Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен шүкірліктер болсын! Әлемнің 2 миллиардтан астам мұсылмандары тойлаған ораза айт мерекесін Қарағанды облысы Шет ауданы, Жұмыскер ауылының, Нұра ауданы, Жарасбай ауылының, Шет ауданы, Киікті ауылының тұрғындары жаңа мешіттерде қарсы алды. Қай ел болса да рухани құндылықсыз өмір сүре алмайды. Ал ұлттың иманын ұйытып, рухани байытатын жері – мешіт. Егемендік алған кезден бастап еліміз қайтадан имандылыққа бойлады. Содан бері қарай республикамыздың түкпір-түкпірінде мешіттер салынып, олардың саны күннен-күнге артып, көбейіп келеді. Мұндай үрдістен қарағандылықтар да қалыс қалған емес. Қазір облысымыздың көптеген елді мекендерінің орталықтарында Алланың үйі-мешіттер бар. Ал осы ораза айт мерекесі қарсаңында бір емес үш мешіттің ашылу рәсімі өтті. Соның бірі Шет ауданына қарасты Жұмыскер ауылында. Мешітті өз қаражатына жеке кәсіпкер Мұрат Қайыпханұлы Жадаев салып, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына тапсырды. Ашылу салтанатын ҚМДБ-ның бас муфтиі Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің сәлемі мен құттықтауын жеткізе келген ҚМДБ-ның Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров құттықтау сөздерімен ашты. Мешіт салудың сауабын жеткізе отырып уағыз айтты. Қазір қалтасы қалың азаматтар жастарымыз имандылыққа бет бұрсын деген ниетпен осындай мешіттер салу үшін қаржысын аямайды.Солардың бірі АҚШ-та білім алып жүрген, Қарағанды облысы,Нұра ауданы,Жарасбай ауылында туып-өскен Дінмұхаммед Бақыткелдіұлы. Кіндік қаны тамған, туған өлкесіне жаңа мешіт тұрғызып, ауыл тұрғындарына сыйлау- екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Халықтың ризашылығы шексіз. Осы айт күндері есігін айқара ашқан үшінші жаңа мешіт Шет ауданы, Киікті ауылында. Бұл мешітті Жасұлан Сатыбалдыұлы деген азамат өз қаражатына салды. Жаңа мешіт жергілікті тұрғындардың игілігіне жұмыс істейді, имандылыққа бет бұрған ағайынға қызмет етеді деп сенемін. Күмбездері күнмен шағылысып, ауылдың көркіне көрік қосып, сән-салтанатын арттыратын іргелі құрылыстың аяқталуын асыға күткен тұрғындар дастархандарын жайып, қуанышты мерекені тойлау үстінде. Ләйім Аллаһ тағала халқымыздың тыныштығы мен татулығынан, бірлігі мен берекелі тірлігінен айырмасын деп тілейік. Халқымыздың саны көбейіп, әл-ауқаты жақсарып, мұсылмандар мешіттерге сыймай қалып жатсын дегіміз келеді.Осындай иманды да дәулетті азаматтар дініне ,халқына жанашырлық танытып,мешіт салып жатса бұған қалай ғана қуанбауға болады?! Бәрекелді!
[gallery link="file"]Енсебаева Тотия, Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы