Қасиетті Құран Кәрімде: «Біз сендерді қорқыныш, аштық, дүние-мүліктеріңді кеміту арқылы сынаймыз»-делінген.
Өмір болған соң адамның басына әр түрлі іс түседі. Дертке шалдығуы, қайғылы оқиғаға тап болуы, қарызға батуы мүмкін және т.б. Осындай кездері Алла елшісінің мына сөздерін естен шығармау қажет: «Шынында үлкен қиындықтан үлкен сауап бар. Осындай қиын сәтте разылық танытатын адам Алланың разылығына ие болады. Разылық танытпаған адам Алланың разылығына ие болмайды»-деген.
Ахмад мынадай хадисті жеткізген: «Бәрінен бұрын Пайғамбарлар, содан кейін жақсылық жасаушылар, содан кейін соған ұқсайтындар көп сыналады».
Сынақтың адамға пайдасы:
- Күнәлар кешіріледі;
- Адамның о дүниеде Алла Тағаланың алдындағы дәрежесі өседі;
- Алланың алдындағы парыздарын дұрыс атқармағандығын түсініп, осы үшін өзін жазғырады;
- Алланың алдында дәрменсіз екенін біледі, өкінеді, тәубесіне келеді;
- Адамның Жаратушымен байланысы күшейеді;
- Бақытсыз, бейшара адамдарды есіне алып, олардың қиындығын түсінеді;
- Алланың жазғанына сенімі күшейіп, жақсылықтың да, жамандықтың да Алладан екенін түсінеді;
- Дүниенің жалғандығын түсініп, мәңгілік өмірді есіне алады.
Басына қиындық түскен адамдар үш санатқа бөлінеді:
- Жақсылықтан құр қалушылар – бұл басына түскен әр қиындықты ашумен қарсы алып, Алла Тағалаға разылық танытпайтындар;
- Қиындықты сабырмен қарсы алатындар;
- Қиындықты Алла Тағаланың жазғанына разылық танытып қарсы алып, осы қиындық арқылы күнәлары кешірілетініне қуанатындар.
Сенім келтірген адам үшін әр істе қайыр бар. Алла елшісі: «Мұсылман үшін әр істе жақсылық бар. Егер оған қуаныш келсе разылық танытады және бұл үшін оған жақсылық бар. Егер қиындық түссе сабырлылық танытады және бұл үшін оған жақсылық бар»-деген. Адам қиындықта ашуланып, Алла Тағаланың жазғанына риза болмай, тағдырына налып жатса күнәсін, жағдайын одан сайын ауырлатқаны. Пайғамбарымыз: «Шынында сабыр қиындықтың алғашқы сәтінде көрінеді»-деген. Ал біз көбінесе керісінше жасаймыз. Алдымен ашуланып, іштегі бар ашу-ызамызды шығарып, балағат сөзімізді айтып, кәрімізді төгіп, адамдарды ренжітіп болғаннан кейін өкініп тәубемізге келіп жатамыз.
Қиындыққа тап болған адамға не істеу қажет?
- Барлық істің Алла Тағаланың қалауымен болатынын түсіну және сабыр қылу;
- Шариғат талаптарын ұстанып, Алла тағаланың қалауына бойұсыну;
- Алла Тағаладан кешірім сұрап, тәубесіне келу, үміт ету қажет.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қиямет күнінде қиындық көрмеген адамдар басына қиындық түскен адамдардың алып жатқан сауабын көріп, осы өмірде тәндерін қайшылағанын қалайды»-деген.
Ендеше Алланың қалауына қарсы келмей, бойұсынып, әр істе сабырлылық танытайық!
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова