Center Image
IHSAN.KZ
Білімдінің күні - жарық!
Білімдінің күні - жарық!

Білгеннің жүрген жері бәрі жарықОсы аптада Саран мешіті жамағаты арасында халық көкейінде жүрген күрделі мәселе, атап айтқанда «қазақи салт-дәстүр» мен діни қағидаларының қаншалықты үйлесімді екені турасында ауқымды рухани сабақ өткізілді. Оған мұрындық болған мешіт алқасы бас имам Мұқаметқали қажының облыстан әкелген Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының «Дін мен Дәстүр» кітабын жамағатқа таныстырды. Айтарымыз, бұл көптен күткен оқулық. Себебі арамызда жат пиғылды ағымдар ғасырлар бойы ұстанған ұлтымыздың салт - дәстүрлерін жоққа шығарып, дінді бұрмалап халықтың көкейіне күдік туғызып, іріткі салуда. «Ауруын жасырған өледі» демекші қоғамымыздағы бұл дерт жастарымыздың санасын улауда. Кітап мазмұнынан мешіт жамағаты көкейтесті сұрақтарына мазмұнды жауап тауып бас мүфти хазіретке ризашылығын білдіреді. Кітап ішінде «дін мен дәстүр» турасында түсінікті жолдар келтіріле отырып, имани дәстүр, имани қарым - катынас, тілдің тазалығы – қазақи дәстүрімізде айғағын табатыны келтірілген.

Ай – қараңғы, күн бұлт: түн демеңіз,

Біреу жарлы, біреу бай күндемеңіз,

Ата тілін алмаған арам ұлды,

Аузы түкті кәпірден кем демеңіз.

Ай – қараңғы, күн-бұлт: түн демеңіз,

Біреу - жарлы, біреу – бай: күндемеңіз,

Ата тілін сыйлаған халал ұлды,

Хұтпа ұстаған молдадан кем демеңіз, - деп ұлы бабамыз Мәшһүр Жүсіп айтқандай – дін мен дәстүрді саралап елге сапалы рухани жол көрсететін бұл кітап бүгінгі оқырманға ауадай кажет. «Бармақ бірікпесе жерден ине көтере алмайсың» деген қазағым. Бұл кітапта Алла жолы адами қасиет - бірлік, адалдық, еңбекқорлық, қарапайым тазалық шариғи жолмен ұсынылған.

Ұлы Мәшһүр Жүсіп бабамыз:

Білгеннің жүрген жері бәрі жарық,

Жоламас кем кетіктік оған айып.

Бұларды айту бізден ұстау сізден,

Ыңғайлы үлгі аларлық тұрар лайық - деп жас та болса, бас болып келген бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұл бастама кітабы келешекте жалғасын тапса деген үміт пен сенімдеміз. Егеменді еліміздің іргесі аман, келешегі баянды болсын! Жаратқан жалғыз Алла баршамызға жәрдемші болсын!

Саран мешіті алқа мүшесі: Қабдол Есепхан


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz