Center Image
IHSAN.KZ
Қадір түнін қарсы алу - ерекше қасиетті

Қадір түнінің нақты уақыты анық белгілі емес. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірі екендігіне әсіресе, тақ түндерін іздеу керектігін нұсқайды. Ғалымдардың көзқарастары бойынша, бұл түн Рамазан айының тақ түндерінің біріне, әсіресе, 27-ші түніне сәйкес келеді. (Қараңыз: Бұхари, Қадір, 3; Мүслим, Сиям, 216) Сол себепті барлық мешіттер осы түні Қадір түнін қарсы алады. Бұл үрдістен Қарағанды облыстық орталық мешіті де шек қалмады. Қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, Қадір түнін ерекше ыждаһаттылықпен қарсы алды. Отыз күн ораза ұстаған әлемдегі барша мұсылмандарға Қадір түнін қарсы алу ерекше қасиетті. Еліміздің әрбір өңіріндегі мешіттерде ақшам уақытынан таң намазына дейін имандылық жайлы уағыздар айтылып, намаз оқылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Бекқожа Өмірзақ Қазкенұлы Қадір түнінің ғибадаттарын облыстық орталық мешітінде жамағатпен бірге атқарды. Қарағандылықтар мен қала қонақтары Бас имамның аузынан уағыз естіп, Ислам діні туралы әңгімелерді ерекше ықыласпен тыңдады. Рамазан айының күндiзі де, түнi де қасиеттi болып есептеледi. Әсiресе, соңғы он күні ерекше бағаланады. Өйткені, соңғы онкүндікте адам баласының бiржылдық тағдыры белгiленетiн ерекше түн – Қадір түнi бар. Осы түнде Алла Тағала Қасиеттi Құран Кәрімдi түсірген. Қадір түнi Алла Тағаланың разылығы үшiн жасалған әрбір халал іс құлшылық болып есептеледі. Облыстық орталық мешітінің наиб-имамдары Дархан Кәрсембай, Бекболат Қосмағанбетов және Серік Құрманов Қасиетті түнді Алла Тағалаға құлшылық жасау, намаз, Құран оқу, шариғат үйрену, үйрету, уағыз айту және тыңдау, тәсбі тарту, діни кітаптар оқу, діни фильмдер көру, мешітке келгенде дүние сөзін сөйлемеу амалдарын орындау арқылы зиярат етіп өткізу керек дегенді ерекше айта кетті. Кiм Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса әрi Қадір түнiн шын иман және сауап үмiтiмен өткiзсе оның бұрын iстелген күнәлары кешiрiледi делінеді. Қадір түнінде Жәбрейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Алланың елшісі (с.ғ.с): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде, періштелер ұсақ тастардан да көп болады», – деген екен. Міне, осындай ұлағатты уағыздар айтылған түннен кейін «Нұр Астана» мешітінде таңертеңгісін жиналған жамағатқа сәресі берілді. Қарағанды облыстық орталық мешітке келушілердің қатары мол болды. Тарауық намазы оқылғаннан кейін жиналған жамағатқа «Қадір түнінің қасиеті» туралы уағыздар айтылды. Сондықтан да осы түнді Алланың пенделерге шексіз рақым жаудырған түні деп есептейді. Ораза ұстаушылар ауыздарын ашқаннан кейін тозақтың қақпасы құлыпталады. Қадір түнінде Жаратқанға құлшылық жасаған пендеге 84 жыл намаз оқыған мұсылман адамның сауабымен пара-пар сауап жазылады екен. Алла Тағала осы түні тілеген тілектерді қабыл етіп, жасаған күнәларымызды кешіреді. Мешіттің найб имамы Дархан Кәрсембай Қадір түнінің жұмаға сәйкес келуін ерекше жақсылыққа жорып отырғандығымен бөлісті. Қалталы азаматтардың қолдауымен мешіт ораза айында күн сайын ауызашар беріп келген. Бұл жолы мешітте адамның көп жиналуына байланысты екі мәрте ауыз ашса, таңертеңгі сәресі де екі рет берілгендігін айта кетсек дейміз.

[gallery link="file"]

Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі Енсебаева Тотия


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz