Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Пайғамбарды тану мен сүюдің маңызы
16 наурыз, 2020 жыл 20 Басып шығару нұсқасы

Ғұламалар: «Екі дүниенің бақыты – иманда, иманның негізі – Жаратушыға деген махаббатта; ал Алла Тағалаға деген махаббаттың дұрыстығы, оның өлшемі – Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өнегесіне ілесіп, сүннетімен өмір сүруде», — деп түйіндейді. Сондай-ақ «Пайғамбарды тану – Жаратқан Иемізді танудың, асыл дінімізді дұрыс түсінудің шарты; ал Алла елшісін  сүю – Алла Тағалаға деген сүйіспеншіліктің дәлелі», — дейді. Негізі, сүю немесе жек көру – сезімнің ісі екені белгілі. Сезім шіркін кейде ақылға алдырмай, ерікке бағынбай кетеді. Десек те, сезімді де тәрбиелеуге, қалыптастыруға болады. Сау ақылдың сарабынан өткен, қасиеті мен құны анық болған нәрсені жүрек құптайды. Ал ақыл мен жүрек қатар мақұлдаған іс – пенде үшін сүйікті болады. Осы тұрғыдан келгенде, ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өмірбаянын, қалдырған өнегесін зерделеу – сөзсіз Алла елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) тау тұлғасына деген және оның сүннетіне деген сүйіспеншілікке алып келеді. Осылайша, міндет болған нәрсе – жүрек қалауымен жүзеге асып жатқан ерікті де ләззатты сезімге ауысады. Бұл үрдіс – шариғаттың барлық талаптарына қатысты деуге болады… Терең толғанып байыбына барсақ, ақиқатында, біз үшін Пайғамбарымыздан (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) жақын жан жоқ екен. Алла елшісі бізге, тіпті, өз жанымыздан да жақын екен! Қалайша жанымыздан жақын? Өйткені пенде өзіне-өзі жау екен: тазармаған, тәрбиеленбеген нәпсі адамды құрдымға бастайды; нәпсінің шырмауындағы «жалған мен» жақсы мен жаманды айыра алмайды, сол себепті өзіне жақсылық жасаймын деп зұлымдық жасап қойғанын өзі аңғармайды… Аталарымыз айтпақшы: «Өзін шынайы таныған – Жаратушысын таниды». Бұл «тану» – адам тәнінің ерекшелігі мен ғажап үйлесімін көріп, соған тамсану ғана емес; өзегіңдегі Махаббат, Парасат, Ар-ұят, Еркіндік, Жауапкершілік секілді ғаламат рухани қасиеттерді танып-түйсіну, таңғала сүйсіну! Осылайша өзінің кім екенін тереңірек таныған, өзегіндегі «шын менін» таныған жан – Жаратқан Иесін де таниды. Иә, қасиетті Құран мен «әлем» атты кітапты оқи білген, «адам» атты пәнді зерделей алған «ақыл иелері» Ұлы Раббысын тани түседі. Өз кезегінде өзін, Жаратушысын таныған – тазарады, ал тазарған жаннан тек жақсылық тарайды… Осы тұрғыдан алғанда, Жаратқан Иеміздің тәңірлік тәлімінен өткен, тікелей тәрбиесінде өскен әрі Елшілік міндет жүктеліп, дүниенің қыр-сыры түгел үйретілген пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) артық ешкім өзін де, Жаратушысын да танып-білген емес! «Адам» деген жаратылыстың шын бейнесі мен қадір-қасиетін танытып, орыны мен мақсат-мұратын нақты айқындап, түсіндіріп берген бірден-бір Тұлға да – Алла елшісі (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын)! Ізгілік пен кісілікте де ол кісіден асқан ешкім асқан емес! Сол себепті соңынан ерген үмбетін (яғни сіз бен бізді) перзентінен артық қойған Пайғамбардан артық ешкім бізге жанашыр бола алмайды! Сол үшін де Пайғамбарымыз бізге ата-анамыздан да, жұбайымыздан да, бала-шағамыздан да және өз жанымыздан да артық һәм жақын! Құрандағы мына аят: «Пайғамбар – мүміндерге өздерінен жақын. Оның жұбайлары – олардың аналары…»[1]– осы ақиқатты түсіндіреді… Біз пенделіктен, рухани кір-қоқыстан тазару үшін Жаратқан Иеміз арнайы жіберген Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) тәліміне мұқтажбыз. Ал жақсы шәкірт болу үшін Ұстазға деген сүйіспеншілік ауадай қажет! Осы себепті де  Алла елшісіне деген махаббат – екі дүниедегі бақытымыздың  кепілі… Ардақты Пайғамбарымызды (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) жақсы көрудің, сүюдің тағы бір қырын мына хабар айшықтайды. Әнас атты сахаба (Оған Алла разы болсын!): «Бір кісі Пайғамбардан (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Қиямет қашан болады?», — деп сұрады. Алла елшісі: «Ал, сен ол үшін не дайындық жасадың?» — деп қарсы сұрақ қойды. Ол кісі: «Алла мен Оның елшісін қатты жақсы көретінімнен басқа айтарлықтай ешнәрсем жоқ», — деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Сен өз сүйгендеріңмен бірге боласың», — деді. Біз Пайғамбардың  «Сен өз сүйгендеріңмен бірге боласың» деген сөзіне қуанғандай, ешнәрсеге қуанбаған едік! Мен де Пайғамбарды (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!), Әбу Бәкір мен Омарды сүйемін және мен олардың амалдарындай іс-амал жасай алмасам да, оларға деген махаббатымның себебімен  олармен бірге болуды үміт етемін», — деп, толғанады[2]. Ал мына хадис сүйіспеншілік сырын одан ары тереңдете түседі: «Қандай да бір адамда мына үш белгі болса: Алла және Оның Елшісін жанынан артық жақсы көрсе; біреуді жақсы немесе жек көруі Алланың разылығы үшін болса және  иманға келгеннен кейін күпірлікке барудан тозаққа түсердей қорықса – онда ол иман ләззатын сезеді!»[3] Біз жаратылыстың абзалы болған Алла елшісін (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) сүю арқылы – жалпы адам баласын сүюді үйренеміз. Әрине, сүю үшін – тану керек. Ал «Жалпы, адам деген өзі – кім? Қандай жаратылыс?» дегенде, «Нағыз адам – міне» деп Пайғамбарымызды көрсетеміз! Пайғамбарды таныған жан – шын Өзін таниды! Пайғамбарды таныған – әр пенденің өзегінде Пайғамбардай Тұлғаның тұрғанын, сондай ғажап Мүмкіндік бар екенін таниды! Пенденің сыртқы қабатын емес, өзегін – адамдық болмысын сүйеді! Өз бойында Жаратушы Иесі салған асыл рухы бар екенін, жан-дүниесінде Пайғамбарға ұқсауға тырысатын Тұлға бар екенін түсінген жан – Өзін де сүйеді! Мінеки, Пайғамбарымызды (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) тану мен сүюдің бізге берер тағы бір пайдасы осындай… Міне, осы нығметтерге қауышуымыз үшін асыл дініміз Пайғамбарымызды (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) жақсы көруді міндеттейді және иманның толықтығы сонда ғана орнығатынын айтады. Алла елшісі (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір өсиетінде: «Мені балаларыңыздан, әке-шешелеріңізден және бүкіл адамзаттан артық жақсы көрмейінше, ешқайсыларыңыз шын мәнінде иман келтірген болмайсыздар»[4], — деп, бұл мәселенің аса маңызды екенін баса көрсетеді. Бұл жайлы қасиетті Құранда былай делінеді:  «(Мұхаммед) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла – аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», — де»[5]. Біз, бізге Ұлы Раббымызды танытып, өмірдегі адасу мен азаптан құтылуымызға себепкер болғандығы үшін, Алла Тағалаға шынайы құл болуды үйреткендігі үшін ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) шексіз қарыздармыз! Ақиқатты жеткізу жолындағы ерен ерлігі үшін, біздің қамымызды бізден артық уайымдап, көз жасын төккені үшін жанымыздан да артық жақсы көреміз! Иә, білген адамға, Ұлы Раббымыз «Хабибім», «Сүйіктім» деп ізет білдірген Кемел Тұлғаны сүю – қандай абырой! Екі дүниенің  мырзасы Мұхаммед Мұстафаға сансыз салауат!.. [1] «Ахзап» сүресі, 6-аят. [2] Бұхари жеткізген хадис [3] Бухари жеткізген хадис [4] Бұхари мен Муслим жеткізген бір хадис [5] «Әли Ғимран» сүресі, 31-аят.

 

kazislam.k

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары