Кейде өмірде кездескен бір оқиға адам жадында жылдар бойы сақталады. Ал арада қаншама уақыт өткен соң сол оқиғаның мәнін кітап арқылы тереңірек танып, оның ұлттық дәстүрмен сабақтас екенін ұғыну адамға ерекше әсер сыйлайды.
1997 жыл еді. Жамбыл облысының Сарыкемер ауылына қонақ болып бардым. Бұл елге көшіп келген қандас ағайындардың шаңырағы болатын. Үйдің қызы тұрмысқа шығуға дайындалып жатыр екен. Сол жас жұбайлардың некесін қиюды Алла Тағала маған нәсіп етті.
Неке қию рәсіміне жиналған ер азаматтар бөлмеге жайғасты. Қыздың да, жігіттің де өкіл әкелері тағайындалған екен. Екі жақтың өкілдері дәстүрге сай келіссөз жүргізіп, қалың малдың мөлшерін белгіледі. Өзара ақылдаса келе, ортақ мәмілеге келді.
Одан кейін екі куә тағайындалды. Бірі – қыз жақтан, екіншісі – жігіт жақтан. Екі куә қол ұстасып, көпшіліктің алдында мынадай сөз айтты:
«Куә, куә, куә дүрміз, Куәлікке жүредүрміз. Бүгін сіздердің алдарыңызда, Ертең Алланың алдында Шындыққа біз жүредүрміз».
Осы сөздердің астарында үлкен жауапкершілік, адалдық пен аманатқа беріктік жатқанын сол сәтте терең сезіндім.
Бұдан кейін қалыңдықтың разылығы мен жігіттің келісімі алынып, неке құтпасы оқылды. Куәлар неке суын алдымен қалыңдыққа, содан соң күйеу жігітке, кейін жиналған көпшілікке өз қолдарымен ұсынды. Рәсім соңында ақ бата беріліп, жас жұбайларға ізгі тілектер айтылды.
Сол кезде бұл жөн-жоралғыны қандас ағайындардың өздеріне тән салты шығар деп ойлаған едім. Арада талай жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы атамыздың «Ұшқан ұя» атты еңбегін оқып отырып, осы көріністің қазақ халқының байырғы дәстүрлерінің бірі екенін ұғындым. Кезінде өз көзіммен көрген оқиғаның кітап беттерінде баяндалуы мені ерекше толғандырды.
«Ұшқан ұя» – тек бір отбасының тарихын баяндайтын шығарма емес, тұтас бір дәуірдің тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, ұлттық дүниетанымы мен рухани құндылықтарын танытатын тағылымды еңбек. Шығармада үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, отбасы тәрбиесі, әдет-ғұрып пен адамгершілік қасиеттер кеңінен көрініс тапқан.
Бауыржан атамыздың бұл еңбегі бізге маңызды бір ақиқатты ұғындырады: салт-дәстүр – халықтың тарихи жады, ата-бабадан кейінгі ұрпаққа қалған асыл аманат. Оны білу, зерделеу, қадірлеу және келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Кейде кітаптан оқыған оқиға өмірлік естеліктеріңмен астасып, жаңа мағынаға ие болады. Мен үшін «Ұшқан ұя» шығармасының тағылымы дәл осындай болды.
Алла Тағала Бауыржан Момышұлы атамызды рақымына бөлеп, жатқан жерін жайлы, топырағын торқа етсін!
Кітап оқыған адам өткенін таниды, дәстүрін бағалайды, тарихын құрметтейді. Ал өз тарихы мен дәстүрін құрметтеген ұрпақ ұлттың рухани мұрасын сақтап, болашаққа жеткізеді.
Мақала авторы: Ермахан Оралбай Әділбекұлы, Қарағанды қалалық «Әл-Ғаффар» мешітінің имамы.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы