Құран кәрім - Алла тағаланың сөзі. Кімде-кім Құранды жаттаса, оның Жаратушымыз алдындағы дәрежесі өзгелерден ерекше болмақ. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жұмақта Құранды түгел немесе бір бөлігін жатқа білген, (әрі оны әрдайым оқып, үкімдерімен амал еткен) адамға: Құран оқып, шарықтай түс. Дүниеде оны қалай нақышына келтіре мәнерлеп оқысаң, бұл жерде де дәл солай мәнерлеп оқы. Расында, сенің пейіштегі дәрежең, өзің жатқа оқитын соңғы аяттың тұсында болады деп айтылады»,-деген»-делінген (Әбу Дәуіт, уитр 20: Тирмизи фадайлул-Құран 18).
Басқа бір хадисте Құран аяттарының саны қанша болса, жұмақтағы дәрежелердің де соншалықты екендігі және Құранды жатқа білген (әрі оны әрдайым оқып, үкімдерімен амал еткен) адамдардың дәрежесінің өзге жұмақтықтарға қарағанда жоғары болатындығы айтылған. Осы хадис те соны меңзейді.
Құранды қиямет күніне дейін қорғаушы қызметін орындаушылар - қарилар. Яғни, олар Құранды толық жатқа біліп, оған амал етушілер. 14 ғасыр бойына Құран кәрімнің бір әрпі де өзгермей келе жатуы, алдымен Алланың қалауы болса, сосын қарилар қауымының арқасы. Жалпы, қарилардың дініміздегі орны туралы айтар болсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім Құран жаттаса, қиямет күні ол 10 адамды тозақ отынан құтқарып, шапағат ете алады», - дейді. Сондай-ақ, Ибн Аббас (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (а.с.) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл (а.с.) періште Рамазан айының мүбәрәк әр түнінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) Жәбірейіл (а.с.) періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді», - деп айтты (Бұхари, сауаи 7: Мүслим, фадайл 48).
Міне, осы хадистегідей, биылғы қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінен бастап 1-ші тамыз аралығында Қарағанды облыстық орталық мешітінде ұстаздық етіп жүрген ерлер мен әйелдер тобын екіге бөліп, Құран Хатым түсірілді. Бұл жыл сайынғы дәстүрге айналған игі іс-шара. Қарағандылықтар да жыл сайын Рамазан айы басталар шақта мешіттерге жиналып, Құран хатымның түсірілуін асыға күтеді. Осы жылы да он екі айдың төресінде жүзеге асырылатын қасиетті амалға келуші жамағатта шек болмады. Күн сайын облыс, қала мешіттерінде ине шаншыр орын болмай, Құранның сауабын алуға асыққандар көп болды. Бұл қарағандылық мұсылмандардың жылдан жылға көбейіп келе жатқандығының тағы бір көрінісі.
Біз Құранды неғұрлым көп оқысақ, соғұрлым Алланың берекесі мен мейіріміне, кешіріміне қол жеткіземіз. Құрандағы әрбір әріп үшін алатын сауаптың да саны көп. Ибн Масғұдттан (р.а.) жеткен хадисте: «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): «Құранның бір әріпін оқығанға он сауапқа тең келер бір жақсылық жазылады. Әлиф, ләм, мим-ді бір әріп деп айтпаймын. Әлиф-бір әріп, ләм-бір әріп, сондай-ақ мим де - өз алдына бір әріп»-деп айтты, - деген (Тирмизи, фадайлул-Құран 16).
Алла Тағала осы игі іс-шараның алдағы уақытта да жалғасуын нәсіп етіп, елімізге, халқымызға иманды да берекелі өмір нәсіп етсін!
Құран Кәрім түсірілді
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы