Center Image
IHSAN.KZ
Қарағанды облыстық мешіті қарттарға құрмет көрсетті

Қарияларымыз халқымыздың өткені мен бүгіні, тұнып жатқан тарихымыз. «Қарттары бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз осыдан қалған. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата- бабадан келе жатқан салтымыз. «Олардың екеуі немесе біреуі кәрілікке жетсе, оларға «түһ» демеңдер, оларға жақсы қараңдар» деген Құран Кәрім аятына амал етіп, қаламыздағы қарттар үйіне бас сұққан имамдар термешілерді ертіп барып, қазақы жырдан шашу шашты. Наиб имам Жақия Мерей қарттарды төл мерекесімен құттықтап, өкіл имам Өмірзақ қажының сәлемін жеткізіп, азық-түлік салынған қалталарды сыйға тарту етті. Айта кету керек, қарияларымыздың өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңестері, тәлім-тағлымдары ұрпақ үшін орны бөлек. Қай заманда болмасын қоғамда қарияларға деген құрмет, ізет-ілтипат ерекше болған, олардың даналықтары мен өмірден түйген мол тәжірибесіне ден қойып отырған. Жалпы айтқанда, қарттардың отырған жері бір береке! Сол кісілердің арқасында осындай тыныш заманда өмір сүріп отырғанымызды кейінгі ұрпақ ұмытпауымыз керек. «Өткен менен кеткенді көп жасаған қарт білер» демекші, кешегі Ұлы Отан соғыс жылдарында, сонау ел басына қиын- қыстау күн туып, «ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» аласапыран уақыттарда халықтың бейбіт заманда өмір сүруі үшін бастарын бәйгеге тігіп, өлім мен өмірдің ортасынан елін, жерін, тілін, дінін, салт- дәстүрін болашақ ұрпағына аман-есен жеткізді, біз, яғни жас ұрпақ сол үшін де қарыздармыз. Бүгінгі жас, ертеңгі - қария. Мұны әр бір қазақ азаматтары жадында сақтап, көңілге түйіп, атасыз үйлері - батасыз, анасыз үйлері - панасыз қалатынын ескергені дұрыс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Аллаһ разылығы - ата-ана разылығында, Аллаһтың ашуы – ата-ананың ашуында жатыр», - деген. Сондықтан қарияларымыздың қадіріне жетіп, оларды құрметтеу баршамыздың борышымыз.

[gallery link="file" columns="4"] Қарағанды облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz