Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла жаратқан құлдарының мінәжәтына жауап ретінде екі дүниенің сәруары, адамзаттың құтқарушысы, Ұлы Рахманның сүйікті құлы, Абдулланың ұлы Мұхаммедті (с.ғ.с.) әлемдерге рахым етіп жіберді. Оның (с.ғ.с.) дүние есігін ашуымен жер бетіндегі қараңғылық бұлты сейіліп, шуақты күн арайын шашты. Күллі жаратылыс өз тілінде: «Қош келдің, уа, Мұхаммед!» - деп ілтипат көрсетті. Міне, осыдан бері мұсылмандар әрбір жаңа рабиғул-әууал айы туылған сайын сүйікті Елшісіне салауат пен сәлемдер жолдап, ардақты Расулға деген жүректеріндегі сағыныштарын Раббысына жеткізу үрдіске айналды. Бүгінде елімізде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мәулітін (туылған күнін) атап өту дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді. Мәулітті атап өтудегі мақсат – асыл дінімізді елге насихаттау, «үмбетім, үмбетім!»-деп, ақырғы демі шыққанша шырылдап кеткен әз Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) халыққа жақынырақ таныту, тұла бойы тұнып тұрған көркем өнеге Иесін (с.ғ.с.) өскелең ұрпаққа үлгі ету, Ол (с.ғ.с.) алып келген шапағатты шариғатты қалың жұртшылыққа жеткізу. Осы ұлы істі мақсат еткен №1-мешіттің бас имамы Орманбет қажы Болатұлы биылғы жылғы іс-шараларын мешітте мәуліт оқумен бастады. Қасиетті жұма намазына жиналған жамағатқа мәуліт айының мәні мен Алла елшісіне деген құрмет етудің маңыздылығын айтып, салауаттар мен сәлемдер жолдаудың сауабын жеткізді. Артынша осы мешіттің наиб имамы Ермахан Оралбай мәнерлеп мәуліт оқып, жамағатты бір тебірентті. Әрбір айтулы күндерді қалт жібермей қаперінде ұстайтын бас имамның ұйытқы болуымен «Мәуліт айы мубарак болсын» деген ізгі құттықтау жазылған арнайы қорапшаға құрметті жемістердің бірі жеті түйір құрмадан салынып, мәуліт айының негізін түсіндіретін бүктемелерді қосып мешітке келген жамағаттар мен жалпы кісілерге таратылды. Дәліздерге дәм татсын деген ниетпен дастархан мәзірі жасалды. Жұма намазы аяқталған соң қариялар жағы Жаратқанға жалбарынып Аллаға шынайы құл, Пайғамбарға лайықты үммет болуды тілеп, ел жұртымызда береке бірлік болсын деп бата жасады.
[gallery link="file"]Мешітте мәуліт оқылып, сүйікті жеміс құрма таратылды
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы