Өткен аптада «Россиянка» славян халықтарының этномәдени-қоғамдық бірлестігінде бірлестік жетекшісі Ю. Яковлеваның ұйымдастыруымен кездесу өтті. Жастарымыздың діни сауатын ашу, дінаралық татулықты, мәдени және ұлттық құндылықтарымызды сақтау және дәстүрлі емес діни қозғалыстардың ұлттық құндылықтарымызға тигізетін кері әсерін ашып көрсету мақсатында өткен кездесуге Саран қалалық мешітінің бас имамы М. Саликов, орыс православтық шіркеуінің діндары В.Казанин, «Жас отау» этномәдени-қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Н.Кернебаева және студенттер қатысты.
Дін өкілдері әлемдегі өркен жайған барлық жаһандық дін атаулы адамды ешқашан озбырлық пен зорлық-зомбылыққа, қиянат пен қастандыққа, мемлекетіне, қоғамына қарсы шығуға тәрбиелемейтіндігін, керісінше, адамгершілікке, өзара түсіністік пен сыйластыққа, өзге ұлттар мен ұлыстардың сенім-нанымдарына, салт-дәстүріне барынша оң қабақ танытуға шақыратындығы жайында әңгімеледі.
Сонымен қатар, қазіргі таңда жастарымыздың өзге діннің жетегіне кетіп жатқандары да аз емес. Оған жұмыссыздық, нашақорлық, қылмыс жасау сияқты елімізде белең алған келеңсіздіктер де арқау болып отыр. Осы мәселелерге қарсы тұру үшін жастарымыздың жан-жақты сауатын ашып, дәстүрлі діндерге деген қызығушылығын арттыру турасы сөз болды.
Кездесуде аталмыш мәселелер кеңінен ашылып, дін өкілдері қатысушылардың сұрақтарына толық мағлұматтар берді.
Нұрбану БАЙМУХАМБЕТОВА
(«Саран газеті» 15 қараша 2013 жыл)
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы