Center Image
IHSAN.KZ
Ұлт өкілін қалыптастыру бағытында шаралар жалғасуда
Ұлт өкілін қалыптастыру бағытында шаралар жалғасуда

ҰЛТ ӨКІЛІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ БАҒЫТЫНДА ШАРАЛАР ЖАЛҒАСУДАОктябрь аудандық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Марат Сейфуллаұлы Аймағанбетовтың бастамасымен «Имандылыққа күмәнділікпен қарайтын, діни қағидаттарды бұрмалап жүргендермен күресу, оларды дұрыс жолға бұру, елдегі еңбек еткісі келмейтін, теріс жолмен табыс тапқысы келетін, оның ақыры экстремизмге апаратын әрекеттерден сақтандыру шараларын ұйымдастыру» тақырыбында №7 Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың ұжымымен және оқушылармен ашық әңгіме өткізілді. Кездесуді жүргізіп отырған мектеп директоры Қайырбек Напталұлы: - Октябрь аудандық Ардагерлер ұйымында әркездері көтеріліп, айтылып жүрген толғақты мәселелер мектеп әкімшілігімен келісілген. Ардагерлер Кеңесінің мүшелері мектебімізде бірнеше рет болып, біздің тәрбие жұмыс жүйемізбен, интернатта жататын оқушылардың тұрмыс жағдайымен танысқан. Бүгінгі таңда ардагерлерді алаңдадатын не нәрсе деп ойлайсыз? Былай қарағанда бәрі де жақсы, ел тыныш деп ойлаймыз. Сараптай келсең, біз ойлағандай емес. Фариза Оңғарсынованың: «Көке мен тәтенің ой-пікіріне құлақ асатын ұрпақтың да қазақы болмысын батыстың бейбастақ тірлігі жайлап бара жатыр ма деп қауыптенесің»,-деген пікірі тектен-тек емес сияқты. Әлемдік жаһандану кезеңінде отырғанымызды ұмытуға болмайды екен. Қарап отырсаң біздің ой-санамыз, болмысымыз, түр-сипатымыз, әдет-ғұрпымыз өз Отанымыздың ішінде көкпар тартысына немесе аламан бәйге жарысына ұқсап бара жатқанын байқайсың. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші күндердің күнінде келеңсіз сипат алуы ғажап емес қой. «Ауырып емделгенше, аурудың алдын ал» немесе «ауруын елемеген өледі». Данышпан халқым мақалмен-ақ іс-әрекетіңді ойлан деп тұрған жоқ па? Өмір тәжірибесінен өткен, көпті көрген, үлгі-өнеге алатын қазыналы қарттардың да сарқылып бара жатқанын көріп отырмыз. Ал жастар, оқушы жеткіншектер ата-әже, әке-шеше тәрбиесінен алыстап бара жатқандай. Сондықтан Ардагерлер ұйымының осы бастамасын қолдаймыз. Осы кездесуге Ардагерлер Кеңесінің шақыруымен «Бала қажы» мешітінің бас имамы Нұрұлы Махмуд қажы, облыстық Жастар бастамашылығы Орталығының жетекшісі Жүнісов Саттыбай, осы Орталықтың бас маманы Мергенбаев Еркебұлан қатысып отыр. Кеңестің төрағасы М.С.Аймағанбетов: -әлемдегі қақтығыстардың саяси тұрақтылықтың жоқтығынан болып отырғандығын, ал біздің елімізде ұлтаралық келісім мен дінаралық түсіністіктің арқасында тұрақтылықтың бірқалыпты дамып келе жатқандығын айта келіп, осы кездесудің маңыздылығын тағы бір толықтырып өтті. Ардагерлер Кеңесі мүшелерінің және қатысушылардың ой-пікірлерінің желісі төмендегідей болды. «Бала қажы мешітінің» бас имамы Махмуд қажы:-Дін дегеніміз ол ғылым. Біздің дініміз–ислам діні. Қазақстандағы барлық мешіттер діни сауатты мамандармен қамтамасыз етілген, және барлық мешіттер заңды түрде тіркелген. Сондықтан біздің діни сауаттылықты арттыру мақсатында жүргізіп жатқан жұмыстарымыз түгелдей мешіт қабырғасында ұйымдастырылады. Оқу орындары басшыларының шақыруымен мектеп, колледждерде діни сауаттылық сабақтарын жүргізуге болады. Ал, кейбір жерлерде пәтерлерде діни сабақтарын жүргізіп жүр деген ақпараттар аламыз. Бұларға сенуге болмайды. Біздің жұмысымыздың оларға ешқандай қатысы жоқ. Тағы бір айтарым, мектеп бітірушілерден шетелге, Египет, Аравия, Сирия сияқты мемлекеттерге тегін оқытамыз дегенге сеніп кетіп қалғандар бар сияқты. Осылардың барлығы да елге келіп теріс үгіт-насихат жүргізе бастайды. Қалыптасқан салт-дәстүрімізді бұзғысы келеді. Бұндай теріс ағымдағы ұйымдардан сақ болыңыздар. Барлық сұрақтарыңызға жауапты, кеңестерді мешіттен келіп алыңыздар. Ардагерлер Кеңесінің мүшесі Қарсыбеков Жұмабек: - жасым сексеннің ортасынан асып барады. «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында тұрамын. Біздің маңайда бұдан біраз бұрын көп қарттар бар еді. Бос уақыттарында кешке қарай аулада жиналып карта ойнайтын. Солардың жастармен сөйлесіп жүргенін, ақыл айтып жатқанын көрмейсің. Жастар болса ойына келгенін істейді, әрбір подъезге кіріп темекі тартып, арақ ішіп тұрады, музыка қойып кешке қарай басты қатырады. Бейбастақ сөздер айтып жатады. Біздің жиналысымызға қатысып отырған Жастар бастамашылығы Орталығының қызметкерлеріне осы мәселені қолға алса деймін. Әрбір қарттарға жастардан қажетті көмектер көрсетуге қамқоршы бекітіп қойса. Бір аумақта тұратын қарттармен бірігіп, тәлімдік-тәрбиелік жұмыстар жүргізіліп жатса, көңілді ойын-сауық шаралары өткізіліп жатса, ауламыз таза, күл-қоқысқа, темекінің қалдықтарына, ішімдіктердің шыныларына толмас еді. Ал, өзім Кеңестің мүшесі ретінде өзіміздің мекен-жайдағы ардагерлермен кездесіп, жағдайдларын білу үшін үйлеріне де барып тұрамын. Өтініш-сұраныстарына қолдан келгенше көмек көрсету үшін Кеңестің талқысына ұсынамын. Көп сұраныстар қанағаттандырылады. Ал, мешітпен біздің жұмысымыз ұқсас. Сондықтан біз де қазақ балаларына салт-дәстүрімізді насихаттай жүруіміз тиіс. Дін де осыны қолдайды. Үлкендерді құрметтеу, адамгершілік қасиеттерді бойға сіңіру, ғасырдан-ғасырға үзілмей келе жатқан салтымыз арқылы үлгілі отбасын құру, осылайша ұлт өкілін қалыптастыруды үнемі жалғастыра беруіміз керек. Қатысып отырған шәкірттерге біздің салтымызды, дінімізді сақтайды, нығайтады деп сенемін. Сонда ғана біздің Тәуелсіздігіміз берік, баянды болары сөзсіз. Аудандық Ардагерлер Кеңесінің мүшелері «Бала қажы» мешітінің қайырымдылық қорына өз үлестерін қосты. Ол да мешіттің материалдық базасын нығайтуға септігін тигізер деп ойлаймын. Ардагерлер Кеңесінің мүшесі О.Суханберлин:- бұл мектеп ертеден келе жатқан қасиетті білім ордасы. Н.Әбдіров оқыған мектеп. Қазір мұнда дарынды балалар оқиды. «Мен қазақпын» дейтін ұлттың ұрпақтары оқып жатыр. Мектептің іші, сырты, интернаттың жатын бөлмелері адам танымастай жаңарған. Сабаққа дайындалуға, оқуға өз үйіңнен артық жағдай жасалынған. Бес мезгіл тамақтанады. Ұлттың нағыз ұлттық кадрлары осындай мектептен бастау алады. Мұнда ислам дініне, ата салт-дәстүріне адал ұрпақ жайқалып өсіп келеді. Бірнеше жыл осы мектепте ұстаз болғанымды мақтаныш етемін. Көп жерлерде мектеп туралы әңгіме бола қалса, Жамбыл мектебінің оқушылары тәрбиелі, кездессең сәлем беріп жатады дейді. Міне мектептің мәртебесі. Жастар бастамашылығы Орталығының бас маманы Еркебұлан Мергенбаев Экстремизмнің оның ішінді діни экстремизмнің қауып қатерлігі туралы егжей-тегжей баяндады. Оқушылар атынан мектеп оқушылары Парламентінің өкілі оқушылардың осы тақырыпқа байланысты істеліп жатқан жұмыстарын баяндады және әрі сіздермен байланыса отырып осы шараларды жалғастыра береміз деген сенімін білдірді. Кеңестің төрағасы М.С.Аймағанбетов кездесуді қорытындылай келе, кездесуді жоғары дәрежеде ұйымдастырғаны үшін мектеп директоры Қайырбек Напталұлына үлкен ризашылығын білідіріп, тәрбиелік мәні бар жұмыстардың бұдан былай да жалғаса беретіндігіне сенім білдірді. Ұлттық мінез-құлқымызды қалыптастыру, яғни ұлт өкілін қалыптастыру баршамыздың борышымыз.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz