Ар мен ұят – асыл дініміздің негізгі құндылықтарының бірі. Адам дініне қаншалықты берік болса, ары мен ұяты соншалықты жоғары болады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі – ұят», – деп айтуы сондықтан.
Ұят өзі қандай нәрсе? Ұяттан адамның жүзі қызарып кетеді. Неге? Өйткені Алланың күнә іске қарасы Ұят иммунитеті, энергиялық қуаты бар . Яғни, Ар, Ұят, Намыс деген ұғымдар адам өзінің ары алдында жүгінген кезде түйсігімен түсінетін киелі ұғымдар. Адамды адам етіп тұрған Ар екендігін, тіпті, өлім төніп тұрса да Ар сатуға болмайтындығын, халық санасында «өлімнен ұят күштіні» терең түсінігінде әр адамның ең үлкен күнәсі, міні, өзінің өзара алдында жасаған рухани қылмысы – арын сату, арсыздыққа салыну, ұяттан безу.
«Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,» «Арын сатып тіленген малы құрсын» - деген Абай атамыздың айтқан салмақты ойларының түпкі төркіні адамды ар-намыспен ғана рухани байытуға болатынын көздейді. Алла Тағала Құран Кәрімде ар-намыс туралы көптеген аяттар келтірген. Арлы адам ғана Алланың рақымына бөлене алатынын көреміз аяттарды оқи отырып. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Арсыздықтың жариясына да, жасырынына да жақындамаңдар», – деп бұйырған («Әнғам» сүресі, 151-аят). Бұл аятқа қатысты тәпсірде: «Жәһилет дәуірінде адамдар арсыз істі жасырын, адамдарға көрсетпей істеуді рұқсат деп түсінетін. Осы аятты түсіру арқылы Алла Тағала арсыздықты жасырын да, жария да жасаудың арам екендігін баяндады», – делінген.
Арлы адам – алдымен, Құдайына қараған, Құдай мақұлдамайтын іске бармайтын жан. Ар – әр адамның өз ісінің төрешісі», –Нұр» сүресінің 19-аятында Алла Тағала: «Иман келтіргендердің арасында жамандықтың, ұятсыздықтың таралуын қалағандар және ұнатқандар үшін дүниеде де, ақиретте де қайғылы азап бар» деген. Бойдағы нәпсі арсыз әрекеттерге бой алдырады. Соңғы уақытта батысқа еліктеушілік қазақ жастарының бойындағы ұятты шетке ысырып қоюына алып баруда. Тәуелсіздіктің таңы атып тұрғанда Ислам дініміз қанатын кеңге жайған діннің бір шетінен ұстап, жүрекке иман ұялатып, ар, ұятты сақтап қалу парыз.
Алла Тағала Құран кәрімнің бірқатар жерінде ар-намысын сақтай алған адамға үлкен марапаттар беретінін уәде еткен. Ал ар-намысын сақтамайтын, адамға жаһаннам азабын білдірген. Мүминдердің сипаттары туралы айтқанда да былай деген: «Мүминдер намаздарын хушумен (ықыласпен) оқиды. Бос, қажетсіз нәрселерден аулақ болады. Зекеттерін береді. Ұятты жерлерін сақтайды. Аманаттарын қорғайды және уәделерінде тұрады.» (Муминун 1-8).
Иман тармағының тағы бір арнасы, Ислами мінез-құлықтың бір көрінісі – Ұят. Халқымызда «Өлімнен ұят күшті» - деген нақыл сөз бар. «Ұят» сөзі ұғымы ауқымды, мағынасы терең сөздің бірі. Шариғат тілінде де тағылымы мол ұғымдардың бірі саналады. Сондықтан ұят дегеніміз – адамның мінез-құлқымен сыйыспайтын, жағымсыз істерден адам баласын аулақ ұстайтын, жақсылыққа итермелеп, жамандықтан жирендіретін, бойымыздағы асыл бір қасиет.
Кімде кімнің тұла бойында ұят болған болса, ол пенденің ислам жолын ұстануының көркемдігін, дәрежесінің жоғарылығын көрсетеді. Ұят – Алла Тағаланың жер бетіне ақиқатты жеткізіп, үлгі болу үшін жіберілген Пайғамбарларына тән қасиет. Саңлақ сахаба Әбу Сайд әл Худридің айтуы бойынша «Пайғамбарымыз (с.а.с.) бойындағы ұят, перденің артында отырған бойжеткеннің ұятынан да асып түсетін. Егер Пайғамбарымыз (с.а.с.) ұятты бір істі көрер болса, оның жүзіне қарап ұялғанын білетін едік» - дейді. Ұяттың болуы, яки болмауы – адамның шынайы табиғатын көрсететін белгі іспеттес. Ұят адамның иманын құнды етіп, жүріс тұрысына өң беретін жақсы сипат.
Қазақ халқы «ұят» ұғымын иманның бір парасы ретінде қабыл еткен. Оған жоғарыда келтірген нақыл сөздеріміз дәлел бола алады. Һәкім Абай Құнанбайұлы да өзінің отыз алтыншы қара сөзінде «ұят» ұғымына тоқтала отырып, оның иманның бір тармағы екендігін айтып кеткен. Сонымен қатар бұл қара сөзін жазу барысында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисін де мысалға келтіріп өткен. «Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» - деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен» - дейді һәкім Абай.
Ұят – жақсылықтың ұрығы. Жамандықтың тамырын түбегейлі жоятын да осы қасиет. Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде:
إنَّ الْحَيَاءَ وَالْإِيمَانَ قُرَنَاءُ جَمِيعاً، فَإِذَا رُفِعَ أَحَدُهُمَا رُفِعَ الْآخَرُ.
«Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді» - деп ұяттан ажыраған кісінің иманнан қол үзетінін жеткізген.
Ұят иманның жемісі. Иманы кәміл болған пенденің ұяты да кәміл дәрежеде болары сөзсіз. Сондықтан болар шариғат сусынымен сусындап салт-дәстүрін дінімен ұштастыра білген Абай Құнанбайұлы: «Пайда ойлама – аройла» - деп, ұяттың қаншалықты қымбат дүние екендігін дөп басып көрсеткен.
Өкінішке орай, қазіргі күні көпшілік ұялу керек болған нәрселерден ұялмай, керісінше ұялмау керек нәрселерден ұялады. Алла тағаланың әмір еткен міндеттері мен тыйым салған харам дүниесін айналамдағы адамдардан ұят болады деп ұят сөзін өз орнында қолданбай, ненің не екенін біле алмай жүрген жандардың да жетерлік екені жанымызға батады.
Осы бір тақырыбымызды Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Имам Бухаридің сахих хадистер жинағынан жеткен Ибн Масуд (р.а.) риуаят еткен мына бір хадисімен түйіндесек:
إنّ ممّا أدْرَكَ النَّاسُ مِنْ كَلامِ النّبوةِ اْلألَى إِذا لَمْ تَسْتَحِى فَاصْنَعْ ما شِئْتَ
«Адамдарға алғашқы пайғамбарлықтан жеткен сөздердің бірі: ұятың болмаса, білгеніңді істе» - дейді. Халқымыздан сөз артылған ба? Ата-бабаларымыздан «Ұялмасаң қалағаныңды істе» - деген сөз қалған. Бұл ұғымның да ислам негіздерімен, Пайғамбар (с.а.с.) хадистерімен астасып жатқанына көз жеткізуге болады.
Иманның бөлігі болған ұят ұғымы ақырындап азайып, ұялудан ұялатын жаңа нәсіл өсіп дамып келе жатқаны ақиқат. Болмашы дүние үшін ар-ұятын саудалап, ұлттық намысын таптап, істеген азғындығын дұрыс деп есептеп, қоғамды лас істермен былғауда. Бұндай арсыздықтан қорғанудың бірден бір жолы өсіп келе жатқан ұрпаққа өз ұлттық болмысымыз бен рухани мұрамызды, исламмен тәрбие көрген ата бабаларымыздың ұлы жолын әуелі үйреніп, содан кейін өзімізден кейінгі ұрпаққа үйрету әрбір пенденің азаматтық борышы.
БЕРІК Алпысбайұлы
Шет ауданы «Жанқұтты би»
мешітінің имамы
Пікірлер