Center Image
IHSAN.KZ
Патриоттық тәрбие
Патриоттық тәрбие
Жастарға толеранттық насихатталды

Патриоттық тәрбие19 қараша күні қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Шахтинск технологиялық колледжінің жастары арасында толеранттық тәрбиені күшейтуге бағытталған сынып сағаты өткізілді. Игілікті шараға қаламыздың құрметті азаматтары, «Нұр» мешітінің бас имамы қатысты.

Естеріңізде болса, Елбасымыздың Астана қаласында жастармен өткізген дәрісінде кең ауқымды мәселелер талқыланып, олардың тұла бойына зияткерлік серпін мен ізгілікті ұмтылыс сезімдері құйылған болатын. Ең маңыздысы олардың өмірінде патриотизм, толеранттық, еңбексүйгіштік, білімге деген ұмтылыс, заң алдындағы теңдік, салауатты өмір салты сияқты қасиеттердің қалыптасуы кезек күттірмейтін міндеттердің бірі екенін айқын көрсетіп, «білім-ғылым-инновация» деп аталатын үш бағыт бойынша жұмыстар атқарылуы керектігін түсіндіріп берген- ді.

Жастардың білім мен тәрбие алу бірлігінде міне, осындай тәрбиелерді одан әрі және ұдайы түрде өркендету шаралары еліміздің барлық өңірінде жиі атқарылып келеді. Жуырда ғана өткен технологиялық колледжіндегі толеранттылық тәрбие бойынша сынып сағатында жастар өзгелерді құрметтеу, реті келгенде қол ұшын беру, бірін – бірі түсінісу, біреуді кемсітпеу, менсінбеу, тағы басқа жаман қасиеттерден аулақ болып, адамгершілікке, жақсы әдеттерге дағдылану тәрізді өз пікірлерін ортаға салды.

Интерактивті тақта арқылы толеранттықтың тәрбиенің пайдасын айқындап берді. Толеранттық - бұл төзімділік, көнбістік деген мағынаны білдіреді екен. Басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, әлсіздерді қолдау, жұмсақтық көрсете білу қасиеті. Толеранттылық — адам құқығы мен бостандығы, плюрализммен қатар негізі демократиялық принциптердің бірі болып есептеледі. Толеранттылық — қоғамның жалпы және саяси мәдениет деңгейінің көрсеткіші.

Жастар толеранттықты өзара талқылап, оның ережелерін түсіндіріп берді. Толеранттықтың негізгі бағыттарын айқындап, өз ойларын еркін жеткізе білді. Осы орайда олар бір – бірін ренжітпеудің, тату өмір сүрудің, ұлтына, дініне, тіліне қарамастан Қазақстанда жасаушы әрбір ұлт өкіліне құрметпен қарауға, әсіресе үлгілі болуға үндейтін қадір – қасиеттерді шегелеп түсіндірді.

Шара басында колледж жастары «Я, ты, он, она – вместе дружная семья» атты әнін шырқап, білім ошағында барлық студенттер тату – тәтті, достық сезімде сапалы білім алып жатқандығын өнермен дәлелдеген еді. Біз өткізілген аталмыш шарада жастардың тек өнеріне ғана емес, біліміне, ой – пікірлеріне тәнті болдық. Толеранттық туралы өз түсінігін қаламыздың құрметті азаматы А.Криворучко жалғыстырып, жастарға патриоттық тәрбие туралы кең ақпарат берді. Ол кісі Қазақстан – ұлтаралық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бермеген жалғыз ел екендігін мақтанышпен тілге алды. Бүгінде кең байтақ қазақ жерінде 130 – ға жуық ұлт өкілдері тату – тәтті өмір кешіп келетіндігін, елімізде өзге ұлт өкілдеріне жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Одан кейін қаламыздың бас имамы Қ.Құмар жастарды имандылыққа шақырып, түрлі мысалдар арқылы толеранттық тәрбиенің маңызын ашып көрсетті. Бас имам өз сөзінде еліміздегі қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәрежеге көтерілгенін байқатты. Діндердің татулығы мен ұлттардың бірлігі мықты сақталғандығын, осының барлығы кемеңгер Елбасымыздың салиқалы саясатының, еңбегінің арқасында жүзеге асырылып жатқанын жастардың санасына терең сіңдірді. Шара соңында жастар өз әсерлерін қағазға түсіріп, бір – біріне тарту етті.

А.Тұржанов


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz