ҚМДБ-ның Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде «Дәстүр және отбасы» бағыты мен «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен дәстүрлі діни құндылықтарды дәріптеуге арналған рухани ауызашар кеші өтті.
Тағылымды шара барысында Қарағанды облысы бойынша «Дәстүр және отбасы» бағытының жауапты меңгерушісі Бақдәулет Қыдырбайұлы қасиетті Рамазан айының қадір-қасиеті мен берекесі жайында насихат айтып, ислам діні мен қазақтың салт-дәстүрінің өзара сабақтастығына тоқталды.
Сонымен қатар, «Әнет баба» мешітінің ұстазы Сұлтан Аманжолұлы жиналған жамағатқа Рамазан айының рухани мәні туралы әсерлі уағыз айтып, бұл айдың әрбір мұсылман үшін өзін-өзі тәрбиелеп, сауапты істерді көбейтетін мүмкіндік екенін жеткізді.
Кеш барысында қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің құрметіне орай қонақтарға ұлттық тағам – наурызкөже ұсынылды. Бұл игі дәстүр ұлттық құндылықтар мен діни тәрбиенің үйлесімін айшықтай түсті.
Игі шараның өтуіне демеушілік жасап, ауызашар дастарханының жайылуына қолдау көрсеткен азаматтарға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдірілді.
Кеш соңында Құран оқылып, ата-баба рухына дұға бағышталды.
Рухани кеш жамағатқа ерекше әсер қалдырып, бірлік пен ізгілікті насихаттаған тағылымды басқосу болды.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы