Center Image
IHSAN.KZ
Рухани байлығымызға берік болайық

Қоғамға және жеке адамға қатысты материалдық игіліктер мен рухани құндылықтарды білдіретін ұғым — ол байлық. Байлық рухани және материалдық болып ажыратылады. Рухани байлық ұғымы әлемде немесе белгілі бір елде жасалған рухани қазыналардың жиынтығын, сол қазыналарды игеруді мұрат тұтқан жеке адам басындағы сезім, ақыл, парасат, өнер, білім қабілеттерін қамтиды. Ал, материалдық байлық ұғымы адамзат қауымына, жеке мемлекетке не адамға тиесілі материалдық игіліктерді білдіреді. Сондықтан адамдар қарым-қатынасындағы билік, әділдік ұғымдарын қарастырып, адамзат қоғамында үйлесімділікке жету жолдарын іздеген ойшылдар байлық ұғымын айналып өте алмаған. Кез келген қоғамда адамдардың рухани және материалдық байлыққа қол жеткізуіне жағдай туғызылғанда ғана сол қоғамның дамуы орнықты болады. Мұндай қоғамдағы мүмкіндікті ақылмен пайдаланып, қажымай күш-жігер жұмсағандар бай болады. Бұл пікірді Абайша білдірсек, “Байлықты, кедейшілікті жаратқан — құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес”. Дәстүрлі қазақ қоғамында материалдық байлықтан рухани игілікті жоғары қоятын халұымыз “Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы” деген моральдық ұстаным қалыптастастырған. Осы орайда, ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы «Рухани қауіпсіздік» тақырыбын алға тартқан, зиялы қауым мен дәстүрлі дін өкілдерімен бірге ҚарМУ-де өткен алқалы жиынға қатысып, хадисте айтылған «Ақиқат байлық мал мүліктің көп болуында емес, ақиқат байлық кеңпейілділік» деген қағида турасында баяндама жасады. Екі тілде сөйлеген өкіл имам өз сөзінде: — «ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған еліміз әлемнің дамыған елдерінің қатарына бет алды. Сондықтан, еліміздің туын биікке көтерер білімді, білікті, адамгершілігі жоғары, рухани қуатты ұрпақ тәрбиелеу біздің алдымыздағы ең басты міндет. Қазіргі мектептердің міндеттерінің бірі – кез келген жасөспірімге білімді меңгерту ғана емес, оның рухани-адамгершілік қасиеттерін танып, ішкі жан-дүниесіне әсер ету арқылы жас ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жол көрсету үшін дінтану пәндері енгізілді. Ал рухани-адамгершілікке тәрбиелеу дегеніміз – оқушы өміріндегі орнын, жауапкершілігін түсініп, айнала қоршаған адамдар мен кез келген затқа, жан-жануарларға және табиғатқа жақсылық тілеп, қайырылымдылық жасауға тәрбиелеу болып табылады. Қазір баршаңызға белгілі, түрлі діни ағымдар «мылтықсыз майдан» жүргізіп отыр. Олар жастарымыздың санасын улап, өздерінің саяси мақсаттарына бұрып алғысы келеді. Түрлі сынақтарды басынан кешірген халқымыз рухани тұрғыда да мойымай, тектілігін сақтайды деп сенемін. Бірақ. бүгінгідей ел мүддесі үшін ортақ ойларды ортаға салатын мәжілістердің берері де көп. Осы жерде отырған дәстүрлі діндердің өкілдерін еліміздің рухани тұрғыдан біртұтас болуына бар күш-жігерімізбен атсалысуға шақырамын. Өз іштеріміздегі дін атын жамылып жүрген «секталардың» астыртын айлаларын ауыздақтай білсек береке бірлігіміз артады. Рухани қауіпсіздікті басты мақсатымызға айналдырайық» деп, сөзін түйіндеді.


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz