Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауын асыға күтетіндердің қатарынанмын. Өйткені, әр жылғы бас құжат халыққа серпін мен сенім әкелетінін білемін. Осы Жолдау жолдарынан да айрықша басымдықтар мен қамқорлықты ұқтым. Әсіресе, Елбасының ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалы жақсаруына қатысты айтқандары қатты толқытты әрі қуантты да.
Ағымдағы жылы жалақы деңгейінде өсім болмақ. Мемлекет басшысы екі қолға бір жұмыс таба алмай жүргендерге де назар аударуды ұсынды. Мүгедектер, жәрдемақыға өмір сүріп келе жатқан және өзге де жандарға жұмыс беру қажеттігіне тоқталды. Ал олардың саны елімізде 600 мыңға жетіп отырған көрінеді.
Бұл өте орынды бастама деп санаймын, иманды, ибалы елдің ісі деп білемін. Осы іс қолға алынып, орындалғанда ғана қорғансыз қалған жандарға лайықты жағдай жасай аламыз. Ислам діні де қамқорсыз, қамкөңіл жандарға жақсылық жасауға үндейді ғой. Жоғарыдағы бастама арқылы біз нағыз мұсылмандықтың, жылы жүректіліктің, ізгіліктің нышанын байқатамыз.
Біраз жылдардан бері жалақы деңгейі өспей келгені рас. Тиісінше, инфляцияның қарқын алғанын көрдік. Ендігі жерде жалақыны өсіру инфляцияның орнын жауып қана қоймай, азаматтардың еркін тыныс алуына мүмкіндік береді.
Кез келген елдің әлеуетін халқына қарап біледі. Ал Қазақстанда, Аллаға мың тәуба, өсу мен өркендеу лайықты жалғасын тауып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда халықтың әлеуметтік ахуалының жақсара түскенін байқау қиын емес. Бұл – жақсылықтың, ілгерілеудің нышаны.
Жолдау жолдарының бағыты мен бағдарынан айнымасақ, келешегіміздің де жарқын болатынына сенімім зор. Өйткені, алдағы жылдардағы жолымыз, дамыған елдердің қатарына ену сызбасы бас құжатта тайға таңба басқандай көрсетілген.
Біз осы ұстаным мен бастамадан айнымай, тиісті тапсырмалар мен мүдделі міндеттердің үдесінен шыға білсек, болғаны. Мәңгілік елдің мұратына жететін күн де жақындай береді, жақындай береді... Тек Тәңір бізге медет берсiн.
Ершат Оңғаров, исламтанушы ғалым, теология ғылымдарының докторы, e-islam.kz
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы