Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінің ұстазы Гүлнұр Қаныбекқызының ұйымдастыруымен әйел-қыздар жамағатына «Дұға ғибадаттың мәйегі» атты уағыз - насихат өтті.
Дұға – Аллаға деген шынайы сенім мен тәуекелдің көрінісі. Адам баласы қиналғанда да, қуанғанда да Раббысына жүгінеді. Әсіресе әйел заты үшін дұғаның орны ерекше.
Әйел – отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің тірегі. Ана жүрегінен шыққан дұға қабыл болады. Ана баласына амандық, жарға тыныштық, шаңыраққа береке тілеп, әрдайым игі тілек үстінде жүреді. Оның шынайы ниеті мен ықыласы отбасының рухани тірегіне айналады. Сондықтан әрбір мұсылман әйел дұғаны күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырғаны абзал.
Дұға жасау үшін міндетті түрде ұзақ сөздер айту шарт емес. Ең бастысы – ықылас пен шынайылық.
Бүгінгі заманда әйелдер тек отбасының ғана емес, қоғамның да белсенді мүшесі. Қызметте жүрсе де, үй шаруасында болса да, жүрегі Алла деп соққан жан әр ісін ғибадатқа айналдыра алады. Баласына жақсы тәрбие беру, жарын құрметтеу, ата-анасына қызмет ету – мұның бәрі де дұғамен нұрланса, сауапты амалға айналады.
Дұға – әлсіздіктің емес, керісінше иманның күші. Ол жүректі тыныштандырып, үмітті оятады. Қандай қиындық болса да, Алладан жәрдем сұраған жан ешқашан жалғыз қалмайды. Себебі дұға – ғибадаттың мәйегі, ал иманды әйел – отбасының берекесі.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы