Сыр бойындағы білім беру, оқу ісі тарихын, тіпті бұл аймақ қана емес, бүкіл қазақ даласындағы оқу ісі ертеден басталған. Жастарға діни тәрбие беру өлкетанудан басталса дейміз. Өйткені тарихын білген ұрпақтың алар асуы биік. Ең алдымен тарих қойнауына ден қойып, ертеректе өмір сүрген атақты ғұламалардың өміріне, атқарған еңбектеріне баға бере отырып, олардың діни ұстанымдарына тоқталған абзал. Белгілі бір дәрежеде кез келген аймақтан имандылығымен және діндарлығымен аты шыққан тұлғаларды көптеп кездестіруге болады. Мәселен, Сыр өңірінен қаншама ахундар, ишандар мен өзге де діни қайраткерлер шыққандығы белгілі. Олардың арасында Сайд Ахмат Жалаладдин Қосани, Мақтұм Cейіт Баба, Қожжан қожа, Мәдіқожа (Махди), Мүсірәлі сопы әзиз – Әжіқожа Жәдікұлы, Сейтбембет әулие, Айқожа ишан Темірұлы, Марал ишан Құрманұлы, Құлболды ишан, Оразай ишан Бұғыбайұлы, Қалқай ишан – Қалмұхамед Маралұлы, Молдашер ахун Жамұратұлы, Әлібай ахун Қосқұлақұлы, Ораз-Мұхамеджан ахун Бекетайұлы, Қалжан ахун Бөлекбайұлы, т.б. көптеген азаматтарды айта кеткен жөн. Бұлардың әрбірі дәстүрлі қазақ қоғамындағы діни ұстанымдарымен аты шыққан. Кейбіреулері арттарында зерттеу еңбектерін де қалдырған. Халық арасында олардың діншілдігі, имандылығы мен діни оқымыстылығы жөнінде қаншама аңыз-әңгімелер, әфсаналар таралған. Олар туралы жазылған іргелі зерттеу еңбектері, бұқаралық ақпараттар құралдарында жарияланған мақалалар, алуан түрлі ақпараттар легі да жеткілікті. Міне, осындай тұлғаларды ұлықтау, олардың ғұмырнамасынан тәмсіл алу, ғибратты өмірлері мен үлгілі істерін дәріптеу өскелең ұрпаққа консультативті көмек көрсетудегі таптырмас құрал болып табылады. Мұндай келелі іс-әрекет радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда ең тиімді жол екендігі белгілі. Өйткені жерлес діни қайраткерлердің ғұмырнамасы арқылы жастарға тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, ата-баба ұстанған діни жолды көрсете отырып экстремистік және террористік идеологияға тосқауыл қоюға болады.
Сайд Ахмат Жалаладдин Қосани (1461-1542 жж.). Сыр өңірінде Мағзаман әулие атымен белгілі. Самарқанда тіл білімінің синтаксисі, морфология саласы бойынша біліктілік алған ол кейін оқуын Ташкентте жалғастырған. Жасы отызға жетпей діни білімі мен іліми дәрежесіне сай Мақдум Мағзам атағы берілген. XVI ғасырдың алғашқы ширегінде Жаңа дария - Сырдария аралығын мекендеп, ағартушылық қызмет атқарған. Діни, саяси әлеуметтік мәселелер, мемлекеттік іс басқару жүйелері туралы отыздан астам іргелі ғылыми еңбектер жазып қалдырған. Мағзаман әулие (XV-XVI ғ.ғ.) – оқымысты, ақын, дін және мемлекет қайраткері. Толық аты-жөні Сайд Ахмат Жалаладдин Косани. Сайд қожа әулетінен Ферғана аймағының Косан шаһарында 1461 жылы Сайд Жалаладдин ибн Жамаладдиннің отбасында дүниеге келеді. Хазіреті Әлидің баласы Имам Хусейннің ұрпағы. Анасы Сайд Абдулла Аржанд нәсілінен болған Мир Сайд Жүсіптің қызы.
Алғаш Самарқандық ғұлама Маулана Мир Сайд Әлиден тіл білімінің синтаксис, морфология саласы бойынша үздік бітіріп, ұстазының кеңесімен Ташкентте тұратын Хазірет Ахрар Уалидің жақын шәкірті және орынбасары болған Маулана Мұхаммед Қазидың шәкірті болып қабылданады. Отыздан астам іргелі ғылыми еңбектер жазып қалдырады. Аса талантты шәкірт ұстазының ілтипатына ілініп, одан әрі Қожа Ахрар Уали, Абдрахман Жами секілді ғұламалардан дәріс алып, іліми кеңестеріне қатысады. Мағдум Ағзам «Хазіреттердің ұлығы» деген мағынаны білдіретін сөз, діни білімі мен іліми дәрежесіне берілген биік мәртебе. Олардың қатарында Имам Ағзам (699-767), Ғасул Ағзам (1079-1166), Мағдум Ағзам (1461-1542) болады. Бұл атақ Сайд Ахмат Жалаладдин Қосаниге отызға жетпей беріледі. Ол өзі өмір сүрген дәуірдің діни, саяси-әлеуметтік мәселелеріне араласып, мемлекеттік іс басқару жүйелері туралы еңбектер жазады. XVI ғасырда Самарқан, Бұқара, Хиуа хандықтарындағы ірілі-ұсақты тақ тартыстары мен тарихи төңкеріс кезеңдерін басынан өткеріп, оқиғаның бел ортасынан табылады.
Захраддин Мұхаммад Бабыр мырзаның дұшпандары оның діни кеңесші, ұстазы және пірі болған Маулана Мұхаммед Қазиды өлтірген соң, оның орнына шәкірті Сайд Ахмад-Мағдум Ағзам пір болып сайланады.
Артына философия, геология, заң салалары бойынша отыздан астам іргелі еңбектер қалдырған Мағзаман әулиенің ғылыми еңбектерін қазақ халқына, ғылыми ортаға таныстыру және дамыту – ұрпақтар парызы. Осы орайда 1994 жылдың желтоқсан айында Самарқан қаласында ХV-ХVI ғасырдағы шығыс ойшылы Сайид Ахмад Жалалладин Қосани шығармашылығын дәріптеуге арналған Халықаралық симпозиум болып өтті. Оның еңбектері «Мажмуа ар-Расоил» (Трактаттар жинағы) жинағында жарияланған. Көлемі 668 бетті құрайтын аталмыш жинақ Өзбекстан Рес¬публикасы ғылым академиясының шығыстану институтында сақталған. Осы орайда тарихшы әрі зерттеуші Камилхон Каттаевтың еңбегін баса айтқан орынды. Өзінің «Махдуми Аьзам и Дахбед» кітабында Мағзаман әулие өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген деректерді қамтып, оқырмандарға құнды мәліметтер береді. Сонымен қатар тарихшының Мағдум Ағзам еңбектерін назарға алған оннан астам кітабының да маңызы мол.
Нуров Махмуд қажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің имамы
Пікірлер