Пайғамбарымыздың рухын шат етті. Елімізде жыл сайын пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – мәуліт мерекесін жиындарда, бас қосуларда атап өту дәстүрге айналып келеді. Жол бастаушымыз, ұлы ұстазымыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі, ғибратты ғұмыры, тәлім - тәрбиеге толы өсиеті жұртшылыққа бүгін де аз уағыздалып жатқан жоқ. Осы аптаның сейсенбісінде қаламыздағы «Нұр» мешітінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) рухына тағзым етіліп, құран оқылды.
Қаламыздың тұрғындарын имандылыққа шақырып, Аллаға мадақ, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып, Ислам дінінің асыл қасиеттерін көпшілікке насихаттаумен келетін мешітіміздің бас имамы Қоныскерей Құмарұлы қаламыздың ақсақалдарын, ақжаулықты аналарымыздың басын қосып, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – мәуліт мерекесіне орай дастархан жайып, құрмет көрсетті. Бас имам жиылған жұртқа мәуліт мерекесінің мән - маңызын түсіндіріп, адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен уағыздар айтып, оның айтқан өсиеттерін насихаттады.
Қасиетті Құранда пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят). Ақиқатында да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеттері әрбір адамды жақсылыққа бастап, жамандықтан аулақ болуға үндейді.
Барлық мұсылманға пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) тереңірек тану, оның қалдырған ғибратты өсиеттерін тыңдау нәсіп етті. Тәуелсіздігімізді алғалы дініміз қайта жаңғырып, барша мұсылман қауымның сәждеге маңдайы тиіп, Аллаға құлшылық ету мүмкіндігі туды. Міне, осындай жетістіктерге қол жеткізгенмізге қарттарымыз шүкіршілік етті.
«Батаменен ер көгерер...» демекші, дастархан басында қаламыздың ақсақалдары Назым Гумиров, Бектұрғанқажы Тоқмағанбетов ақ батасын берсе, Рашит Жұмағұлов, мешіттің найб имамы Нұрғали Байкешев пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) рухына арнап құран оқыды. Жұртшылықты мәуліт айымен қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Сандуғаш Нұрмағанова құттықтап, барлық мұсылмандардың отбасында құт – береке, рақым – имандылық, бауырмалдық, адамгершілік арта берсін деген жылы лебізін білдірді.
Тағы бір айта кетер жайт, тақауда мешітке қалалық мәслихаттың депутаты, НОММ зауытының директоры Мақсат Мұратбекованың демеушілік жасағанын мешітіміздің бас имамы ырзашылықпен тілге алды. Мақсат Сәкенқызының қамқорлық істеріне барша отырған қарттар дән риза болды. Содан соң қаламыздың құрметті азаматы Тельман Қайырсқақ қала әкімі Александр Аглиулиннің қарияларды қолдап – қуаттап келетіндігін, ерекше қамқорлығының, көңіл бөлуінің арқасында қаламыздың мешіті әсте өркендеп, айтарлықтай жетістіктер болып жатқандығын айтып өтті.
Қаламыздың бас имамы дастархан басына жиналғандардың әрқайсысына «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ата – баба жолымен сый – сияпат жасады. Қариялар бас имам Қ.Құмарұлының адамгершілік және сауапты істеріне шексіз ырза болып, алғыстарын айтты.
Аманкелді Тұржанов
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы