Алла Тағала құдси хадисте: «Құлым маған парыз намаздардан кейін ең көп нәпіл намаздармен жақындайды» деген. Кім күллі әлемнің Раббысы болған Алла Тағалаға жақындауды қаламайды? Ендеше сіздердің назарларыңызға нәпіл намаздардың түрлерін ұсынып отырмыз. Оқып, оқығанымызға амал етуді нәсіп етсін Алла Тағала!
Тахият’ул-мәсжид (сәлем намазы). Мешіт иесі болған Алла Тағалаға тағзым әрі сәлем ретінде оқылатын 2 рәкәғат намаз. Алла Елшісі ﷺ «Кімде-кім мешітке кірсе, отырмастан бұрын 2 рәкәғат намаз оқысын» деген. Ханафи мәзһабында тахият’ул-мәсжид намазын мәкруһ уақыттарында оқу – мәкруһ болып табылады. Бұл жағдайда мұсылман тәсбих, тәһлил және салауат айтып қана мешітке сәлем беруіне болады. Ханафи мәзһабында жұма күні имам құтпаға шығып қойғанда да сәлем намаз оқылмайды. Мешітке бір күнде бірнеше мәрте кіретіндей жағдай туындаса, сәлем намазын бір рет қана оқу жеткілікті.
Дәрет және ғұсылдан кейін оқылатын намаз. Пайғамбарымыз ﷺ «Кімде-кім дәл мен секілді дәрет алып, ойына ештеңе алмадан 2 рәкәғат намаз оқитын болса, өткен күнәлары кешіріледі» деген. Осы себептен дәрет алып немесе ғұсыл құйынғаннан кейін 2 рәкәғат намаз оқу Ханафи мәзһабында мустахаб бір амал, яғни жақсы көрілген ғибадат саналады.
Духа намазы. Күн шыққаннан кейін 45-50 минуттан соң түскі мәкруһ уақытына дейін оқылатын намаз. Ең аз 2 рәкәғат, орташа 6 рәкәғат, ең көп 12 рәкәғат. Пайғамбарымыздың ﷺ бұл намазға қатысты риуаяттары көп. Тіпті, бұл уақытта 12 рәкәғат намаз оқығанға Алла Тағала Жәннаттан бір үй тұрғызатыны да жеткен.
Әууәбин намазы. Әууәбин «тәубе еткен, паналаған» мағыналарына келгендіктен Аллаға тәубе етіп, Оны паналағандардың намазы деген мағынаға саяды. Пайғамбарымыз ﷺ «Кімде-кім ақшам намазынан кейін жаман сөз айтпастан 6 рәкәғат намаз оқитын болса, бұл оған 10 жылдық ғибадатпен тең келеді» делінген. Пайғамбарымыздың ﷺ да бұл намазды ақшамнан кейін 6 рәкәғат оқығаны риуаят етілген. Алты рәкәғат оқылатын бұл намазды бір сәлеммен де немесе екі рәкәғат сайын үш сәлеммен де оқуға болады.
Тәһәжжүд намазы. Құптан намазынан кейін ұйықтамастан немесе шамалы ұйықтап тұрып оқылатын түнгі намаз. Егер шамалы ұйықтап тұрғаннан кейін оқылса, тәһәжжүд намазы атын алады. Ең аз 2 рәкәғат. Ал одан да көп рәкәғат оқыса, сауапты. Пайғамбарымыз ﷺ құптан намазын оқығаннан кейін үтір уәжіп намазын оқымастан ұйықтап, түн ортасында қайта тұрып тәһәжжүд намазы мен үтір уәжіп намазын оқитын. Кейін таң намазына қайта тұратын.
Сапар намазы. Пайғамбарымыздың ﷺ сапарға шығарда және сапардан қайтқанда 2 рәкәғат намаз оқығаны риуаят етілген. Бұл намаз сапарға шығарда жолы болып, көздеген ісінің жеңіл бітуі және аман-есен діттеген жеріне барып қайтуы үшін Аллаға жалбарыну мақсатында және аман-есен оралғаннан кейін отбасымен, туған-туысымен аман-есен қауыштырғаны үшін Аллаға шүкір айту мақсатында оқылады. Абзалы – сапарға шығарда бұл намазды – үйде, ал оралғанда мешітте оқу.
Тәсбих намазы: Бұл Пайғамбарымыздың ﷺ немере ағасы Хазіреті Аббасқа (р.а.) үйреткен намазы. Пайғамбарымыз ﷺ «Аға, қара, саған он пайдасы бар намаз үйретейін. Бұл намазды оқысаң Алла Тағала сенің алғашқы-соңғы, ескі-жаңа, біліп-білмей, үлкен-кіші, жасырын-ашық жасаған он түрлі күнәңді кешіреді» деген. Хазіреті Аббас та бұл намазды күнде оқи алмайтынын айтқанда Алла Елшісі ﷺ де бұл намазды аптада бір рет, болмаса айда бір рет, тіпті болмаса, жылына бір рет, ең құрығанда өміріңде бір рет оқысаң, жеткілікті деген.
Тәсбих намазы 4 рәкәғат. Әр рәкәғатында 75 рет «Субханаллаһи, уәлхамдулилляһи уә лә иләһә илләАллаһу уәллаһу әкбар» тәсбихі оқылады. Оқылу реті былай:
«Субхәнәкә» дұғасынан кейін 15 рет;
«Фатиха» және қысқа бір сүреден кейін 10 рет;
Рукуғ тәсбихінен кейін 10 рет;
Рукуғдан «Самиаллаһу лимән хәмидәһ», «Раббанә уә ләкәл хәмд» дегеннен кейін 10 рет;
Сәжде тәсбихінен кейін 10 рет;
Екі сәжде арасында 10 рет;
Екінші сәжде тәсбихінен кейін 10 рет.
Қалған рәкәғаттарда «субхәнәкә» дұғасы оқылмайтындықтан «Субханаллаһи, уәлхамдулилляһи уә лә иләһә илләАллаһу уәллаһу әкбар» дұғасын «Фатиха» сүресінен бұрын 15 рет оқисыз. Әрі қарай жоғарыдағы ретпен жалғастырасыз.
Тәуба намазы. Күнә және жаман істерден аулақ болу – дініміздің шарты. Бірақ, бұған қарамастан адамдар күнә және жаман істерге ұрынып жатады. Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың ﷺ хадистерінде адам күнә жасаған соң, бұл күнәсі үшін өкініп, тәубе етуді әмір еткен және шынайы тәубе еткендердің тәубесін Алла қабыл ететіні айтылған. Пайғамбарымыздың ﷺ өзі күнәсі кешірілгеніне қарамастан күніне 70-100 мәрте кешірім тілеп, тәубе еткені хадистер арқылы жеткен. Сондай-ақ, қасиетті түндерде, сапарға шыққанда, намаздың соңындағы сәлем берместен бұрынғы және сәлем бергеннен кейінгі кешірім дұғалары күнәміздің кешірілуін үміт етіп оқылатын дұғалар. Тәубе намазына қатысты да Пайғамбарымыз ﷺ «Құл күнә жасап, артынан тұрып жақсылап дәрет алып, тазаланып, 2 рәкәғат намаз оқып, Алла Тағаладан күнәсінің кешірілуін сұраса, Алла оны міндетті түрде кешіретін болады» деп, артынан Құранның мына аятын оқыған: «Олар арсыздық істеп, күнә жасасаса немесе өздеріне зұлымдық қылса, дереу Алланы естеріне алып, күнәларына жарылқау тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді? Олар істеген күнәларын біле тұра қайталамайды». Тәуба намазын 2 рәкәғат және одан да көп рәкәғат қылып оқуға болады.
Қажет намазы. Адам пенде болып жаратылғаннан кейін бұл дүниеде де ақыретте де көп нәрсеге мұқтаж. Бұл әрине табиғи дүние. Дүниелік және ақыреттік қажеттіліктеріне қол жеткізу үшін әуелі оларға қауыштыратын себептерге сүйену қажет. Әсіресе, бұлардың жүзеге асуы үшін Алланың жәрдеміне мұқтаждық таныту керек. Сол үшін Пайғамбарымыз ﷺ бұл туралы былай деген: «Кімде-кімнің Алладан немесе адамдардан сұрары болса, шарттарына сай жақсылап дәрет алсын, сосын Аллаға мадақ-мақтау, Елшісіне ﷺ салауат айтып, мына дұғаны оқысын:
لاَ اِلَهَ الاَّ اللهُ الْحَلِيمُ الْكَريمُ سُبْحَانَ اللهِ رَبِّ الْعَرْشِ الْعَظيمِ الْحَمْدُ لِلهِ رَبِّ الْعالَمِين اَسْئَلُكَ مُوجِباتِ رَحْمَتِكَ وَ عَزَآئِمَ مَغْفِرَتِكَ وَ الْغَنيمَةَ مِنْ كُلِّ بِرٍّ وَ السَّلامَةَ مِنْ كُلِّ اِثْمٍ لاَ تَدَعْ لي ذَنْباً اِلاَّ غَفَرْتَهُ وَ لا هَمّاً إلاَّ فَرَّجْتَهُ وَ لاَ حَاجَةً هِىَ لَكَ رِضاً قَضَيْتَها يآ اَرْحَمَ الرَّاحِمينَ
Оқылуы: «Ләә иләһә иллал-лаһул-халимул-кәрим. Субхан-Аллаһи Раббил-’аршил-’азыим. Әл-хәмду лилләһи раббил-’аламин. Әсәлукә мужибаати рахматика уә азаимә мағфиратикә уәл-ғанимәтә мин кули биррин уәс-сәләәматә мин кулли исмин ләә тәда’ ли зәнбән иллә ғафәртәһ уә ләә һәммән иллә фәррәжтәһ, уә ләә хәәжәтән һиә ләкә ридан иллә қадайтәһә иәә әр-рахамәр-рәхимиин».
Мағынасы: «Халим (биязы) әрі Жомарт Алладан басқа құдай жоқ. Ұлы Арштың Раббы Алла барлық кемшіліктерден пәк. Хамд пен мадақ әлемдердің Раббы Аллаға ғана тән. Уа Аллаһым! Рақымдылығың қажет еттірген нәрселеріңді, ап-анық кешіріміңді, әрбір жақсылыққа жеткізуіңді, әрбір күнәдан алыстатуыңды сенен тілеймін. Күнәларымды кешір! Қайғы-мұңымнан арылт! Ризалығыңа лайық қажеттілігімді бер. Ей, рақымдылардың Рақымдысы, Аллаһым!».
Қажет намазы 4 немесе 12 рәкәғат болып оқылады. 4 рәкәғат қылып оқылған жағдайда «Фатихадан» кейін 1-рәкәғатта үш рет «Аятул-Күрси», 2-рәкәғатта «Ықылас», 3-рәкәғатта «Фәләқ», 4-рәкәғатта «Нәс» сүрелері оқылады. Намаз біткеннен кейін жоғарыда жазған дұғаны оқып, Алладан қалағанын сұрайды.
Истихара намазы. Истихара сөзі «істің қайырлысын сұрау» мағынасына келеді. Адамдар маңызды бір істе не бір мәселеде нақты шешім қабылдай алмаған жағдайда, ақыреті мен дүниесі үшін қайырлы ма, жоқ па біле алмағанда осы намазды оқыса болады. Пайғамбарлық келместен бұрын адамдар бір істі бастайтын болса не сапарға шығатын болса, мұның қайырлы болып-болмайтыны жайында білмек үшін балгерлерге келетін. Ислам діні келгеннен кейін Пайғамбарымыз бұл әдеттерін жою үшін оның орнына истихара намазын үйретті. Сол үшін былай деді: «Сендерден әлдекім бір іске ниет білдірсе, парыз намазынан бөлек, екі рәкағат намаз оқысын да мына дұғаны айтсын: «Ей, Раббым! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретімен мені қуатты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында менің құш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал, Сен барлық нәрсені білесің, барлық нәрсеге күшін жетуші. Әрі Сен ғайыпты да толық көрушісің. Ей Аллаһым! Егер бұл істі (дәл қандай іс болса, сол айтылады, мысалы некелесу т.б) дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, мен үшін қайырлы десең, оны маған нәсіп ете гөр әрі маған ол істі оңай етіп, мен үшін берекелі ет! Ал, егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында бұл істі мен үшін қайырсыз десең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да, мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр».
اَللَّهُمَّ إِنِّي أَسْتَخِيرُكَ بِعِلْمِكَ، وَأَسْتَقْدِرُكَ بِقُدْرَتِكَ، وَأَسْأَلُكَ مِنْ فَضْلِكَ الْعَظِيمِ، فَإِنَّكَ تَقْدِرُ وَلاَ أَقْدِرُ، وَتَعْلَمُ وَلاَ أَعْلَمُ، وَأَنْتَ عَلاَّمُ الْغُيُوبِ، اَللَّهُمَّ إِنْ كُنْتَ تَعْلَمُ أَنَّ هَذَا الأَمْرَ … خَيْرٌ ليِ فيِ دِينِي وَمَعَاشِي وَعَاقِبَةِ أَمْرِي -أَوْ قَالَ: عَاجِلِهِ وَآجِلِهِ- فَاقْدُرْهُ ليِ وَيَسِّرْهُ ليِ ثُمَّ بَارِكْ ليِ فِيهِ، وَإِنْ كُنْتَ تَعْلَمُ أَنَّ هَذَا الأمْرَ شَرٌّ ليِ فيِ دِينيِ وَمَعَاشِي وَعَاقِبَةِ أَمْرِي -أَوْ قَالَ عَاجِلِهِ وَآجِلِهِ- فَاصْرِفْهُ عَنيِّ وَاصْرِفْنيِ عَنْهُ وَاقْدُرْ لِيَ الْخَيْرَ حَيْثُ كَانَ ثُمَّ أَرْضِنيِ بِهِ
Оқылуы: «Аллаһумма инни астахи-рука биъилмика, уә астақди-рука биқудратика, уә әсәлукә мин фадликал ъазим, фә иннәкә тақдиру уә лә ақдиру, уә таъламу уә лә аъламу, уә әнта ъалламул ғуйуб. Аллаһумма ин кунта таъламу әннә һәзәл амра хайрун ли фи дини уә маъаши, уә ъақибати амри (ъажилиһи уә әәжилиһи) фақдурһу ли уә яссирһу ли суммә бәрик ли фиһи, уә ин кунтә таъламу әннә һәзәл амра шаррун ли фи дини уә маъаши уә ъақибати амри (ъажилиһи уә әәжилиһи) фасрифһу ъанни уасрифни ъанһу уақдур ли хайра хайсу кәнә суммә ардыйни биһ».
Міне, осылайша дұғадан да түсінікті болғандай, бұл істің қайырлысы Алладан тіленеді. Ол үшін 2 рәкәғат намаз оқып, жоғарыдағы дұғаны оқу керек. Алла Тағала нәтижесінде ол адамның жүрегіне белгі береді. Яғни, жүрегі бұл мәселеде тыныштық тапса, сезсе, қайырлысы, ал таршылық, тынышсыздық сезсе, демек қайырсыз. Егер бірінші рет оқылған намаздан кейін бір белгі сезілмесе, онда 3 не 7 рет оқу керек. Бұл намаздан кейін міндетті түрде түспен бір белгі күту деген шарт жоқ.
Рағайып, Миғраж, Бәрат және Қадыр түнінде оқылатын намаздар. Мұсылмандар үшін түрлі себептерге байланысты мүбәрак саналған түндер бар. Режеп айының алғашқы жұма түні – Рағайып түні, осы айдың 27-ші түні – Миғраж түні, Шағбан айының 15-ші түні – Бәрат түні және Рамазан айының 27-ші түні – Қадыр түні. Бұл мүбәрак түндерге қатысты атаулы бір намаз жоқ. Бірақ, бұл түндерді себеп етіп нәпіл намаздарын оқып, Құран оқып, оның мағынасына ой жүгіртіп, тәфәккүр ету сауапты болады. Қадір түнінде Пайғамбарымыз Айша анамызға мына дұғаны оқуды кеңес берген болатын: «Аллаһым, сен күмәнсіз кешірушісің, кешіруді сүюшісің, мен кешіре гөр!» (اللَّهُمَّ إِنَّكَ عَفُوٌّ تُحِبُّ الْعَفْوَ فَاعْفُ عَنِّي).
Салтан САЙРАНҰЛЫ
Пікірлер