Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мүслім періштенің қорғауында болғыңыз келеді ме?
02 тамыз, 2021 жыл 1312 Басып шығару нұсқасы

Адам жанын тозаққа тастар кезде тозақ есігін күзетуші Мүслім періште отқа былай деп айтады екен: «Беті мен жүрегін күйдірме. Өйткені ол жүзімен сәждеге барған болуы мүмкін, ал жүрегі оразада шөлдеп, қиналған шығар» деп. От Мүслім періштенің айтқанын тыңдап, адамның жүрегі мен бетін күйдірмейді екен. Яғни, тірісінде Аллаға құлшылық етіп, намаз оқығаны үшін жалындаған оттан қорғалады.

«Намаз оқымағанның иманы, иманы жоқтың дәреті болмайды» дейді Абу Дарда жеткізген хадисінде. Ғұсыл дәреті жоқ адамның әрбір басқан қадамына жер лағнет айтады. Ал намаз оқымайтын адамдар ғұсылды алмауы бек мүмкін. Алла Елшісі (ﷺ): «Жәннәтта сырты ішінен және іші сыртынан көрінетін бөлмелер бар» - деді. Бір бәдәуи тұрып: «Я, Расулуллаһ! Ол бөлмелер кім үшін?» - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жақсы сөз айтқан, мұқтаждарды тамақтандырған, оразасын ұстап, адам ұйықтап жатқанда намазын оқыған үшін» - деп жауап берді. Жақсы сөз айтқан дегеніміз – балағат, жалғандық пен өсек аяңнан аулақ болғанды меңзеп отыр. Адам ұйықтап жатқанда намазын оқыған – яғни, түнін нәфіл, тәһәжжүд намаздарын оқумен өткізген адам. 

Намазды оқи алатын, ережелерін білетін азаматтар намазды күніне бес рет оқи алмаймын, уақытым жоқ дейді. Әр істі бастаған жан, оны тоқтатпаса жемісін көрері хақ. Сол себепті, расында бес уақыт намазға мүмкіндік болмаса, яғни уақыт тура келмесе, жұмыста рұқсат етпесе және т.б. онда ең болмағанда таңғы намазды тоқтатпаған абзал. Таң намазын оқыған жан тозақ отынан қорғалады. Жаны жадырап, күні бойы белсенді жүреді. Таң намазын оқыған адамды Алла өз қорғауына алады, екіжүзділіктен сақтайды. Тіпті, періштелер таң намазын оқығаны туралы Аллаға куәлік етеді. Таңғы намазды оқыса жеткілікті екен деп қате түсініп қалмау қажет, мүмкіндігі бар адам бес уақытты толық орындауы парыз. «Бір кісі келіп: «Я, Расулаллаһ! Исламда Алла Тағаланың ең жақсы көретін амалы қандай амал?», - деп сұрады. Ол (ﷺ): «Уақтылы оқылған намаз. Себебі, намаз – діннің тірегі, ал намазды тастағанның діні болмайды», - деп жауап берді (Омардан (р.а.) имам Байһақи риуаят етті). Намаз оқыған адамның иманы күшейе түседі. Соңғы технологиялар, медицина ғылымы таң намазын оқыған адамның дене мүшесінде көптеген жағымды өзгерістер болатынын анықтаған. Жүрек, ми ауруларының алдын алады, қан айналым жақсарады, т.с.с. Жақсы амалдарды тоқтатып тұратын жалқаулықтың алдын алу қажет. Бойдағы еріншектікке апаратын нәпсіні байлау керек.

«Алла сынау үшін Нәпсіні ең әуелі отқа 3 күнге салып, алып шығады. Сосын «сен кімсің? Мен кіммін?» деп сұрайды. Нәпсі – «мен - менмін Сен - сенсің» деп жауап береді. Алла оны мұзға үш күнге салады, алғаннан кейін «сен кімсің? Мен кіммін?» десе, нәпсі «мен - менмін, Сен - сенсің» деп жауап қатады. Құдыретті, барлығын Білуші Иеміз нәпсіні тамақсыз, тіпті сусыз үш күнге қалдырады. Үш күннен кейін нәпсіден сұрайды: «Ал, енді сен кімсің, Мен кіммін?» Сонда нәпсі: «мен - құлмын, Сен - Алла Тағаласың деп жауап берген». Бұл әңгімеден біз нені түсінеміз? Сонда нәпсі тек аштықты жеккөре ме? Әрине, сөзсіз аштық нәпсіні тыяды. Бірақ нәпсі тек аштықта ғана білінбейді, біз осыны ұмытпауымыз керек. Нәпсі жалқаулыққа, ұйқышылдыққа, білімсіздікке алып барады. Нәпсі Алланың адамзатқа берген үлкен сынағы. Бойында иманы бар адамнан нәпсі қаша бастайды. Өлім аузында жатқан Мұғаздан неге жылағанын сұраған кезде, ол былай деп жауап берген екен: «Қыстың ұзақ түндерінде түнгі намазға тұрмағаным үшін өкініп жылап жатырмын...».

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (ﷺ)сахабаларына: «Қараңдаршы, егер біреулеріңнің үйіңнің алдында бір өзен болып, ол күн сайын сонда бес рет шомылатын болса, оның бойында бір кір қалады ма?» - деп сұрады. Сонда сахабалар: «Жоқ, кірінен ештеңе де қалмайды», - десті. Сонда Алла елшісі (ﷺ): «Міне, бес уақыт намаз да сондай, Алла олар арқылы қателіктерін кетіреді», - деген (Бұхари, Мүслім).

Иманды берік ететін – намаз. Ендеше, намазға көңіл бөлейік, ағайын!

 

 

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары