Center Image
IHSAN.KZ
«Мухаррам айы – мубарак болсын»

Дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің қайырымдылық мақсаттағы іс-шараларды мейлінше дамыту тұрғысында міндеттеген тапсырмасын басшылыққа ала отырып, №1-мешіттің асханасында «Мухаррам айы – мубарак болсын» тақырыбында рухани-мәдени шара атқарылды. Шараның мақсаты – мұсылмандық хижри жыл санауы бойынша 1435-ші жылдың басталуына орай қамкөңіл жеткіншектер мен көпбалалы отбасылардың көңіліне қуаныш ұялатып, мерекелік дастарханнан дәм татқызу болатын. Бас имам Орманбет қажы Болатұлы балаларға Отансүйгіштік, бауырмалдық, адамгершілік, ата-ананы құрметтеу, білімді болудың артықшылығы мен тәлім-тәрбие турасында насихат жасап, дін мен дәстүр сабақтастығын бала тілінде түсіндірді. Мухаррам айының қасиеті мен мұсылмандық күнтізбенің ерекшелігін атап өтті. Ұлық сапар қажылықтан оралған ақжаулықты ана Роза қажы қасиетті мекеннен алып келген зәм-зәм суынан балаларға ауыз тигізіп, аналық ақ батасын берді. Ақ ниетпен ашылған дастархан басындағы бағдарлама әрі қарай мерекелік шарамен жалғасты. Балаларға қызықты ойындар көрсетіліп, тәрбиелі мәндегі викториналық сұрақтар қойылды. Ойынға қатысушыларға арнайы даярланған ойыншықтар мен сыйлықтар тарту етілді. Бала тәрбиесі мен үлкенге құрмет ету турасында халық арасында кеңінен орындалып жүрген термелерден термелетіп Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Шыңғыс жырдан шашу шашты. Мешіт жанындағы діни сауат ашып жүрген шәкірттерден құралған «Рамазан» қыздар ұйымы рухани кештің көрігін қыздырып, түрлі ойындар ұйымдастырды.Осы топтың дайындаған адамның ойлау қабілеті мен рухани сергектігіне бейімдейтін сыйлықтар балаларға ерекше әсер қалдырды. Хижри жыл басын тәлім-тәрбиелік мәні зор, хош көңілмен қарсы алған балаларға тәттілермен толтырылған қалташалар таратылды. Айта кету керек, адамзат баласына бауырмалдықты негіздейтін асыл дініміздің аясында өткізілген шараға өзге ұлт өкілдерінің балалары да қатыстырылды. Хадисте айтылғандай «Адамдардың ең жақсысы- өзгелерге пайдасы тигені» деген қағидаға сай атқарылған рухани мәдени іс-шара жергілікті облыстық және қалалық телеарналардан көрсетілді. Шара барысында бас имам мухаррам айының қасиеті мен ашура күніне қатысты сұхбат беріп, мұсылман жұртшылығына игі тілегін жолдады.

[gallery link="file" columns="4"]

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz