Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Тахаджут намазы
22 ақпан, 2019 жыл 4705 Басып шығару нұсқасы

Алла біздің сұрағанымыздың барлығын береді, бірақ қай уақытта?

 

Алла Тағаланың ұлы нығметі мен шексіз сыйына сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын!

 

Намаз – әрбір мұсылманға берілген парыз. Намаз оқыған адамның жүзі жарқын болып тұрады. Парыз намазын оқумен қатар, нәпіл намаз оқу да абзал іс. Соның ішінде, түнгі намаз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қатты көңіл бөлген намаздарының бірі. Алла Тағала түнгі намазды жиі оқушыларды аса мақтап әрі олар үшін зор сауаптарды уәде еткен. Тәһәжжүд намазы – парыз намаздарынан кейін тұратын ең абзал намаз. Алла Тағала Мұса алейхиссаламға «Мен үшін ғибадат ет!» деп  бұйырғанда, хазіреті Мұса «Ия, раббым, ғибадатым қабыл болуы үшін, саған қай кезде ғибадат етейін?» деп сұрайды. Алла Тағала: «Түнде тұрып, намаз оқы!» деп бұйырады (Әййуһәл уәләд илмихалы). Осы хадистен түнде тұрып оқылған намаздың қайырлы екенін көреміз. Абу Хурайраның хадисінде, Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Сендердің бірің ұйықтаған кезде шайтан оның басынан артқы жағына үш түйіншек байлайды. Әрбір түйіншекке «әлі түн ұзақ, ұйықтай бер» деп дем салады. Егер ол оянған кезде Алланы еске алса бір түйіншек шешіледі. Егер дәрет алса тағы біреуі шешіледі, ал намаз оқыса, барлық түйіншектер шешіледі және таңертең ырза болып сергек оянады. Әйтпесе, ырза болмай жаны жалқаулық танытады» (Бухари және Муслим риуаят еткен). Мұсылман бауырлар, нәпсінің арбауына ермей, тәһәжжүд намазын оқиық. Аллаға дұға етейік, әрине түнде істелген амалдар мен дұғалар орындалары хақ. Бұл сөзімді мына хадиспен дәлелдегім келеді: Мұхаммед (с.ғ.с.): «Менің жолыммен жүрген адам түнде тұрып, өз нәпсісін жеңіп намаз оқуға ниет етсе, онда ол байланған арқанды шеше бастайды. Ол бетін жуғанда тағы бір арқан шешіледі, қолдарымен басына су тартқанда басқа арқан шешіледі, ал аяқтарын жуғанда соңғы арқан шешіледі. Сонда Алла бізден жасырын тұрғандарға «Менің құлдарыма қараңдар. Ол өз нәпсісін жеңіп, маған дұға етуде. Ол Менен не сұраса, Мен оған сұрағанын беремін!» деп айтқан (Ахмад Ибн Хиббан. Сахих аль Таргиб, 627 б.). Құран Кәрімде де нәпіл намаздың қайыры туралы келтірілген. Айтқан ойдың нақтылануы үшін мысалдар келтірелік: «Және түннің бір бөлігін ұйықтамай, өзіңе қосымша намазға тұр. Раббың сені мақтаулы орынға жібереді.» («Исра» сүресі, 79-аят.) делінсе, енді бір жерде: «Олар жамбастары төсектерден ажырап, Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ, олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды.» («Сәжде» сүресі, 16-аят.) деп көрсетілген. Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): Пейіште бөлмелер бар. Олардың ішінен сырты, сыртынан іші көрініп тұрады. Алла Тағала ол бөлмелерді сөзі жұмсаққа, адамды тамақтандыратынға, (қосымша нәпіл) ораза ұстайтынға және түнде адамдар ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқитын кісіге дайындап қойды» деген (Байхақи).

ХХІ ғасыр-дамыған дәуір. Тәуелсіздік алып, діни сауат ашуымызға еркіндік мол берілді. Бағыт-бағдарымызды айқындап, болашағымызды жарқын ету өз қолымызда. Ертеңгі өмірге қадам бүгінгі әрекеттен басталмақ. Жанымыз жәннәтта болсын десек, парыз болған істерді атқарып, нәпіл намаз оқып, игі амалдар жасайық. Бес уақыт намаз оқып, ораза ұстап, зекет беріп, қажылықты өтеген әлбетте дұрыс. Дегенмен, осы амалдарға қосымша нәпіл амалдарын орындау да жүзімізге нұр болары хақ. Осы ретте тәһәжжүд намазы туралы айта кеткен жөн болар. Тәһәжжүд намазы – түннің үштен екі бөлігі өткеннен кейін, таң намазы кіргенге дейінгі аралықта оқылатын нәпіл намаз. Тәһәжжүд – ұйқыны тәрк ету (бұзу) дегенді білдіреді. Түнде оқылатын нәпіл намазы күндіз оқылатын нәпіл намаздардан құнды саналады. Өйткені, түнгі тәтті ұйқыны бұзу нәпсіге ауыр тиеді. Хадис шарифте былай делінеді: «Ғибадаттың абзалы – машақатпен болғаны.» (М. Фәлаһ, Ибни Әсир-Нихайа).   

Сондай – ақ, қазіргі медицина ғылымы да түнде тұрып оқылған намаздың денсаулыққа орасан зор пайдалы екендігін дәлелдеп отыр. Жатар алдында желінген тамақтан асқазанға ауыртпалық түсіп, қан айналым жүйесі бұзылады. Нәтижесінде, бауыр, жүрек, миға зиян келеді. Сол себепті, медицина қызметкерлері кешкі алтыдан соң ас ішпеуге кеңес береді. Бірақ, кешкі алтыдан соң тамақ ішпеу көп жағдайда мүмкін емес. Шаршап-шалдыққан кейбір жандар жан рахатын теледидардан, компьютер беттерінен іздейді. Шындығында жан рахаты Аллаға еткен құлшылығымыз бен дұғаларымызда болса керек. Бұл туралы, Тирмизи өз еңбегінде: «Тәһәжжүд намазы күнәларды кешіртетін салихтердің амалы болып, ауруларға да шипа береді» деп айтып кеткен. Діни сауатын толықтырып, парыздарын өтеуге ниет етіп жүрген, намазды енді бастаған тәлімгерлерге айтарым, бес уақыт намазбен қатар, нәпіл намазында оқу абзал іс. Жанымызға рахат сыйлап, тәнімізге шипа болар намазды жіберіп алмайық, ағайын! Соңғы сөзді мына хадиспен аяқтағанды жөн көрдім: Жәбир (Алла оған разы болсын) айтады: Мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтқанын естідім: «Түнде сондай бір сағат бар, егер мұсілман кісі сол сағатқа дәл түсіп, Алладан бұл дүниенің және ахиреттің жақсылығын сұраса Алла оған береді. Және бұл сағат әр түні қайталанып отырады. (Муслим риуаят еткен).  

 

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық орталық мешіттің бас имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары