Center Image
IHSAN.KZ
Шет ауданында «Арақсыз ауыл» бастамасы қолға алынды
Шет ауданында «Арақсыз ауыл» бастамасы қолға алынды

Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Киікті ауылында қоғамдық маңызы зор басқосу өтті. Аталған жиынға Киікті ауылының әкімі Смағұлов М.Қ., ауыл имамы Төребеков С.Н., мешіт жамағаты, ауылдың ақсақалдар алқасы, әйелдер қауымдастығының төрайымы, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің белсенді мүшелері қатысты.

Басқосудың басты тақырыбы – ауыл тұрғындарының рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған «Арақсыз ауыл» атты бастаманы іске асыру болды. Жиналыс барысында қоғамда ішімдікке тәуелділіктің алдын алу, ұрпақ тәрбиесіне кері әсер ететін әдеттерден арылу және қоғамдық тәртіпті күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.

Аталған бастаманың негізгі мақсаты – алдағы қасиетті Рамазан айы қарсаңында ауыл тұрғындарын ізгілікке, сабырлылыққа, салауатты өмір салтына тәрбиелеу, харам етілген істерден бас тартып, қоғамның рухани тазалығын сақтау.

Жиын барысында ислам дінінде арақ-шараптың қатаң түрде харам етілгені жөнінде қасиетті хадистер де еске салынды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):

«Арақ – барлық жамандықтың кілті»

«Кімде-кім арақ ішсе, оның қырық күнгі намазы қабыл болмайды»

«Алланың харам еткенінен бас тартқан адамға Алла Тағала оның орнын қайырлысымен толтырады»

деп, мұсылман баласын жаман әдеттерден аулақ болуға шақырған.

Сондай-ақ, хадистерде ішімдік тек ішкен адамға ғана емес, оны дайындаушыға, сатушыға, таратушыға және оған себепкер болған әрбір жанға да күнә екені ескертілгені атап өтілді. Осы орайда ауыл тұрғындарын харамнан сақтануға, адал өмір салтын ұстануға үндейтін насихат айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша төмендегідей шешімдер қабылданды:
Ауыл аумағындағы дүкендерде алкогольдік ішімдіктердің сатылғаны анықталған жағдайда, белгіленген тәртіпке сәйкес айыппұл салу;
Той-жиындарда, мерекелік және өзге де бас қосуларда алкогольдік ішімдіктердің қолданылғаны туралы ақпарат түскен жағдайда, жауапты тұлғаларға айыппұл қолдану;
Ауыл көшелерінде алкогольдік ішімдік ішіп жүрген азаматтар мен азаматшалар анықталған жағдайда, әкімшілік шаралар қабылдау.

Жиынға қатысушылар бұл бастаманың ауылдағы тыныштық пен татулықты сақтауға, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға үлкен үлес қосатынын атап өтті. «Арақсыз ауыл» бастамасы – тыйым арқылы емес, иман, тәрбие және ортақ жауапкершілік арқылы жүзеге асатын игі қадам екені баса айтылды.

Ауыл ақсақалдары мен дін өкілдері бұл бастама ауыл бірлігінің, рухани жаңғырудың және берекелі өмірдің бастауы болады деген сенім білдірді

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz