Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінде әйел-қыздар жамағатына «Пайғамбарымыз ﷺ көркем мінезі» тақырыбында уағыз-насихат өтті.
Дәрісті мешіт ұстазы Гүлнұр Қаныбекқызы жүргізіп, Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ-ның көркем мінезінен үлгі алудың маңыздылығын кеңінен түсіндірді.
«Көркем мінез – елшілер мырзасының сипаты, шыншылдар амалдарының абзалы, тақуалардың еңбегінің жемісі, Аллаға құлшылық қылған пенделердің ризалығы. Дәлірек айтқанда, жақсы мінез – діннің бөлігі», — деді ұстаз өз сөзінде.
Сондай-ақ ұстаз Құран Кәрімнің «Мүминун» сүресінің 1–11-аяттарын мысалға келтіре отырып, көркем мінездің мүміннің басты сипаты екенін атап өтті:
«Шынында иман келтіргендер құтылды… Олар намаздарына ұқыпты. Міне, солар – мәңгілік Фердауыс жәннатының мұрагерлері» (Мүминун: 1–11).
Іс-шара соңында қатысушылар Пайғамбарымыз ﷺ өнегелі өмірінен тағылым алып, жақсы мінездің қоғамдағы және отбасыдағы маңызы жөнінде ой түйді.