«Сөзсіз, Алла тәубеге келгендер мен тазаланғандарды жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222-аят).
Алла Тағала әрбір адамның жанын да, тәнін де әу баста пәк етіп жаратқан. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Әрбір адам анадан пәк болып туылады» - деген хадисі сөзіміздің дәлелі. Жан тазалығы жүректен көрінеді. Жүрек тазалығы көркем мінезден көрініс табады. Жүректің қызғаныш, өркөкіректік, рияшылдық, дұшпандық секілді жаман аурулардан тазалануы аса маңызды. Олардың орнын кішіпейілділік, тәубе, сабыр, үміт, сүйіспеншілік секілді көркем сипаттармен толықтыру қажет. Бұл – тақуа жандарға тән иман мәртебесі. Адамның бойындағы керемет жаратылыстың бірі – оның жүрегі. Ондай жүрек Алланы таныған, Оның жолында амал қылған, Алланың ілімін таңдаған. Адамның барлық ағзалары жүрекке бағынышты етіп жаратылған. Сол бір жапырақ еттің сау болуымен басқа ағзалар таза болады. Жүректің рухани жаралы болуымен басқа ағзалар рухани азғындыққа түседі. Сол үшін де Алла Тағала адам баласына жүректің тазалығына мән беруге үндейді. Жүрегін тыңдай білген, Алланы таниды. Адамның өміріне қиянат жасап, оған азғындықты уасуаса қылатын шайтанның жолын жабады. Жүрек адам денесінің қорғаны іспетті. Шайтан сол қорғанды бұзу үшін бар айла-шарғысын салып бағады. Алла Тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімде: «Ей адамдар! Ақиқатында, сендерге өздеріңнің раббыңнан насихат, көкіректегі нәрселерге шипа және имандылар /мүминдер/ үшін жолбасшы /тура жолды ұстануға басшылық/ әрі мейірім Құран келді» (Юнус сүресі, 57-аят). Құран - надандық, күдік, күман құмарлыққа еру секілді әрі өзге де жүрек дерттеріне ем, шипа. (Ибн Касир). Адам Құран оқумен көңілі тыныштық табады. Жүрегіндегі дертіне шипа болады. Алланың рахымына бөленеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адам баласының денесінде бір ет бар, ол жақсы болса бүкіл дене жақсы болады. Ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар! Ол – жүрек» – деген. Және Алла Елшісі оны тазалаудың жолы тәубе ету мен кешірім тілеу екенін жеткізді.
Тазалықтың шыңы жүректен соң намазда көрінеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Намаздың кілті тазалық, оны (намазды) қасиетті құлшылыққа айналдыратын нәрсе – такбир, ал одан шығаратын нәрсе – сәлем» (Әбу Дауд) – деген. Намаздағы тазалық ішкі және сыртқы тазалық болып бөлінеді. Сыртқы тазалықта мән беретін дүние ғұсыл мен дәрет. Ғұсылы болмау, дәреті болмау, хайыз немесе нифас жағдайы – «хадас халі» деп аталады. Дәретсіздік – кіші хадас. Жүніп, хайыз, нифас – үлкен хадас. Кіші хадас немесе үлкен хадастан тазалану – жуыну, дәрет алу немесе тәйәммүм алу арқылы іске асады. Құранда Аллаһ былай дейді: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді, қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар, және екі тобыққа дейін аяқтарыңды жуыңдар. Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар. Науқастанып қалсаңдар яки сапарда болсаңдар, не болмаса біреу түзге отырып келсе яки әйелге жақындассаңдар, сонда су таба алмасаңдар, таза жерге тәйәммүм соғыңдар, онымен беті-қолдарыңды сипаңдар. Аллаһ сендерге салмақ түсіруді қаламайды. Бірақ сендерді тазартуды, сондай-ақ, шүкіршілік етулерің үшін сендерге нығмет, ырыс-берекесін толықтыруды қалайды». Хадисте: «Дәреттерің бұзылған кезде, қайта дәрет алмай, Аллаһ намаздарыңды қабыл етпейді», – деп ескертеді.
Намазда аса көңіл бөлетін тән тазалығы ішкі жан тазалығымен қатар жүреді. Жан тазарды, иманын жүрегіне бекітіп құлшылыққа келдік, енді қандай тазалық керек десек әрине тән тазалығы керек болады. «Намаздың кілті – дәрет» делінген. Яғни, тән тазалығы; ғұсыл-тәһәрат, дәрет жалпы бұл жерде гигеналық барлық талаптары жатады. «Суды тазалаушы еткен һәм нұр еткен Аллаға мадақ болсын» деуіміздің сыры міне, осы! Өзің таза болып, айналаң лас болса ол тазалық толық болмас. «Тазалық - иманның жартысы» (Мүслім, «Тахарат», 1) бұл – яғни, сыртқы тазалықтың ішкі тазалыққа ықпал етуі, екеуінің бір бірімен тығыз байланысын білдіреді. Сыртқы тазалық адамзат баласын өркениет мен мәдениетке және әдептілік пен әдемілкке жетелейді. Ислам – ол әдеміліктің де діні. Таза және ұқыпты болу, өзінің тәніне жақсылап қамқор болу, өзінің сыртқы келбетіне қарап жүру туралы айтқан Пайғанбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистері көп. Оның бәрін тізбелей беру – орынсыз болар. Бір ғұлама: «Кімнің тақуа (бұл жерде тазалық пен мәдениет деп түсіну керек) адам екендігін білгің келсе, ол кіріп шыққан дәретхананы қара», - деген екен.
Таза болу иманның дәрежесін көрсетеді десек қателеспейміз. Таза жанның жүрегі иманға, тәні нұрға толады. Алла Тағалам жанымыз бен жүрегімізді, тәніміз бен мінезімізді таза әрі пәк еткей!
Қарағанды қалалық "Қазыбек би" мешітінің имамы Ербол Мұқанұлы
Пікірлер