Жүрегі жүдеу, жанары жасты жетімнің, Ерте есейтіп, балалығын кетірдің. Қайғысы аздай туғаныннан, қосып бердің тағы мұң Тым құрыса, айықтыршы, емін берші дертінің...
Шілде айының 31-жұлдызында ҚМДБ-ның Қарағанды облыстық орталық мешітінің бас имамы Бекқожа Өмірзақ қажы Қазкенұлы мен мешіт қызметкерлері қалалық мүгедектер балаларға арналған жетімдер үйіне барып, бүлдіршіндердің көңілін толтыру мақсатымен, Қасиетті Рамазан айының сауабынан үміт қылып, балаларға базарлыққа ет өнімдерін, көлемді мөлшерде ұн, күріш, қант т.б. азық-түлік өнімдерін, тәтті тағамдар, жеміс-жидектер, жаңа ойыншықтарды сыйға тартты. Бұл істелінген жақсылықтардың тек бүгінгісі ғана. «Бақыт деген сенің бала күндерің»- деп жырлаған екен Мұқағали ақын. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағымыз еді ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жәутеңдеген жетімдер сол бақытты сезініп жүргені шамалы. Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтынын айтудың қажеті де жоқ. Менің айтпағым миллиондап ақша аударып, не болмаса алтын жауһар әперу емес, қамқор аға-апаларының барын сездіру, мейірімділік таныту. Фаризаның «Жетімдер монологы» естеріңізде ме? Алла елшісі (с.ғ.с) бір хадис шәріпінде былай деп айтқан: «Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиген әр шашы сайын жақсылық болады». Сондықтан болса керек Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларынан: «Бүгін неше жетімнің басынан сипадың» - деп сұрап отыратын. «Егер кімде-кім жетім ұл немесе жетім қызға жаны ашып, қамқорлық жасаса, онымен жәннатта осылай қатар боламыз деп сұқ саусағы мен ортан саусағын бірге көрсеткені де бар. Кім жұмақта Алла елшісімен бірге болғысы келсе, жетімдерге жақсылық жасасын. Құс екеш құстың өзі балапанын қызғыштай қорғап, жыланның арбауына түссе де, шырылдап пана болатыны белгілі. Тіпті үй құсы тауықтың өзі жайда қорқақ болса да, өзегін жарып шыққан балапанын қорғау үшін батылдық көрсетеді. Олай болса екі дүниенің бақытына бөлеу үшін ақыл парасатпен жаратқан біздер, адамдар өз келешегіміз, ұрпағымызды арашалау аманат. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзге немқұрайлы қарамай, ел келешегін ойлап, жетімдерімізге пана бола білейік ағайын. Аллаһ тағала баршамыздың тақуалығымызды арттырып әуелі Аллаһқа және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігімізді арттырып, пайғамбарлардан үлгі алып, жетімге қарайласумен біз Алла тағаланың ризалығына бөленіп, сауапқа кенеліп, халықтың батасын алып, жүрегімізді мейірімділікке бағыттап, жақсылыққа жетеріміз хақ! Алла тағала жетімдерге қол ұшын беретін асыл азаматтардың санын арттырғай! Аллаһ тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін!
[gallery link="file"]Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі Енсебаева Тотия
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы