Center Image
IHSAN.KZ
Құстар мешіт қамқорлығында

Бесінші әділ Халиф ретінде мойындалған Омар ибн Абдул-Азиз былай деген екен: — «Мұсылман елінде құстар ашығуда деп айтсын демесеңдер, тау басына барып жем шашыңдар!».

Омар ибн Абдул-Азиздің өсиетін жандандыруға жаны құмартқан Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұжымы қақаған аязда талғажау етерлік тамақ таппай дірдек қаққан құстар үшін қаладағы саябақтарға барып жем шашты, Осынау игілікке мұрындық болған Қарағанды облыстық орталық мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы: «Бұл игілікті істі жыл сайынғы дәстүрге айналдыру – ниетіміз», — деді. Ол «бұл тек мешіт ұжымының ғана емес, жалпы халықтың да әдетіне айналса игі еді» деп есептейді.

Жалпы, Алланың жаратылыстарына мейірімділік таныту – Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті, асыл дініміздің өсиеті. Шөл қысып, өлім аузында жатқан күшікке мейірімін төгіп, аяқ киімімен құдықтан су әперіп тірілтіп алған жезөкше де Алла тарапынан сиға бөленбеуші ме еді? Жан-жануарды аштықпен азаптап қойған адамды ақыретте не күтіп тұрғанын да Ибн Омардан (р.а) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у) былай деп баяндайды: «Бір әйел мысықты қамап қойып аштан өлтіргені үшін азапқа лайық болып, тозаққа кірді. Өйткені, ол байқұс мысыққа тамақта, су да бермей, тіпті, жердегі жәндіктерді де теріп жеуіне мұрсат берместен қамап қойған еді». Ендеше төрт-бес ай жерді қар жауып, қара жерден жәндік жеуге мұрсаты болмаған құсқа жем шашып, азықтандырмауымыз да бара-бара жоғарыдағыдай жағдайға әкеп соқтырмай ма?.

Қуанышқа орай, мұндай игі шара кейбір мұсылман елдерінде әлі күнге дейін атқарылып келеді. Мәселен, Түркия мемлекеті қыс созылып кеткен жағдайда, не қар көшіп, тау етегін қар жауып қалғанда, тауға барып сондағы тіршілік иелеріне қап-қабымен жем төгеді екен. Олар да бұл дәстүрді Омар ибн Абдул-Азиздің өсиетінен алса керек.

[gallery link="file" columns="5"]

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz