Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітінде бүгін Мәуліт мерекесі тағы бір мәрте тойланды. Іс-шараға мешіттің әйел жамағаты мен қажы апалар жиналып, Мәуліт оқып, Құран хатым жасады. Хатым дұғасын мешіт ұстазы Фархан Нұрланұлы оқып, жамағат елдің тыныштығы мен амандығы үшін дұға жасады.
Кездесу барысында Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) өнегелі өмірі мен үмметіне жасаған дұғалары туралы дәріс оқылып, қатысушыларға терең рухани ой салды. Мәуліт мерекесін ұдайы атап өтіп, жастар арасында кеңінен насихаттау жөнінде ұсыныстар айтылып, нақты міндеттер белгіленді.
Ақ дастархан басында ақжаулықты қажы апаларымыз жастарға өнеге болсын деген ниетпен өздері арнайы жазып әкелген дұғаларын бір ырғақпен оқып берді. Ырғаққа қосылған жастардың арасында көзге жас алып, Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген сағынышын білдіргендер де болды.
Мешіт имамы Нуров Махмуд Нұрұлы қажы апаларға алғысын білдіріп, олардың бойына қуат пен береке тіледі. Сондай-ақ осындай игі іс-шараларды өткізуге әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.
Мәуліт мерекесіне арналған рухани кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі