Center Image
IHSAN.KZ
Қарағанды облысында жаңа мешіт бой көтерді

Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен шүкірлер болсын. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылы, Қарақұдық мекенінің төрінен Құдайға құлшылық ететін орын пайдалануға берілді. Аптаның жұма күні, яғни қыркүйектің 13-жұлдызында жаңа имандылық ордасының ашылуына, ҚМДБ-ның Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының аманаты мен сәлемін арнайы жеткізе келіп, алғашқы болып сөз сөйледі. Мешіт салу — аса сауапты іс екендігі жайлы уағыз айтып, мешіттің салынуына септігін тигізген азаматтарға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан арнайы алғысын айтып, жаңа мешіттің Ресми тіркелген құжаттарын табыстады.

«Тәуелсіз елдің болашағы баянды болып, халықтың әлеуметі берекелі тірлікке ұлассын!»- деп, Алланың ризашылығы жолында бата – тілектерін тоғыстырған жамағатқа жаңа мешіттің имамы болып, қызмет атқаруға келген Айболат Нұрмұхановты таныстырды. Дәстүрлі дініміздің Әбу Ханифа мәзһабын мұсылман халқымыздың жүрегіне жеткізіп, хақ жолымен бастайтынына сенім артқан Ө.Бекқожа жамағаттың алдында сауапты қадам, баянды болашақ тіледі. Халық игілігі үшін қызмет көрсетуді мақсат еткен Алланың үйінде 150 -ге жуық жамағаттың бір сәтте сәждеге бас қойып, ғибадат етуіне толық мүмкіндік бар. Мешітте намаз оқитын залдың орналасуы ыңғайланып жасалған. Сондай – ақ, имам бөлмесі, кітапхана тағы басқа қажеттіліктерді қамту талапқа сай заманауи үлгімен көрініс тапқан. Мешіттің сәулетімен танысуға келген қонақтар көп болды. Мұхтар Шаханов, Жүрсін Ерман сынды ел ағалары, Махмуд қажы Нуров, Мұхаммедқали қажы Салықов, Аманбол қажы Мукаев т.б. қала, аудан мешіттердің имамдары, ауданның маслихат хатшысы Жүнісбек Айтжан, Ауған соғысының ардагерлері, дінімізді дәріптеп, тың жаңалықпен бөлісіп жүрген „Асыл арна„ телеарнасы да жиылған жамағаттың арасынан табылды. «Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с): «Кімде-кім Алланың дидарын қалап, мешіт тұрғызған болса, Алла тағала жәннатта оған сондай үй тұрғызады», - деген хадисін орындап, халық қаржысын дұрыс ұйымдастырған және осы мешіттің бой көтерілуіне қажетті қаржының жартысын дерлік толтырған, осы ауылдың тұрғындары аттас Айтбай ағаларға келген жамағаттың алғысы шексіз болды. Аудан маслихат хатшысы аудан әкімінің атынан теледидар табыстады. Шара соңында дастархан жайылып, барша жұртқа құдайы тамақ беріліп, дастархан басында уағыз айтылып, бата жасалды. Жалпақ жұрттың алғысына бөлен-ген осындай сансыз сауапты іс атқарып, ізгілік нұрын шашқан мешіт салған азаматтарға Алла разы болсын! – деп тарасты көпшілік.

[gallery link="file" columns="4"]

Тотия Енсебаева Қарағанды өңірі бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz