«Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Қарағанды қалалық «Төлеутай ата» мешітінде «Әке мектебі – отбасы тірегі» тақырыбында тағылымды рухани отырыс өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — қоғамдағы әкенің мәртебесін көтеру, отбасылық жауапкершілікті арттыру және имандылық пен ұлттық тәрбие құндылықтарын дәріптеу болды.
Рухани жиынды мешіт имамы Рауан Төлеубекұлы ұйымдастырды. Шараға ҚМДБ «Діни оңалту» бөлімінің жауапты маманы Қаюпов Ислам Маратұлы арнайы қатысып, жиналған жамағатқа насихат айтты.
«Әке – отбасының тірегі, ұлттың ұйытқысы. Әкенің өнегесі – ұрпақтың болашағына бағыт береді. Сол себепті әрбір әке өз отбасында имандылық пен ізгіліктің үлгісі болуы тиіс», – деп атап өтті кеш қонағы өз сөзінде.
Басқосу барысында қатысушылар отбасындағы әкенің тәрбиелік рөлі, ұл мен қыз тәрбиесіндегі жауапкершілік, сондай-ақ қоғамдағы рухани құндылықтардың сақталуы туралы пікір алмасты.
Шара соңында жамағат құрметіне дастархан жайылып, Құран оқылып, ел мен жердің тыныштығы мен бірлігі үшін бата жасалды.
Мешіт ұжымы алдағы уақытта да «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында отбасылық тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.