Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Садақ ату мұсылманға тән ба?
21 наурыз, 2024 жыл 110 Басып шығару нұсқасы

Садақ ату қазақта ежелден бар. Ол жаудан қорғану құралымен қатар, ер азматқа сән беруші әрі спорт түрі болды. Бүгінде спорттық ойындардың қатарына еніп, Азия шеңберінде, тіпті әлемдік жарыстардың қатарында бар. Садақ ату – мергендік спортының бір түрі. 1900 жылдан бері жазғы Олим­пия ойындарының тізіміне кірген. Бүгінде осы спорт түрімен әлемнің 140 елінде айналысады. Қазақ балалары әлемдік кубоктарды жеңіп келуде. Мысалы 2022 жылы Ру­мы­нияда өткен Әлем кубогында қазақтың бүлдіршендері жүлделі бірінші орынға ие бол­са, Түркияда өт­кен көшпенділер ойынында біздің са­­­дақшы 35 елден келген 100-ден астам қа­тысушымен бәсекелесіп, күміс ме­даль­ға ие болды. Ұлт­тық құра­мада бізде 30 садақшы бар. Жалпы дәстүрлі садақ ату спортымен айналысып жүргендердің қатары екі мыңнан асады.

Садақ ату барлық спорт түр­лері секілді денсаулыққа өте пайдалы. Не­ліктен біз естіген түрлі аңыздарда хан­дар мен патшалар өз қыздарын жамбыны атып түсірген жігітке береміз деп шарт қойған? Өйт­кені мергендер епті әрі ақыл-ойы жоғары болады деп санал­ған. Нысананы дәлдеу үшін адам миында қаншама фор­­мула құрады, амал ойлас­ты­­ра­ды, жос­пар­лайды – мұ­ның бәрі тұнып тұрған мате­ма­ти­ка. Ден­саулық тұрғысынан айт­сақ, садақ ату арқаны тік ұс­тау­ға, көру қабілетінің жақсаруына көп көмектеседі. Қазақтың арғы-бергі тарихында жай мен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, хисса-дастандардан жақсы білеміз. Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер бұған бұлтартпас айғақ. Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқаны тарихи деректер¬де бар.

Ал шариғи, діни тұрғыда қарастыратын болсақ мұнда да құптарлық көптеген ақпарат аламыз. Әділетті халифалардан болған Омар Әл-Хаттаб: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деген хадисті жеткізген. Имам Мүслімнен келген бір хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) садақ ату турасында үш рет қайталап мына сөздерді айтыпты: «Расында, күш – садақ атуда».

Моңғолдар әлі күнге баласына 5 жасқа толғанда садақ табыстап, үйрете бастайды екен. Осы тұста біз де мектеп баласына денешынықтыру сабағында садақ атуды үйретсе деп ойлаймыз. Дәстүрімізден бар спорттың түрлерін насихаттау біздің міндет. Өйткені ол біздің тарихымыз. Ол діни тұрғыдан қарағанда да, медицина секілді ғылыми тұрғыдан қарағанда да пайдалы.

Аллаға шүкір президентіміз ұлттық құндылықтарымызға ерекше көңіл бөлуде. Наурыз мейрамы биыл ерекше аталып өтуде. Алдағы уақытта садақ ату, атқа мінә секілді салт-дәтүрімізді жаңартатын көптеген ісшаралар атқарылады деп сенеміз.

Садақ ату - шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты етеді. Сондықтан балаңызға садақ атуды үйретіңіз. Бұл әрі спортты қолдау әрі сүннетке амал ету болады.

Айта кетейік елімізде "ҚР садақ ату, арбалет және дартс федерация" жұмыс жасайды. https://olympic.kz/ деген сайттары бар. Ақпаратты елімізде қара домалақ садақшыларымыз көп болсыншы деген нниетпен салып отырмыз.

Елін, жерін, тілін, дінін сүйген қазақ балаларымыз көп болсын!

 

 

Нуров Махмудқажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы



 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары