Халықаралық Қарттар күніне орай Қарағанды қалалық «Әл-Ғаффар» мешітінде әйел-қыздар жамағатының ұстазы Бақыт Амантайқызының ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» атты өнегелі рухани басқосу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, сондай-ақ қазыналы қарттардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесін жас ұрпаққа насихаттау.
Рухани басқосуды мешіт имамы Ермахан Оралбай Әділбекұлы құнды насихатымен бастап, ақ жаулықты әжелерге ізгі тілегін жеткізді.
Кездесу барысында әжелер өздерінің өмір жолы мен еңбек тәжірибесінен сыр шертіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтып, өнегелі әңгімелерімен бөлісті.
Шара аясында әжелерге арналған арт-терапия шеберлік сағаты ұйымдастырылып, қатысушылар шығармашылықпен айналысып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді.
Сонымен қатар ақ дастархан жайылып, қарияларға құрмет көрсетілді. Еркін форматта рухани сұхбат өрбіп, үлкендер мен жастар арасында жылы пікір алмасу болды.
Жиын соңында әжелер ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тілеп, ақ баталарын берді.
Осындай тағылымды кездесулердің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Қариялардың өнегелі өмір жолы мен ақыл-кеңесі – кейінгі буын үшін баға жетпес рухани мұра.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы