Қарағанды қалалық «Әл Ғаффар» мешітінің әйел-қыздар жамағатына арнап химар тігуден шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Мешіт – тек ғибадат орны ғана емес, сонымен қатар рухани құндылықтар дәріптеліп, қыз-келіншектердің білімі мен шеберлігін шыңдайтын орта. Осы мақсатта өткен шара қатысушылардың қолөнерге деген қызығушылығын арттырып, пайдалы дағдыны меңгеруіне мүмкіндік берді.
Шеберлік сағаты барысында химар тігудің қыр-сыры үйретіліп, матаны таңдау, өлшем алу және тігін жұмыстарын орындау жолдары көрсетілді. Сонымен қатар әйел адамның киім кию әдебі, қарапайымдылық пен әдептіліктің маңызы жөнінде түсіндірілді.
Қатысушылар өз қолдарымен бұйым тігіп, жаңа тәжірибе жинақтады. Мұндай шаралар әйел-қыздардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, қолөнерге баулып, уақытты тиімді өткізуіне де ықпал етеді.
Руханият пен өнерді ұштастырған игі шара қатысушылардың ризашылығына бөленді. Осындай тағылымды бастамалар мешіт жамағатының бірлігін нығайтып, ізгілік пен пайдалы іске деген қызығушылықты арттыра бермек.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы