Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,
Қарағанды облысының бас имамы
Ислам тек құлшылықтың діні емес. Асыл дініміз адам тіршілігіндегі әрбір сәтті, әрбір оқиғаны қамтиды. Осы ретте сапарға шыққанда сақталуы қажет әдептермен бөліскенді жөн көрдік.
Біріншіден, ниет ету. Адам баласы әрбір ісінің жемісі мен сауабын ниетіне қарай алады. Себебі, ниет – пенденің түпкі мақсатына жетелейтін негізгі амал. Сондықтан сапар алдында дұрыс ниет ету аса маңызды. Адамның сыртқы амалынан қарағанда ішкі ниетінің тазалығы өте маңызды. Ниет жақсы болса, нәтижесі де жақсы болады. Егер біз туысқанымызды зиярат ету немесе отбасымызға көңіл бөлу мақсатымен жолға шығатын болсақ, үйімізге қайтқанға дейін осы амалымызға мол сауап аламыз. Әрине жолдың өзіне тән қиындығы мен сынақтары болады. Алайда осының бәрін игі ниеттің күшімен жеңіп шыға аламыз. Ниеттің негізінде отбасымызға сапалы көңіл бөліп, арадағы сүйіспеншілік пен мейірім сезімдері артады. Ағайын-туыс, дос-жарандармен бауырмалдық байланыстар беки түседі.
Екіншіден, әрдайым Алланы еске алу. Алла Тағала қасиетті Құранда «Зухруф» сүресінің 13-аятында былай дейді: «Оларға емін-еркін мініп, жайғасарсыңдар және сол кезде Раббыларыңның нығметін естеріңе алып: «Бізге осы мініс көлікті бағынышты қылған Алла мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм лайықсыз сипаттардан пәк! Әйтпесе, біздің оған шамамыз жетпес еді». Сапар кезінде Алланы пәктеп, мадақтап, әрдайым шүкір етіп отыру – мұсылманға тән сипаттардың бірі.
Осы аятқа байланысты тәпсір жазған Мұхаммед Али ас-Сабуни «Тәпсірлердің таңдаулысы» еңбегінде былай дейді: «Олардың үстіне мінген кезде Раббыларыңның сендерге берген ашық нығметін еске алып, жүректеріңмен: «Осы көлікке біздің мінуімізді жеңілдеткен Алла пәк. Егер Алла бізге мұны бағындырмағанда, біздің оған шамамыз келмес еді. Расында біз қайтыс болған соң Раббымызға ораламыз» деп айтыңдар. Әл-Байдауи былай деген: «Мұнда нығметті еске алудағы мақсат, оны жай ғана еске алу емес. Мұндағы мақсат, ол нығметтің құдіретті Алланың басқаруымен болғандығын еске алу. Осы нығмет Оған бойсұнып, шүкір етуді талап етеді.
Егер кімде кім адамдардың мініп жүрген кемесі немесе жануарлары жайында ойланса, онда оның адамға қарағанда күшті әрі қуатты екенін көреді. Соған қарамастан мінушіге көніп, қалай бағыттаса оған бағынады. Сонымен қатар теңіздің және желдің жаратылуына әрі ондағы қорқыныштар жайында ойланса, Алланың кемел құдіреті мен даналығын таниды. Міне, осы танымның негізінде таңқалған күйде былай деп айтады: «Мұны бізге бағындырған Алла пәк. Өйткені біздің бұған шамамыз жетпейтін еді. Мүшріктердің көктер мен жердің жаратушысы Алла екенін мойындағанын айтқаннан кейін, Алла олардың Өзінен басқаға құлшылық ету надандық екенін айтады».
Расында адам баласының үлкен көлікпен, күшті жануармен күш сынасуы мүмкін емес. Бірақ Алла оны адамға бағындырып қойды. Сол үшін әрдайым құдіретті күшті Аллаға мадақ айтып, Оны пәктеп отыру қажет.
Үшіншіден, дұға ету. Дұға – мұсылман қорғаны. Сапар алдында мынадай дұға айтылады: «Уа, Алла! Біз Сенен осы сапарымызда ізгілікті, тақуалықты және Өзің риза болатын іс-әрекеттерді жасауымызды сұраймыз. Иә, Алла! Бұл сапарымызды бізге жеңіл ет, әрі оның қашықтығын бізге жақын ет. Уа, Алла! Сапардағы жолдасым Өзіңсің, сондай-ақ, жанұяммен қалған да Өзіңсің. Уа, Алла! Мен Сенен сапардың ауыртпашылықтары мен мұңлы көріністерінен, сондай-ақ, мал-мүлкім мен үй ішіме қаралы қайтудан Өзіңе сыйынамын».
Мұсылман әрдайым дұғада болуы керек. Өйткені біздің тағдырымыз бүкіл әлемдердің Раббысы Алла Тағаланың қолында. Бірер секундтан кейін не боларын нақты білмейміз. Сондықтан өміріміз бен тағдырымызды Аллаға тапсырамыз.
Төртіншіден, қарыздарды қайтару немесе хабардар ету. Сапардан шығардан бұрын мүмкіндігінше қарыздарды қайтарып кеткен абзал немесе жағдайыңызды көркем түрде түсіндіріп, қарыз берушінің разылығын алған дұрыс. Өйткені сіздің сапарға шығуыңыз қарыз беруші бауырыңызды немесе танысыңызды түрлі ойларға жетелеуі мүмкін. «Сапарға шығатын ақшасы бар екен. Әуелі қарызды қайтарып алмай ма?» деген сұрақтар оның ойына келмейді деп айта алмаймыз.
Бесінші, сапардан бұрын ата-ананың разылығы мен батасын алу. Өйткені ата-ананың разылығын алу Алланың разылығын алумен бірдей. Ата-анаға құрмет көрсету – пайғамбарлар өсиет еткен, жұмаққа жетелейтін ұлы амал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде кім күнін Алла ризалығы үшін ата-анасына бойсұнған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады...» – деген. Өмірде жетістікке жеткен тұлғалар үйінен шығарда міндетті түрде ата-анасының батасын алып шығады екен. Олардың айтуынша, сол күні ойға алған жоспарлары орындалады.
Алтыншы, отбасына насихат айтып кету. Егер өзіңіз іс сапармен немесе өзге де шаруалармен басқа қалаға жолға шықсаңыз, әйеліңізге, ұл-қыздарыңызға насихат айтып кеткеніңіз жөн. Әсіресе үлкен ұл мен қызға: «Анаңа қамқор болыңдар. Үй шаруасына көмектесіп, қолғанат болыңдар. Сабақтарыңды мұқият оқып, тәртіпті болып жүріңдер» деген мағынада өсиет айтып кеткен артық болмайды.
Жетінші, демалыс барысында күнәлі істер жасамау. Алла Тағала Құранда былай әмір еткен: «(Ей, Мұхаммед!) Мұсылман ер кісілерге айт, көздерін (өзге әйелдерге, тыйым салынған нәрселерге қараудан қорғап) төмен қаратсын және әуреттерін қорғасын. Бұл – олар үшін тазасы. Анығында, Алла олардың не істеп жатқандарынан Хабардар» («Нұр» сүресі, 30-аят). Асыл дінімізде харам нәрсеге қарауға қатаң тыйым салынған. Өкінішке қарай, кейбір әпке-қарындастарымыз білместікпен ашық киінеді. Олардың бұл әрекеті ер кісілердің назарын аудартады. Осы сәтте ер адам оларға құмарлықпен қараса, көз зинасын жасағандай күнәға батады. Жаман нәрсеге көз түскен соң бұл ең әуелі жүректі бұзады. Жүрек бұзылған соң, құлшылық ықыласпен орындалмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында көз салып қарау – Ібілістің улы жебелерінің бірі. Кімде кім Менен қорыққандықтан қарауын қойса, жүрегінде ләззатын сезінетін иманмен алмастырамын», – деген.
Сегізінші, тазалықты сақтау. Қоршаған ортаны таза ұстау – мұсылманның міндеті. Көп жағдайда демалыс орындарына барған кезде демалушылардың тастап кеткен қоқыстарын көресің. Барлық адам тазалыққа немқұрайлы қарай берсе, демалыс орындары қоқыс алаңына айналып кетпей ме? «Тазалық – иманның жартысы» деген хадис бар. Бірер жыл бұрын футболдан әлем чемпионаты болғанда стадиондағы жанкүйер жапондардың өздерінің отырған орындарын тазалап, ешқандай қоқыс қалдырмай кеткені барша әлемнің назарын аударды. Мұндай үлгілі, өнегелі іске бәрінен бұрын мұсылмандар лайықты еді ғой. Айналаны таза ұстау ең әуелі өзімізге, денсаулығымызға қажет іс емес пе? Сондықтан демалу барысында тазалыққа аса сақ болған дұрыс.
Тоғызыншы, жақсы жолсерік таңдау. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап», – деген. Халқымыз осы хадисті мақалға айналдырып: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла» деп тұжырымдаған. Жақсы жолсерік иманыңды қуаттауға көмектеседі, күнәдан алыс болуға себепші болады. Жалпы сапар әдебі бойынша, жалғыз жолға шықпау қажет. Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасқан. Жалғыз адамның иманы әлсірейді. Осыны ұмытпаған абзал.
Оныншы, сапардан қайтып келгенде Аллаға шүкір айту. Сапар бірнеше күнге жалғасады. Ешкім жолдағы қауіпсіздіктен аман емес. Жолда түрлі қиындықтар мен қауіпті жағдайлар болуы әбден мүмкін. Алайда Алла Тағала пендесін мұндай ауыртпалықтардан сақтайды. Бірақ біз оны сезіне бермейміз. Сапардың өзіне тән көптеген машақаты мен ауыртпашылықтары болғандықтан пенде ондай оқыс жағдайлардан аман қалғаны үшін үнемі шүкір айтып жүруі керек. Жолда қорғаушымыз да, қолдаушымыз да бір Алла екенін естен шығармайық. Сондықтан сапардан келген сәтте Аллаға сансыз шүкір айтуды ұмытпайық.
Қорыта айтқанда, Исламдағы сапар әдептері – мұсылманның барлық жағдайдағы көркем мінезін көрсететін тәртіп жүйесі. Бұл әдептер тек шариғатқа сай әрекет етуге емес, сонымен бірге қоғамдық қатынастарды нығайтуға, жауапкершілікке, тәртіпке тәрбиелейді. Сапар мұсылман үшін Аллаға жақындау мүмкіндігі, жаңа тәжірибе мен тағылым мектебі. Алла Тағала баршамызға сапар әдебін сақтап, мұсылмынға тән мінезімізден айнымауды нәсіп еткей. Әмин!
«Мұнара» газеті, №16, 19.08.2025