Center Image
IHSAN.KZ
Ізгілермен дос болу
Ізгілермен дос болу

Қазақта "Сен маған досыңды көрсет, мен саған кім екеніңді айтамын" деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасы, ауқымы кең. Адам баласы дүниеге келіп, буыны қатайып, оңы мен солын ажыратқанша ата-анасының тәрбиесінде болады. Одан соң айналасына, араласатын қоғамына қарай дүниеге деген көзқарасы, түсінігі өзгере бастайды. Осы кезеңде балаңыздың кіммен жүргеніне, бос уақытын қалай өткізетініне көп көңіл бөлген жөн. Балалық, жастық қой, бәрі уақыт өте кетеді деп ойлағанымен, сол кезеңдегі қалыптасқан болмыс өзгеріссіз қалуы әбден мүмкін.

Неге адамның кіммен дос болуы соншалықты маңызды? Жалпы "дос" деген қандай адам? Дос - алдымен саған бағыт берер жан. Оның айтқан ақылы, кеңесі өміріңде таңдау жасауға өз ықпалын тигізеді. Одан кейін оның өмірлік қағидасы, ұстанымы саған да әсер етеді. Оның баратын жеріне, ұнататын нәрсесіне сенің де қызығушылығын оянуы заңдылық. Осы үшін де адам дұрыс дос таңдай алуы қажет.

Дұрыс достың сипаты қандай? Ол туралы Пайғамбарымыз (с.а.с) өз хадисінде былай келтіреді: «Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан кезде хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан кезде сасық иісті сезесің». Сондай-ақ, Алланың разылығын ойлап дос болған адамдар тек бұл жалғанда емес, мәңгілік өмірде де достықтарының пайдасын көреді. Бұл жайлы «Зухруф» сүресі, 67-аятында Алла Тағала былай дейді: «Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады». Яғни, адамның тақуа, шынайы досы оны өте қиын, сұрауы көп күнде де тастамайтынын байқаймыз.

Достың адам өміріне қалай әсер ететінін ғұлама Жалаладдин Руми бір сөзбен былай деген екен:"Кіммен жүргеніңе, кіммен дос болғаныңа мұқият бол. Өйткені бұлбұл гүлге, қарға қоқысқа жетелейді".

Сол себепті,қадірлі бауырлар, достың көптігімен, беделімен,материалдық жағдайымен мақтанбайық. Асылында, бізге оның шариғи шеңберде айтылған ақылы, ізгілердің жолымен жүретін өнегелі өмірі, дінге деген беріктігі әсер етеді. Сондықтан қазір жақын санап жүрген досыңыздың сізге, түсінігіңізге қалай әсер етіп жатқанын бір сәт ойланып қараңыз. Алла достығымызды екі дүниеге де пайдасын тигізер достықтан етсін. Әмин!

Саран қалалық мешітінің бас имамы Саликов Мұхаммедқали қажы Сапарғалиұлы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz