Сайын даламызға ислам дінінің жету тарихы шамамен 1250 жыл бұрынғы уақытпен байланысты. Ислам діні тек араб ұлтына тән болмағандықтан, бұл ғаламдық дін барша адамзатқа жетуі тиіс еді. Осы себепті VIII ғасырдың басында Орта Азияға арабтар ислам дінін жеткізді. 751 жылғы Талас өзені бойындағы арабтар мен Қытайлар арасындағы Атлах шайқасынан соң қазақ халқының таңдауы ислам діні болды. Ата-бабамыздың таңдауымен Исламның Сунниттік тармағы, оның ішінде Ханафи мәзһабы ұлы даламызға ғасырлар бойы орныға берді. Ислам дінінің келуімен ғылым, білім, қолөнер, сəулет өнері, əдебиет жылдам қарқынмен дамып, мешіт, медресе, кітапханалар жиі бой көтерді. Сопылық ілімнен рухани тұлғалар дараланып, ғылым салаларында озық ғалымдар көзге түсті. Ислам дінін елде таратып, үйретуде, ағартушылық ісін өрістетуде, асыл дінімізді өркендетіп, жас жеткіншектердің сауат ашып, білім алуында, мешіт, медреселер тұрғызуда ишан, ахун, муфти, қазы, молда, қаландар және т.б. ерекше белсенділік танытты. Мақалада осы дін қызметкерлерінің арасындағы ишандар мен жалпы қазақ даласындағы әулиелердің орны мен қызметіне тоқталмақпыз. «Әулие» сөзі Құран мен хадистерде Араб тіліндегі «Уәли» сөзінің көпше түрі «Әулие» (достар) ретінде білінеді. Алланың сүйікті құлдары, достары деген мәнде. Әйгілі дін ғалымы Тафтазани «Уәли дегеніміз: Алланы және Оның сипаттарын біліп, күнәлардан қашып, итағатпен жүруші, ләззәт пен нәпсілік құмарлықтарға берілмеген жан» деп анықтама береді. Кез келген адам үшін әулиелік жол ашық болғанмен, оған әрбір пенде қол жеткізе бермейді. Себебі ол Алланы терең танудан тұрады әрі рухани кіршіксіз тазалық пен рухани кемеленудің жоғарғы сатыларының біріне жатады. Құранда Алла достары жайлы мынандай сүйінші аят келген: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп- қатер жоқ әрі олар қайғырмайды. Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де, ақиретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне, ірі табыс осы» (Юнус сүнесі, 62-64). Бұдан басқа да аяттарда Алла ерекше тақуа пенделерін өзіне дос санайтынын білдірген: «Алла – иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады…..» (Бақара сүресі, 257). «Шынында менің уәлиім Құран түсірген Алла» (Ағраф сүресі, 196) Сайд ибн Жубайрдың риуаяты бойынша, «Алланың уәли (әулие) құлдары кімдер?» – деп сұралғанда, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.): «Оларға қараған кезде Алла Тағала еске түсетін кісілер» деп, әулие кісілердің тағы бір ерекше қасиеттерін тілге тиек еткен. Әулиеге тән «Керемет» Пайғамбарлар өзінің пайғамбарлығын дәлелдеу үшін мұғжиза көрсетсе, әулиелерге керемет көрсету нәсіп етілген. Керемет – Аллаға жақын, тақуа, уәли кісілер көрсете алатын таңғажайып істер ретінде түсіндіріледі. Алланың достарынан болатын кереметтер екі түрлі екені айтылады: Біріншісі материалдық әлемде болатын тамаша күйлер: қара суды теріс ағызу, жыртқыш аңды өзіне бағындыра білу, уақыт пен кеңістік заңдарынан шығып кету т.б. Екіншісі, рухани түрде жүзеге асады: білімде, ахлақта, ғибадатта, білім мен тақуалықта ілгерілеу арқылы «Бұйырылғандай тура бол!» (Худ, 112) аятына сай болуды меңзейді. Бір ескерте кетерлігі, шынайы Алла достары мұндай кереметтерге аса мән бермейді. Өйткені бұл жағдай халықтың қошеметіне бөлейді. Нәтижесінде пендені дандайсытатын атақ пен мақтаныш апатын әкеледі. Осы себепті әулие адамдар мұндай ғажайыптарды жасауға құлық таныта бермейді, аса бір қажеттілік болмаса, олар өздерінің күйлерін мүмкіндігінше сырт көзден жасыруға тырысады. Сопылықта «Нағыз керемет өмірдегі қиындықтарға қарамастан діндегі турашылдықтан таймау» екені айтылады. Сол себепті әулие кісілер иман, ихсан, тақуалық пен адамгершілік жолынан қылдай айнымай өмір сүруге көбірек көңіл бөледі. Ишандар мектебі Қазақ даласында даласында қалыптасқан бірнеше дәстүрлі әрі ықпалды діни мектептердің бірі негізі XVІІІ ғасырда қалыптасқан ишандар мектебі екені анық. Ол VIII-XIV ғасырларда қалыптасқан баптық, шейхтық, мүршидтік мектептерден бастау алады. Бұл мектептің негізін ишандар қалағаны айтылады. Кейін келе қазақ қоғамында әр өңірдің өз ишаны, яғни рухани ұстазы болғанын зерттеушілер дерек ретінде келтіреді. Діни сана мен дәстүрлік танымды ұштастыруда ишандардың еңбегі зор болғанын баса айта кеткен орынды. Дініміз бен дәстүріміздің қаймағы бұзылмай бізге жетуіне себепкер болған ишандар арасында жергілікті халықтың балаларына ислам негіздерін, құранды үйретумен бірге жаратылыстану пәндерінен дәріс бергендері де жоқ емес. Мешіт, медресе, мінәжатхана салдырған, бала оқытқан, оқу-ағарту, жастардың тәрбие істерімен айналысқан, одан бөлек, тұрғындарға жер өңдеудің, егін егіп, жеміс өсірудің тәсілдерін үйреткен. Бау-бақша егу істерін де қадағалаған. Ишан болу арнайы діни мектепте оқуды, ұстаздар алдынан өтуді, теориялық білімін тәжірибесімен сабақтастыруды, дін ілімдерін толыққанды игеруді талап етті. Соның нәтижесінде ол ұстазынан арнайы ижаза алып, ишан деген құрметі атты иеленді. Олардың қатарында күні бүгінге дейін аттары қалың елге мәлім мына кісілерді атап өтуге болады: Сары ишан, Балмағамбет ишан, Қозайдаұлы Пәтуәлі ишан, Төлей ишан, Қожаназар ишан, Мәмбеткәрім ишан, Жанназар ишан, Мүсірәлі ишан, Қосым ишан, Айқожа ишан, Аппақ ишан, Әбілақым ишан, Керей ишан, Тілеулес, Әзілхан ишан, Сүлеймен ишан, Оспан ишан, Өтеп ишан, Ақмырза ишан, Шабар ишан, Досжан ишан, Алтынқожа Биқожаұлы, Ахмет ишан Оразайұлы, Бабай ишан Жүнісұлы, Бектұрды ишан, Еркебай Ишанұлы, Жармұхамед Ишан Оразайұлы, Марал Ишан Құрманұлы, Оразай Ишан Бұғыбайұлы, Қалқай Ишан, Құлболды Ишан және т.б. Қазақ жерінен шыққан әулие кісілер Дәстүрлі діни мектептерден діни қайраткерлер де, уәли деңгейіне жеткен жандар да шықты. Қазіргі байтақ даламыз әулиелі жерлерден кенде емес. Оңтүстік Қазақстан, Сыр бойы мен Маңғыстау өлкелерін бұл тұрғыда ерекше атап өтуге болады. Әулиелер мекен еткен орындар, үңгірлер мен жер асты мешіттері әлі күнге дейін зиярат жасалатын жерлер қатарында. Қаратау бөктерінде Ысқақ баб, Құш ата, Укаша ата, Жылаған ата, Ғайып ата, Үйрек ата, Мұқым ата, Көк тонды ата, Қарабура ата, Алатау қойнауында Темірші баба, Әлхан баба, Бәдір-Садыр бабалар, Ер Дәуіттің төсі, Ғайып Ерен, Қырық Шілтен, Ыбырайым ата және т.б., Сыр бойында Арыстан баб, Ұзын ата, Асық ата, Жабай ата, ал Маңғыстау өңірінде 362 әулие өмір сүрген. Маңғыстау өңірінде бұл мәселе қозғалғанда сол жақтың халқы ерекше пір тұтатын атақты Бекет ата еске түседі. Одан бөлек, бұл өлкеден әр ғасырда өмір сүрген Шопан ата, Шақпақ ата, Қошқар ата, Қараман ата, Қаңға баба, Кенттi баба, Сұлтан Үфi, Сисем ата, Масат ата, Сислам ата, Темiр баба, Алтықұлаш әулие, Данысман, Ақшора-Белтұран, Қыз әулие, Есмәмбет ата, Бала әулие, Барақ әулие, Шiлкөз әулие, Жалғызағаш әулие, Құлбарақ, Құсшы, Құрманалы әулие, Әуеталық әулие, Ержан хазрет, Оғланды әулие, т.б. көптеген тұлғалардың аттары аталады. Халқымыз «Жақсының аты, ғалымның хаты» өлмейтінін айтады. Әулиенің де жақсы атын халық тек ерекше сүйіспеншілікпен еске алары сөзсіз. Базар жырау бір өлеңінде былай дейді: Мына бір шолақ дүниеден «Әулие өлмес» дер едім; Отқа салса, күймеген, Залымдардың өмірі Бір шарпуы тимеген, Арамды көңілі сүймеген; Дін мұсылман баласын Кереметпен билеген… Рухани қызметтің маңызы Жалпы алғанда, ишан мен әулиелердің ел ішіндегі атқарған қызметтері мен олардың халыққа жақсы жағынан ықпал етудегі рөлі күшті болған. Ата-бабамыз таңдаған дәстүрлі діннің халыққа жетуінде, ел ішінде оқу-ағарту жұмыстарын жүргізуде, бала оқыту, мешіт, медресе, құлшылық үйлерін салу, елді адамгершілік руханият құндылықтарына шақырып, бірлік пен ынтымаққа ұйыстыруда, сөз бен істің қабысуында, үлгі-өнеге көрсетуде бұл кісілердің орны ерекше болғаны мәлім. Жан тазалығы, ар тазалығы, білім алу, адамдық қасиеттерден ажырамау, Аллаға сенім мен құлшылық, елді ізгілікке ұйыту секілді руханият тақырыптары ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын құндылықтары даусыз. Бір өкініштісі, 1937-1938 жылдары дін қайраткерлері қуғындалды. Сібірге айдалып, лагерлерге, абақтыға жабылды. Көпшілігі атылып кетті. Қазақ даласында ағартушылық істі өрістеткен дін қызметкерлері тәуелсіздік жылдарында ғана ақтала бастады.
Пікірлер