Рамазан – мұсылмандардың өзара мейірімді, кешірімшіл әрі кеңшіл болатын айы. Егер біреу сенің көңіліңді қалдырып, балағаттаса, оған өзіңнің ораза ұстап жүргеніңді сөзбен білдіріп, ұрыс-керіске жол бермеген абзал. Өйткені бабаларымыздың Аллаһ Елшісінің хадистерімен тура үйлескен даналық сөзінде: «Таспен ұрғанды, аспен ұр»-делінген. Расында да Аллаһ жақсылық жасаушыларды жақсы көреді. Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан екен: «Егер кешірімшіл болсаң, Аллаһ мәртебеңді өсіреді». Сол үшін осы айда бір мұсылман екінші бір мұсылманмен жақсылық, қайырымдылық жасауда жарысқа түссе, жарасымды істерден саналады. Мысал келтірер болсақ, ауыздары берік кісілерге ифтар уақытында дастархан жайып, ауыз аштыру, дәулеті бар кісілер мұқтаж жандарға зекет садақасын беру, қолдан келгенше қайырымдылық іс-шаралар жасау, т.б. осы сияқты Аллаһқа ұнамды істерді атқарумен мұсылмандардың өзара игі ниетте бола тұрып, сауапты тек бір Жаратушыдан үміттене отырып жарысулары, шариғатымызда құпталған әрі хош көрілген істерден болып табылады. Сонымен қатар Рамазан айында пітір (жан) садақасын беру де асқан қайырымдылық пен жомарттықтың белгісі. Ежелден кемеңгер халқымыз Рамазан айында оразасын ұстап, елдің тыныштығын, ынтымағын, ырыс-берекесін тілеп, кедей мен жетімге, қаріп пен ауруға шалдыққандарға көмек көрсеткен. Бұл айда барша жұрт жат қылықтардан аулақ болып, айналасына мейірім мен шуағын төгіп, ауызашар дастарханын көпшілікпен бөлісуге асығады. Жаны жомарт жандардың бірлескен іс-қимылының нәтижесінде күнде кешкісін Қарағанды облыстық орталық мешітінің асханасында жүздеген кісіге арналған ауызашар дастарханы даярланған. Хадисте айтылғандай тарауық намазын иманмен, ықыласпен оқып жүрген жамағаттарға кешкі құлшылықтан соң қаланың төрт бағытына қатынайтын арнайы автокөлік бекітілді. Сауабы ерекше еселенетін айда осы ілкімді істерді өркениетті жолмен өрістетіп отырған өкіл имам Өмірзақ қажыға ардақты аталар мен аналар, жалпы жамағаттар дән риза. Негізі әрбір ізгі іс тек Алланың разылығы үшін атқарылса, оның шын мәнінде қабыл болғанын қалың халықтың қабағынан байқауға болады. Ендеше, бұдан өзге екі дүниеде берекетке бастайтын әрбір күні толассыз нығметке толы Рамазан айындағы әрбір мұсылманның ізгі істерін Жаратқан иеміз сауаптардан нәсіп етсін демекпіз.
[gallery link="file"]ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша баспасөз қызметі
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы