Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінің тұрақты әрі құрметті жамағаты саналатын ақ жаулықты әжелер қауымы қасиетті мәуліт айының құрметіне орай «О.Есенұлы» атындағы діни сауат ашу қайырымдылық орталығында рухани мәуліт кешін өткізді.
Екі дүние сардары, сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с) туылған қасиеттің айдың құрметіне орай құрбандық шалып, берекелі дастархан жайды.
Рухани шара мешіт имамы Сайлау Жұмағұлұлының бастамасымен және мешіт ұстазы Бақытгүл Айтқалиқызының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Мерейлі мерекеге жүзге жуық нәзікжанды жамағат қатысып, құлшылық ордасынан рухани нәр алып қайтты.
Құран аяттарын оқуымен басталған рухани шарада мешіт имамы Сайлау Жұмағұлұлы жиналған жамағатты қасиетті мерекемен құттықтап, Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір тарихынан сыр шертіп, салауат айтудың артықшылығы жайында насихат айтты.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.с) берекеті, қадір-қасиеті, тұлғалық түр сипаты тақырыптарында уағыз айтылды.
Бұдан кейін Бәрзәнжи мәулітін оқып, Республика күніне орай Құран хатым дұғасы жасалды. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем-салауаттар жолданды.
Мерекелік шара аясында әжелер қауымы «О.Есенұлы» атындағы діни сауат ашу қайырымдылық орталығында сауат ашып жатқан шәкірттерге дастархан жайды.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы