Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінде жамағатқа арналған кезекті «Бейсенбілік» рухани отырысы өтті.
Рухани кездесуді мешіттің наиб имамы Ысқақ Рахымбекұлы жүргізіп, жамағатқа «Имам Бұхаридің сахих хадистері: Уахидың түсу жолы» тақырыбында тағылымды дәріс оқыды.
Дәріс барысында ислам дініндегі уахидың орны мен маңызы, оның Пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ түсу жолдары және алғашқы уахидың түсуіне қатысты оқиғалар кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ Имам Бұхаридің «Сахих» жинағында келген хадистер негізінде уахидың ерекшеліктері мен Алла Тағаланың елшілеріне жеткізген иләһи хабардың мәні баяндалды.
Наиб имам өз дәрісінде Пайғамбарымыздың ﷺ уахи келген сәттердегі жағдайына тоқталып, Құран Кәрімнің түсу тарихындағы маңызды оқиғаларды жамағатқа түсінікті тілмен жеткізді. Сахих хадистер арқылы мұсылман адамның Құранға деген құрметі мен жауапкершілігі, діни білімді дұрыс меңгерудің маңыздылығы да сөз болды.
«Бейсенбілік» рухани отырысының басты мақсаты – жамағаттың діни сауатын арттырып, Құран мен сүннетті тереңірек танып-білуіне мүмкіндік жасау. Осындай тұрақты кездесулер арқылы мешіт жамағатының рухани бірлігі нығайып, пайдалы білім алмасуға жол ашылуда.
Кездесу соңында жамағат дәрістен алған тағылымды ойларымен бөлісіп, көкейлеріндегі сауалдарына жауап алды.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы