Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінде әйел-қыздар жамағатына арнап «Жаратушыға қатысты әдептер» тақырыбында уағыз-насихат өтті.
Іс-шара барысында мешіт ұстазы Гүлнұр Қаныбекқызы жамағатқа Алла Тағаламен дұрыс байланыс орнату, шүкіршілік пен тәуекелдің мәні, сондай-ақ ықыласпен құлшылық етудің маңызы жайында түсіндірді.
Уағыз барысында ұстаз Ислам дінінің кәмілдігі мен оның әдеп нормалары адамды рухани тұрғыдан кемелдендіретінін атап өтті. Сондай-ақ Жаратушы жөнінде жақсы ойда болу, әрбір істе ықылас таныту, Алланың бақылауында екендігін есте ұстау, шүкіршілік пен тәуекел ету секілді амалдардың мұсылман өміріндегі маңызы жайлы кеңінен баяндады.
– «Құлшылықтың барлық түрін тек қана бір Аллаға арнау – дініміздің негізгі қағидасы. Іргетасы әлсіз үйдің берекесі қашатыны сияқты, құлшылығын дұрыс ниетпен орындамаған жан Алланың мейіріміне бөлене алмайды», – деді Гүлнұр Қаныбекқызы өз уағызында.
Шара соңында қатысушылар ұстазға өз сауалдарын қойып, рухани тәлім алды.