Center Image
IHSAN.KZ
Бас мүфти Үндеуіне оң пікір

Біз сүннет (Пайғамбар жолын ұстанған) жолын мұсылмандармыз және осы жолдан айнымауға тиіспіз.

ҚР-ның президенті Н.Ә. Назарбаев.

Қазіргі таңда ең өзекті мәселе – дін, ал діннің өзегі – адам. Біздің кіршіксіз таза, мақтаусыз, адал дініміз, мұсылман қауымға белгілі – Ислам діні.

Қазақстан Республикасы әлі жас, бірақ кең өрісті дамып, әлемдік белестерде көрініп, көтеріліп келе жатқан мақтанарлықтай мемлекет. Ал, мемлекеттің одан әрі дамып, өсіп-өнуіне, биіктен көрінуіне үлес қосатын кейінгі ұрпақ – жастар. Бәрімізге мәлім, мемлекеттің, адамзаттың, жалпы барша әлемнің негізі де, тірегі де – дін. Оның ішінде, ислам діні – адамгершілікке, имандылыққа, сыйластыққа, кеңпейілділікке баулитын бірден-бір үлкен сабақ деуге де болады. Міне, жастарымыз осы үлкен сабақты шын көңілмен көкейіне тоқыса, өте үлкен жеңіс, мақтауға тұрарлықтай іс әрі сауап болар еді. Бірақ бүгінгі таңда жаңалықтарды көзіңізді ашып, құлақпен естісеңіз жаныңыз түршігеді. Адам баласының өзіне-өзі қол жұмсауы, нашақорлыққа, араққа деген құмарлығы, шылым шегуі, террорлық әрекеттері, әр түрлі пікірдегі діни ағымдар осыған дәлел. Осындай харам іс-әрекеттер қарапайым күнделікті өмірде елеулі орын алып жатқан: өсек, ғайбат айту, көреалмаушылық, көзбояушылық, сатқындық секілді мұсылман адам бойына тән емес ерсі қылықтардан бастау алады. Осындай көңілге сенімсіз, ақылға қонымсыз әрәкеттерден аулақ болу үшін, қайнар көзі таза бұлақтан су ішкендей, келешек ұрпақты рухани байлыққа толтыра тәрбиелеуіміз қажет.

Ұлымыз айбатты, қызымыз қайратты, мінездері ашық, көңілдері ояу, харам мен халалды ажырата біліп, Аллаһ разылығы үшін пәк болып, ораза ұстап, намазға жығылып жатса, қандай керемет дүние! Әсіресе, осындай киелі де, қасиетті Рамазан айы барысында.

Рамазан – Құран Кәрім асыл аяттары түсе бастаған мұсылман жұртшылығының айы. Бұл ай адам баласын үлкен шыдамдылыққа тәрбиелейтін уақыт. Бұл тек қана күні бойы тектен-тек аш қарынға жүру ғана емес, Аллаһ разылығы үшін ниет қылып, нәпсіңді тежеу болып табылады. Көкейдегі харам ниеттерден арылса, көңіл ағарады, пейілің тазарады. Ең бастысы жетім-жесірге, мүгедек, зағип адамдарға қол ұшын беру үлкен сауап іс. Осы теңдесіз айда осындай игі істер өтемі ретінде Аллаһтың ризашылығына бөленіп, сауап жазылады. Менің пікірімше, әр азамат Аллаһ ризалығы мен борышын өтеу үшін ораза ұстаса, ізгі ниетпен сауапты іс жасап жатса, еліміз одан әрі өркендеп, талай-талай белестерді артта қалдырып, іргелі, салиқалы, дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарына қосылады деген сенімдемін.

Сол себепті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы үндеу пікірін сөзсіз толық қолдаймын. Киелі Рамазан айын адал ниетпен, көкейдегі пейілмен, нұрмен, тазалықпен өтейік! Рамазан айы қабыл болсын!

Балқаш қаласының ардагері Дүйсенбеков Алданыш қажы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz