Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Дін мен дәстүр егіз ұғым
12 маусым, 2023 жыл 194 Басып шығару нұсқасы

   Іргелі ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болуы заңдылық.  Қазақ халқы исламдағы құнды дүниенің барлығын алып, көп жылдық тарихы бар мәдениетіне бейімдеген. Дәстүріміздің әлі күнге дейін өз орнын жоғалтпауының бір себебі де, оның дінмен біте қайнасып ұштасуында. Қазақ халқының салт - дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным сеніміне, өмірге деген көзқарастарына байланысты, ұрпақтан - ұрпаққа берілгенде ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Қазіргі уақыттың өмір ағымына байланысты кейбіреулері түрленіп қана қоймай, жаңадан еніп те жатыр.  Десек те, жаһандану дәуірінде тұрмыстық бұйымдар жаңарып жатқанымен, рухани құндылықтарымыз әу бастағы тектілігін жоғалтпауы тиіс. Әрбір ұлттың өзіне тән тілі, дәстүрі, менталитеті бар. Ал, адамзаттың түрлі ұлт, ұлысқа бөлінуінің өзі – Жаратқанның қалауы. Бұл турасында Құран кәрімде: «Бір-біріңді танып-білуің үшін Біз сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік» – деген аятта ашық айтылған. Осыған орай, әр ұлттың өзіне тән әдет-ғұрпы болатыны белгілі. Қандай да бір ұлтты екіншісінен түр-түсі ғана емес, тілі мен әдет-ғұрпы да ерекшелеп тұрады. Адамның өмірі де дін мен дәстүрден басталып, аяқталатындығы айдан анық. Өмірге келген сәтінде, оған есім беріліп, азан оқылуынан басталып, дүниеден өтіп, жаназа оқылуынан аяқталады. Кісінің тегін сұрағанда азан шақырып қойған аты кім деп сұрауымыздың өзі мысал ретінде жеткілікті. Оның арасында адамның бүкіл өмірі діннен бастау алған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптармен өрнектеліп өтеді. Сол себепті де, дін мен дәстүрді бөліп қарастыруға, олардың арасын ажыратуға болмайды. Себебі, салт-дәстүрі, тілі жоқ ұлттың ұлттық құндылығы да болмайды.  Біз  көпұлтты ел бола тұрсақ та, түрлі мәдениеттер қатар өмір сүре отырып, айрандай ұйыған елімізде дәстүрімізді сақтап келеміз. Оны дамытуға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп отыр. Ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ санасында жаңғыртатын үйірмелер секілді орындар жас жеткіншектерімізді жігерлендіріп келеді. Ендеше, осы құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, оны өскелең ұрпақ бойына дарыту, ізгі қоғам қалыптастыру жолында қызмет ету баршамыздың асыл борышымыз. Имам Сарахси хазірет: «Шариғатқа қарсы келмеген әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең болады!» -деген. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған ақиқат асыл дініміз Ислам тыйым салмайды. Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Озық үлгідегі дәстүрімізді жаңғырту жолында әрбір отбасында тәрбиелік мәндегі салттарымызды ұстанып отырсақ, ұтарымыз көп болмақ.

Өйткені жарасымды жанұяда жылулық пен бабаларымыз ұстанған дін мен дәстүр аясында балаларымыз тәлім тәрбие алатын болса қоғамға пайдалы болмақ. Сондықтан да біздің салт-дәстүрлеріміздің элементтерін бір кездерде, бір уақыттарда ғылым мойындаған. Енді оны өзіміз қастерлеп, сақтап қалу бүгінгі баршамыздың борышымыз десек те болады. Мысалы, бүгінгі күнге дейін өміршеңдігін сақтап келе жатқан «жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүрімізді, «атқа міну терапиясын», қымыз бен шұбат сынды сусындарымызды т.б. қазіргі кезде бүкіл әлем мойындап, оның игілікті қырлары мен пайдалы жақтарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, жаппай пайдалануға бет бұру үстінде екендігі баршамызға аян. Осының өзі ғылым дамыған сайын, ғұрыптарымыз күнтәртібінен түспейтіндігін аңғартады. Егер біз діни парыздарымызды орындаумен қатар, дәстүріміздің шариғатымызға қайшы келмейтін тұстарын отбасында көбірек тұтынатын болсақ, ұрпақ салауаттылығын арттырамыз. Әрбір жекеден отбасы, әрбір отбасыдан қоғам құралады. Халқымызда «Ұяда көргенін ұшқанда іледі» деген мақал бар. Ұяда естігенін деп тұрған жоқ, көргенін деп тұр. Демек, сөзбен қатар, істеген ісіміз көбірек әсер етеді. Дін мен дәстүрімізді қатар жаңғыртатын болсақ, ұрпақ бойында ұлттық рух пен тәлім-тәрбиені дәріптейтін салт-дәстүрлеріміз жаңғырады. Жас кезінен бойларына тәрбиелік әдет-ғұрыптар сіңеді. Ұлттық бірегейлік қалыптасып, құндылықтардың халық өміріндегі маңызы артады. Салт-дәстүрді білетін, әдет-ғұрыптарды сақтайтын, ардан аттамайтын жас буын ұрпақ қалыптасады. Ұмыт болған бірегей ұлттық дәстүр арқылы жастар бойында тарихымыз жаңғырып, патриоттық рух артады.

"Дін мен дәстүр" бағытының Қарағанды облысы бойынша жауапты меңгерушісі

Бақдәулет Қыдырбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары