдарламаға жалғасты. Мерекеге арнайы келген Нұра ауданының өнерпазы, жезтаңдай әнші Амангелді Шаһарбаев Жәкен Омаровтың «Зікіролла» әнін орындап, салтанатты кештің көркін әрлендірсе, бүлдіршін қыздардан құралған «Айналайын» тобы да өз әндерімен көпшіліктің көңілінен шықты. Қаламызға тұңғыш рет келіп отырған «Сәт» тобы да өздерінің есепті концертімен баршаны жылатып, жүректерді езді. Салтанатты кештен кейін келген қонақтар, қала ақсақалдары қаламыздағы орталық мешіттің асханасында бас қосып, әзірленген тағамнан дәм татты. Жиналған қауым Пайғамбарамыздың ғибратты ғұмыранан насихаттар айтуда жалғастырып, оның рухына бағыштап құран оқыды. Осы сәтте қалалық «Нұр» мешітінің наиб имамы, «Нұр Астана» медресесінің түлегі Рашид Жұмағұловтың Нұра ауданына қарасты Шербаков ауылына бас имам болып тағайындалуына орай оған қаламыздың бас имамы Қоныскерей Құмарұлы құрмет көрсетіп, қазақтың дәстүріне сай үстіне шапан жапты. Рашидтың қаламызға наиб имам болып келгеніне 8 ай ғана болыпты. Оның біліктілігін, іскерлігін, иман жолындағы халыққа көрсетіп жатқан қызметін жоғары бағалаған облыстық мешіт басшылығы бас имам етіп тағайындауды жөн көріпті.Сонымен қаламызда өткен мәуліт мерекесі барша мұсылмандар қауымының жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.
[gallery link="file" columns="1"]Аманкелді Тұржанов
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы