Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітінде жамағатқа ас беру мәдениетіне қатысты арнайы жиын өтті. Жиынға мешіт ақсақалдары мен дін қызметкерлері қатысып, ұлттық дәстүр мен діни құндылықтарға негізделген ас беру әдебі жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында «Дін мен дәстүр» бағытының жауапты меңгерушісі Бақдәулет Қыдырбайұлы ас беру мәдениетіне арналған арнайы құжатты таныстырып, оның негізгі мақсаты мен маңызын түсіндірді. Сонымен қатар ол «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» тақырыбында уағыз айтып, марқұмның рухына бағышталып берілетін астың шынайы мәні – елге пайда тигізу, дұға жасау және сауапты амал атқару екенін атап өтті.
Уағыз барысында құдайы ас өткізу кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу, дастарқанды шамадан тыс толтырудан сақтану және ас беруді бәсекеге айналдырмау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ ас беру рәсімінде қарапайымдылықты сақтау, шамаға қарай әрекет ету және игі дәстүрдің бастапқы мәнін жоғалтпау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, Бақдәулет Қыдырбайұлы «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» тақырыбында да түсіндірме жүргізді. Ол тойдың тек қуаныш бөлісетін жиын ғана емес, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, ұрпаққа өнеге көрсететін маңызды орта екенін жеткізді. Той өткізуде де ысырапқа жол бермей, әдеп пен өнегені алдыңғы орынға қоюдың маңызын түсіндірді.
Жиынның негізгі мақсаты – ас беру мен той өткізу мәдениетін қалыптастыру, ысырапшылдықтың алдын алу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы