الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауат пен сәлем болсын!
Адам баласы бұл дүниеде әрдайым жақсылыққа мұқтаж. Мейлі ол сөзбен болсын, іспен болсын немесе материалдық және рухани тұрғыдан болсын. Қоғамның ұдайы алға жылжып, дамуы үшін әлеуметтік ортадағы теңдік пен үндестік сақталуы қажет. Соның бірі күштілердің әлсіздерге демеу беріп, мүмкіндігі зор пенделердің мұқтаждарға көмектесуі. Дегенмен, адамның өзгелерге пайдалы болуы шектеулі дүниелерден тұрмайды. Оған тек адамның шынайы ниетінің болуы ғана жеткілікті. Сондай қоғам үшін де, жеке тұлға үшін де, адамның ақыреті мен осы дүниесі үшін де ең ізгі амалдардың бірі – уақып ісі. Уақып сөздікте «ұстау» деген мағынаны білдірсе, ал, терминдік мағынасы: «Белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану». Уақыптың үкімі Құран және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисімен, сонымен қатар Ислам ғұламаларының бір ауыздан келісуімен бекітілген. Құранда уақып жалпы мағынада келген, мал-дүниеден болған пайданы Алла Тағаланың жолында жұмсау деген сөз.
Асыл дінімізді қадірлеп, дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз да уақып қадірін жақсы түсінген. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:
Жарар еді ортада мешіт салсақ,
Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,
Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,
Байларымыз жиналып уақып қылсақ.
Сол себепті де уақыптың адамның жеке басына, қоғамның дамуына тигізер пайдасы өте үлкен. Уақыптың мән-мағынасы мен маңыздылығын тереңірек түсінуіміз үшін, мына жайттарды білуіміз қажет.
Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Хайбар соғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай әмір бересің?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлем болсын): «Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа етіп отыр», – деп кеңес береді. Омар (Алла оған разы болсын) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да бөлінбейтін етіп садақа (уақып) ретінде береді. Одан түскен пайданы кедейлерге, өзін құлдықтан құтқарғысы келгендерге, Алла жолындағы жақсылықтарға, жолаушыларға садақа етіп беріп отырды (имам Мүслим).
Осы оқиғадағы хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) өз меншігіндегі жерін уақып етуін Ислам ғұламалары «Ислам тарихындағы ең алғашқы уақып», – деп санаған. Өйткені хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүліктерін, бау-бақшаларын уақыпқа қоя бастаған. Жәбир (Алла оған разы болсын) есімді сахаба: «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының ішінде мал-мүлкін уақып қылмаған ешкім болмаған», – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында мұсылмандар ауыз су таппай қиналған кезі болатын. Олар сол кезде Рума құдығынан басқа ішер су таба алмады. Бұл құдық бір яһудидікі болатын. Ол қара судың өзін мұсылмандар үшін өте қымбат бағаға сататын. Бұл жағдай ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанына қатты батты. Сахабалармен бірге отырған бір сәтте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рума құдығын кім сатып алса, Жәннатта да оның осыған ұқсас құдығы болатынын айтты. Мұны естіген Осман (Алла оған разы болсыын) бірден, сол яһудиді тауып алып, құдықты сатып алғысы келетінін айтады. Яһуди құдықты толық сатуға көнбей, өте қымбат бағаға оның жартысын ғана сатады. Осман қуаныштан төбесі көкке жетіп, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, құдықтың жартысын сатып алып, мұсылмандарға бағыштағандығын жеткізеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Османның бұл әрекетін мақтап, оған ыстық ілтипат білдіреді. Осылайша, құдықтан бір күн су алу құқығы хазіреті Османға тиесілі болса, ал екінші күні яһудидікі болып бөлінеді. Хазіреті Осман өз күнін халыққа бергендіктен, халық Османға тиесілі күні жаппай жеткілікті дәрежеде құдықтан су алып қоятын болғандықтан, яһудиге тиесілі күнде ешкім су алуға бармайтын болады. Шарасыз күйге түскен яһуди осылайша құдықтың қалған жартысын да арзан бағаға сатуға мәжбүр болып, Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) құдықты толығымен халыққа садақа етіп береді.
Кез келген игі дүние-мүлікті уақып ету Алланың құзырында көп сауапқа кенеліп, разылығына қол жеткізеді. Бұл жайында Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
مَثَلُ الَّذِينَ يُنْفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنْبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنْبُلَةٍ مِائَةُ حَبَّةٍ وَاللَّهُ يُضَاعِفُ لِمَنْ يَشَاءُ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ
«Алла жолында мал-мүлкін сарп ететіндердің мысалы жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек секілді. Алла қалаған пендесіне еселеп береді. Алла – Уасиғ (өте кең, сондай жомарт), Алим (құлдарының барлық жай-күйін өте жақсы білетін шексіз ілім иесі)», – деген («Бақара» сүресі, 261-аят). Бұл аятта Алла Тағала мал-дүниесін Өзінің жолында сарп еткендердің дүниесі әсте кемімейтіндігін, сонымен қатар әрбір істеген жақсылығы өзіне еселеп қайтатындығын баян еткен. Сондай-ақ Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінің бірінде:
مَنْ تَصَدَّقَ بِعَدْلِ تَمرَةٍ مِنْ كَسبٍ طَيِّبٍ، وَ لَا يَقبَلُ اللهُ إلَّا الطَيِّبَ، ثُمَّ يُرَبِّيهَا لِصَاحِبِهَا، كَمَا يُرَبِّى أَحَدُكُم فَلُوَّهُ حَتَّى تَكُونَ مِثلَ الجبَلِ
«Кімде кім адал жолмен тапқан табысынан бір құрмадай садақа берсе, Алла ол садақасын қабыл етеді. Содан кейін оны таудай болғанша, яғни сендердің біреуің тай құлынды кішкентайынан өсіргендей иесіне сауабы үлкейеді», – дейді (имам Бұхари).
Мұсылман баласы өзінің дүние-мүлкін Алла жолында уақып қылуы арқылы Жаратушыға етене жақындай түседі. Пенде сол арқылы сансыз сауапқа ие болып және оның пайдасын келесі өмірде де өзі ойлағаннан да артық берекетін көретін болады. Сонымен қатар:
– Уақып ету арқылы қайтыс болған мұсылманның сауабы үзілмей артынан барып тұрады. Негізінде бір мұсылман қайтыс болған кезде бүкіл іс әрекеттерінің сауабы үзіледі. Ал жасаған уақыбының сауабы үзілмейді. Сол арқылы оның рухы қабірде нұрланады, сауабы жазылады.
– Мал мүлкін уақып қылған мұсылман осы арқылы Аллаға құл болғандығын және Раббысын шынайы ықыласпен риясыз сүйетіндігін білдіреді. Алланың махаббатына тек үлкен сауапты іс әрекеттер ғана жеткізеді.
– Уақып қоғамның қажетіне асады және осы арқылы Ислам дінінің дамуына және қоғамның жақсаруына өз үлесін қосады.
Жалпы алғанда уақыптың қоғамымыздың діни-әлеуметтік жағынан да маңызы зор. Уақыпқа берілген дүние-мүлік ол қашан да ағымы жалғасып тұратын садақаға жатады.
Мысалы, оған бірнеше мүліктерді атауға болады. Айталық, қазіргі таңдағы мешіттер мен медреселер, сондай-ақ жеке адамдардың мұқтаждар үшін пайдалануға беріп жатқан дүниелері осыны білдіреді. Тіпті уақыпқа қатысты шариғатта көрсетілген түрлері көп. Олар:
- Тек діни бағытқа арналған уақып (мешіт, медреселер);
- Мұқтаждарға қайырымыдылық ретінде берілген уақып;
- Ұрпағына арналған уақып.
Мұсылман адамның Алла жолында жасаған әрбір жақсылығы, еселеп сауап болып өзіне қайтатындығы жөнінде Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
مَنْ جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا
«Кім бір жақсылық істесе, ол он есе сауапқа ие болады», – деген («Анғам» сүресі, 160-аят).
Садақа беру арқылы адам Алланың ашуынан алыс болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
الصَّدَقَةُ تُطْفِئُ غَضَبَ الرَّبِّ وَتَدْفَعُ مِيتَةَ السُّوءِ
«Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады», – деп, Алла жолында садақа берудің сауабын айтқан. Сондықтан уақып Алла жолында жасалатын сауаптың іс.
Сонымен қатар уақыпқа дәлел бола алатын бірнеше хадистер де бар:
إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ؛ إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ
«Егер адам баласы өмірден өтсе, амал дәптері тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері тоқтамайды: жария берілген садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ» (имам Мүслим).
Ислам ғұламалары: «Бұл хадистегі «жария садақа» уақыптан басқа нәрсені меңзеп тұрған жоқ. Егер оның басқа да мағынасы болса уақып та сол мағыналардың ішіне кірер еді», – деген.
Аллаға шүкір, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да арнайы «Уақып» қорын ашып, халыққа насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінде осы «Уақып» қорына кейбір азаматтар өз мүліктерін тіркеп, сауапты іске атсалысып, Алла жолында садақа жасауда. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай уақып ретінде берілген садақа – сауабы үзілмейтін істердің бірі. Сондықтан дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдарға жәрдемші болуға шақырады.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ
«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері», – деп өзгеге пайдасын тигізген, оларды қуантқан жандарды адамдардың ішіндегі ең абзалдары деп мақтаған.
Рауан Төлеубекұлы
Қарағанды қалалық "Төлеутай ата" мешітінің имамы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы