Ораза - ұстаған кісіні қайратты, қанағатшыл, салмақты және сабырлы болу сияқты көркем мінезге жетелейді, аштықпен қолдағы игіліктердің қадірін еске түсіреді де, жоқшылдардың ахуалдары туралы ойландырып, оларға деген мейірім және ілтипат көзқарасымен жүректерімізді сезімтал күйге жеткізеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы да, сарабдал саясатының арқасында еліміз Қазақстан көптеген жетістіктерге жетті. Өздеріңіз көріп куә болып жүрген, қазіргі таңда имандылыққа бет бұрушы жастардың да саны күн санап артып келеді. Бұл жолда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің игі істері жақсы бастау алып, серпіліске енгенін айтуымыз керек. Күні кеше қасиетті Рамазан айының қарсаңында жалпы халыққа жолдаған үңдеуінде, қасиетті Рамазан айының құрметіне ысырапшылдыққа жол берілмесе, азық-түлік бағалары төмендетілсе, халыққа қызмет етудің барлық түрлеріне жеңілдік жасалса, мұқтаж жандарға көмектесумен, жетім мен жесірге, қарттар мен мүгедектерге мейірім танытып, өзара түсіністікпен өткізуге шақырады. Бірлігіміздің, ынтымағымыздың нышаны ретінде мұсылман қауымды бір шаңырақ астында жинап, ақ жаулықты аналар мен аталардың, жалпы иісі мұсылман бауырларымыздың батасын алу үшін, шілде айының 26-жұлдызы күні Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Түйтеұлы Әбдішев облыстық орталық мешіттің асханасында ауызашар дастарханын жайды. Дастархан басына ауыз бекіткен облыс жамағаты, ардақты аналарымыз, қала мен ауылдық аймақтың қадірменді қариялары, қажылар, әлеуметтік мұқтаж жандар жиылды. Ауызашарда мешіт имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы діни уағыз айтып, облыс бойынша имандылық ошақтарына қамқорлық көрсетіп жүрген, облыс басшысына жамағат атынан разылығын жеткізіп, Жаратушыдан шарапат тіледі. Рамазан-рухани жаңару айы. Аллаһтың адам баласына берген шексіз нығметі, теңдессіз сыйы саналған ораза – тікенді жерге табан тигізбей, сақтанып жүретініміз секілді, күнәға бетпе-бет келуден сақтайтын, жан-дүниемізді, мінез-құлқымызды жақсылыққа тәрбиелейтін, рухани түлеп шығатын құлшылық. Ауыз бекітудің адам өмірін ізгілікке бастайтынын білген пенденің, одан бас тартуы мүмкін емес. Сол сияқты ауыз бекіткен адамға ауыз ашар берудің сауабы қаншалықты екенін, әсте естен шығармай, игі амалдарымызды көбейтейік. Жиын соңында мешіттің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы қасиетті Құран Кәрімнен сүре оқып, сауабын дүниеден өткен барша мұсылман қауымына және бүгінгі дастархан иелерінің отбасынан үміт еткен әруақтарына бағыштады. Қасиетті Рамазан айында барша мұсылман қауымының тұтқан оразасы, бес уақыт намаздарыңызбен, жан амандығына берілетін пітір садақаларыңызды, Алла тағала қабыл еткен болсын.
[gallery link="file"]Қарағанды облыстық орталық мешіттің баспасөз қызметі Тотия Енсебаева
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы